Қазақстан енді 20 миллион адам үшін жауапты

Мемлекеттің ең бірінші байлығы – адам! Ата заңның 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.
Бұл сөз әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына, керек десеңіз, мақтанышына айналуы тиіс. Эмерсон «Әлемнің конституциясы» дегенде – Құдай әрбір адамға жеке таңдау, құқық, бостандық берді дегенді меңзеді. Бұл сөз әрбір америкалықтың ұлттық қағидасына айналды. Конституцияларын Інжілден кейінгі қасиетті кітап деп біледі. Бүкіл әлем АҚШ-тағы азамат соғысынан кейін бұл ұстанымның қаншалықты жеміс беретінін бақылаумен болды. Ал американдықтар жаһандағы ең үздік басқару жүйесін құрамыз деп жанталасты және конституцияларын ең жақсы басқару формасын сақтауға мүмкіндік беріп тұрған күшті заң деп мақтанады.
Біздің де ең қымбат қазынамыз – «адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екен. Олай болғанда тек қарапайым қазақстандықтар ғана емес, мемлекеттің басқарушылары да ең алдымен осы тармақты барлық заңнан биік, үстем санауы керек. Махаббат тек бір жақты, жауапсыз болса – зая.
Біреудің өміріне, құқығына, бостандығына қараптан-қарап қол сұғуға, нақақ қауіп төндіруге болмайды. Әдеттегі айтылып, жазылып жүрген сөздер. Неге осы сөзге қайырыла соғып отырмыз. Себебі ең алдымен адамның қымбат қазына екенін толық сезіне алмай жатырмыз. 2023 жылдың ең жақсы жаңалығы – мемлекетіміздің 20 миллионшы азаматы дүние есігін ашты. Елімізде тек адам саны артып қойған жоқ. Сол сәбимен қазынамыз да толықты. Неге әр адам қымбат қазына? Себебі адам – мүмкіндік.
Бірақ жыл соңында өткенге салауат айта отырып, назар салсақ, елімізде қайғылы жағдай аз болмапты. Ең алғаш қаралы күн жарияланған оқиға – Семейдегі орман өрті.

2023 жылдың 8 маусымында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында» өрт шығып, 60 мың гектар орман қоры күлге айналды. Енді оның қалпына келуіне 100 жыл керек деді мамандар. Резерваттың Новошульбинск филиалының 15 қызметкері қаза болды. 12 маусымда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланып, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылды.
Өртті табиғи апат десек те, ай мен күннің аманында 15 адамның қайтыс болуы – үлкен жоғалту еді. Әр адамның артында отбасы, отбасы мүшелері тұрғанын ескерсек, қайғы тіпті ауырлай түседі. Ал бұл қазалардың себебі ресми органдар тарапынан: «өрт кезінде «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өздеріне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген» деп түсіндірілді. Басшылықтағы адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бұл ең алдымен адам өміріне қауіп төндіретін жағдай екенін ескермегендіктен еді. Басын өлімге тігіп, жалаң қолмен тілсіз жауға қарсы шапқан қызметкерлердің бас амандығы ең алдыңғы орында тұруға тиіс еді. Әрбірден соң өрт сөндіру қызметінің де орманды шарпыған жалынды дер шағында ауыздықтауға шамалары жетпей жатты. Содан сәл бұрын ғана экс-министр Зүльфия Сүлейменова Шығыс өңіріне барып, оқу-жаттығу жиынын өткізіп, бәріне сақадай саймыз деп кеткен. Әрбір қателіктің артында адам, адам өмірі тұрғанын әсте ұмытуға болмайды.

Тамыз айында Алматыдағы «Ақкент» ықшым ауданында бір емес, үш рет өрт болды. Оның біреуі ел-жұртты дабыраға салған, үлкен оқиғаға айналды. 31 адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болды. Адамдар қалың түтіннен жүре алмай, терезеден секіріп жатты. Тіпті бір ананың баласын терезеден лақтырған видеосы да тарады. Әрине, төменде матрас ұстап, тосып тұрған адамдар болды. Өмір үшін жанталасқан дәрменсіздіктен барған шетін әрекетке жүрегіңіз шымырламай тұра алмайды. Өмір мен ұрпақ – қымбат. Осы жылдың есте қалған бір көрінісі осы болатын.
Бұл оқиғадан соң да қылмыстық іс қозғалды. Қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Бірақ адам қымбат қазына болған елде қауіпсіздік шарасын сақтамағаны үшін іс қозғаудан бұрын үйді қолдануға бергенде бар қауіпсіздігі тексерілмейтін бе еді? Әлде біз бірдеңеден қателесеміз бе? Бұндай оқиға жер-жерде жиі болады. Кейбіреуіне көпшіліктің назары аумайды. Кейде ет үйреніп кеткендіктен, әдепкі бір жағдай ретінде де қарай салатынды шығардық. Бұл Ата заңымыздағы бірінші бапқа мүлде қарсы келетін, қалыптасып қалған түсінігіміз. Неге солай болды екен?..
Бір кездері экс-президент Назарбаев: «екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра» деген болатын. Қазан айында Аягөздегі жеке үйдің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың мәйітін үйінді арасынан алып шықты. Әкелері жедел жәрдем жүргізушісі болып істейтін, аналары үй шаруасындағы адам еді. Екі сиырлары бар болатын. Соның сүтін сатуға базарға кеткенде, үйден өрт шығып, перзенттері жалын құшағында қалды. Екі сиыр бағып, бала асыраймын деп, перзенттерінен айырылды. Зар жылаған ата-ана екі сиырмен қалды. Бала жоқ.

