Қазақстан Екатерина Биволды экстрадициялауға дайын
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бұрынғы танымал боксшының жұбайы Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және оның халықаралық іздеуде жүргенін еске салды.
ІІМ орынбасары Марат Әділовтің айтуынша, тергеу жалғасуда және қазақстандық тарап Ресей полициясымен тұрақты байланыста жұмыс істеп жатыр.
«Тергеу жалғасып жатыр. Біз Ресей полициясымен байланыстамыз. Егер ол ұсталған жағдайда, Бас прокуратура арқылы экстрадициялау мәселесін көтереміз», - деді Әділов.
Журналистердің «Егер күдікті Ресей азаматы болса, оны экстрадициялауға бола ма?» деген сұрағына ІІМ өкілі былай деп жауап берді:
«Ұсталған жағдайда біз бұл мәселені Бас прокуратура алдында қоямыз».
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ресейлік танымал боксшы, WBA нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға іздеу жариялады.
ІІМ мәліметінше, Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғалған және оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», - деп хабарлады министрлік.
Даудың басы – әлеуметтік желідегі видео
Екатерина Бивол әлеуметтік желілерде жарияланған бейнероликтен кейін ұлттар мен этностарға қатысты қорлайтын сөздер айтқаны үшін сынға ұшыраған болатын. Өткен аптада Қырғызстан соты оның үстінен ұлтаралық араздық қоздыру бабы бойынша іс қозғап, қамауға алу туралы ордер шығарған.
Отбасылық жанжал мен ажырасу
Дмитрий және Екатерина Биволдар 2007 жылдан бері бірге болып, 2014 жылы ресми некеге тұрған. Олардың ортақ ұлы бар.
Алайда 2023 жылдың жазында 16 жылдық некеден кейін жұп ажырасып, бұл оқиға үлкен қоғамдық дау тудырды. Екатерина бұрынғы күйеуін зорлық-зомбылық, опасыздық және қаржылық алаяқтықта айыптаса, Дмитрий оны агрессивті және арандатушылық әрекеттер жасады деп мәлімдеген.