Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:12

Қазақстан Газаны қалпына келтіруге қалай көмектеспек?

Тоқаев пен Трамп
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қ.Тоқаев Вашингтонда Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өткен Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында сөз сөйледі.  

Саммитке қатысушыларды құттықтай отырып, Мемлекет басшысы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін АҚШ президенті Дональд Трампқа алғыс білдіріп, қазіргі кезең берік бейбітшілік орнату үшін «батыл әрі прагматикалық қадамдарды» талап ететінін атап өтті.

Тоқаев Бейбітшілік кеңесі жаңа шынайылыққа сай келетінін және қолданыстағы көпжақты күш-жігерді нығайта алатынын айтты. Оның сөзінше, «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» тұжырымдамасы — бұрын-соңды болмаған бастама және бірлескен жұмыс нәтижесінде жүзеге асуы мүмкін.

Президент Қазақстанның Газаны тұрақтандыру мен қалпына келтіру ісіне қосылуға дайын екенін ерекше атап өтті. Ол еліміздің халықаралық беделі мен тәжірибесі дәлелденген компаниялар арқылы қалпына келтіру жобаларына қатысуға мүдделі екенін жеткізді. Бұл — инфрақұрылым, тұрғын үй, мектептер мен ауруханалар салу бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар, Қазақстан бидай өндіруші ірі мемлекеттердің бірі ретінде Газа мен одан тыс аймақтарда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге әзір.

Бұдан бөлек, Тоқаев алдағы бес жыл ішінде палестиналық студенттерге Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу үшін 500-ден астам білім грантын бөлуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ еліміз электронды үкімет пен цифрлық шешімдер саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Практикалық үлес ретінде Президент далалық госпитальмен жабдықталған медициналық бөлімшелерді және Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберу мүмкіндігін атады.

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстың тұрақты дамуы бейбітшілікті ілгерілетуге және сенімді нығайтуға бағытталған жаңа тетіктерді қажет ететінін айтты. Осы тұрғыда Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдағанын хабарлап, олардың қағидаттары Бейбітшілік кеңесінің миссиясымен үндесетінін атап өтті.

Кеңестің жаһандық күн тәртібін ескере отырып, Тоқаев Қазақстан әртүрлі деңгейдегі және форматтағы кездесулерді өз аумағында қабылдай отырып, практикалық қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Сөз соңында Президент Бейбітшілік кеңесінің аясында президент Трамптың атындағы арнайы сыйлық тағайындауды ұсынды — «бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі жетістіктерін мойындау белгісі ретінде».