Қарағандыдағы Костенко шахтасын – Өлім шахтасы деп атадық. Бұл апат 46 адамның өмірін қиды. 2023 жылы екінші рет аза тұту күні жарияланды. Механикалық ұшқынның себебінен газ өртенгеннен кейін өрт шығып, соңы жарылысқа ұласқан деген ресми ақпарат шықты. 46 адамның сүйегі бір күнде табылған жоқ. Күнбе-күн толығып отырды. Кейбіреуінің мәйіті бөлшектеніп кеткен. Жергілікті тұрғындар сол күні кеншілердің жұмысқа шыққылары келмегенін, қауіпті екенін айтқанын еңіреп тұрып еске алды. Бірақ адам өмірінен гөрі көмір өндіруді маңызды санаған басшылар қоймай шахтаға түсірген. Салдары – 46 адамның өмірі. Міне, біздің ең қымбат қазынамызға деген қарым-қатынасымыз. Кейін қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін жеті адам ұсталды. Бірақ «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап». Ылғи да осылай...
2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуаныш Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқан оқиға тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын өршітіп жіберді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты оқиғаны қатаң бақылауға алуға тапсырды. Ал күні кеше Қуаныш Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев «журналистердің кесірінен ұлыма адам өлтірді деген айып тағылды» деп ішкі істер министрлігіне арыз жазды. Оның пікірінше тергеуші БАҚ өкілдерінің қысымына шыдамаған. Ал Салтанат Нүкенованың отбасы ешқандай кешірім болмайтынын баса айтып, қатаң позиция ұстанып отыр. Олардың пікірінше, Қуандық Бишімбаев өмір бойы бас бостандығынан айырылуы тиіс. Уәлихан Бишімбаев ұлын осы уақытқа дейін қорғап, қолдап келгенін алдында да жазған едік. Енді, тіпті тергеуші қоғамдық пікірден қорқып, «адам өлтірді деген айып тақты» деп дабыл қағуының өзі тағы бір күдікті ойларға жетелейтіні рас. Біреуді табаламайсың. Бірақ заң алдында қандай үстем адам болса да, тізе бүккені жөн емес пе?

Қараша айының соңында Алматыда хостелдердің бірінен өрт шығып, 13 адам қайтыс болды. Тоғызы өзіміздің азаматтар, төртеуі шетелдіктер. Олардың ішінде жұмыс істеу үшін Алматыға келген бозбалалар да бар. Бұл оқиға еліміздегі жоғары оқу орындарының жатақхана мәселесі өзекті екенін де көрсетті. «Жас Алаш» бетінде жатақханаға қатысты дүркін-дүркін сараптама материалдары жарияланды. Бір қызығы – ешқандай оқу орнында бұл мәселе жоқтай, ЖОО басшылары жұмған ауыздарын ашқан жоқ. Ал әлеуметтік жағдаймен күнкөріс үшін жастайынан ауыр еңбекке жегіліп жүрген жастардың өмірі тағы да көлеңкеде қалып қойғандай әсер қалдырды.
Өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған Қазақстанға бұл оқиғалардың барлығы дерлік жанына батады деп ойлаймыз. Жеке үйлердің өртеніп, сәбилердің қайтыс болуы бір ғана Аягөзде болған оқиға емес. Павлодарда, Таразда, Шымкентте де осы тақылеттес оқиғалар болып жатты. Және биыл ғана емес, бұрнағы жылдарда осыған ұқсас жағдайлар болған. Біз ештеңеден сабақ алмаймыз ғой. Бір емес, екі әскери қойманың бірінен соң бірі жарылғанын да сан-саққа жүгірткенімізбен, сол үшін де жауапты адамдар жаза тартып отыр. Демек, кінә, қателік бар. Біреуді жазалаудан қателік түзелер болса, ол ең оңай, әрі бәрі жүгінетін төте жол болар еді. Бірақ олай емес. Мәселе осындай оқиғаларды қалай болдырмауға болады? Отыз жылда әлеуметтік, экономикалық аймағымызға қойылған миналар аз емес екені түсінікті. Енді оларды жазатайым басып кетпей, жеке-жеке залалсыздандыру деген өте күрделі, машақатты жұмыс тұрған жоқ па? Ендігі біздің бас қатырарымыз осы болуға тиіс.

Жуырда ғана Алматыда автобус жүргізушісімен жолаушының арасында кикілжің болып, әйел жүргізушіні ер адам ұрып, салдарынан автобус жол жиегіндегі адамдарды соғып, үш адам қайтыс болды. Жүріп бара жатқан көліктің жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Мәселе бұда да емес. Үлкен қалада бұндай кикілжің сағат сайын-ақ болып жататын шығар. Әйел адамға қол көтергенінің өзі қылмыс болса да, дәл қазір ысыра тұруға болады. Қаншама адамды алып келе жатқан автобустың жүргізушісіне шабуыл жасау – адамдардың өмірін қауіпке тігу екенін түсінбеген бейбақтың титтей де адамгершілік қағидасының жоқтығында. Моральдық құндылықтардың аяққа тапталып, ешқандай бағасының қалмағынында.
Адам – қауіпті құбылыс. Адам – қымбат қазына. 20 миллион азаматтың ішінде қауіпті құбылыс көп пе, қымбат қазына көп пе? Осыған алаңдайтын уақыт келді.
Бағашар Тұрсынбайұлы