Қазақстан мен Армения қандай келісімдерге келді?
Қазақстан мен Армения әуе жүк тасымалдарын іске қосу туралы келісімге келді. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьер-министрі Николь Пашинянмен келіссөздерден кейінгі брифингте мәлімдеді.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса мән берді. Нақты келісімдер жасалды:
- Өзара сауда көлемін арттыру;
- Тауар номенклатурасын кеңейту;
- Қазақстанның армян нарығына 350 млн доллар көлемінде өнім ұсынуы;
- Армения экспортының әлеуетін қолдау;
- Инвестициялық жобаларды іске асыру.
Екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды күшейту үшін «Қазақстан-Армения» іскерлік кеңесі құрылды.
Тараптар өнеркәсіп, транспорт және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және құрылыс салаларында серіктестікті күшейтуге келісті.
Тоқаевтың айтуынша, Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси жағдай өңіраралық және екіжақты байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақстан «TRIPP – Халықаралық бейбітшілік және өркендеу маршруты» жобасына қатысуға қызығушылық танытты.
Әзербайжан шектеулерді алып тастағаннан кейін қараша айында Қазақстан Арменияға 1000 тонна бидай жеткізді.
Қазақстан мен Армения тікелей авиарейстер ашу, әуе жүк тасымалдарын ұйымдастыру туралы да келісімге келді.
Екі ел ЖИ, жоғары технологиялар және цифрлық шешімдер саласында тәжірибе алмасады.
2026 жылы Астана қаласында Alem.ai базасында Арменияның TUMO Astana Халықаралық білім беру орталығы ашылады.
15 құжатқа қол қойылды
Келіссөздер нәтижесінде екі ел арасында 15 маңызды құжат қабылданды, соның ішінде:
- Құпия ақпаратты беру және қорғау туралы үкіметаралық келісім;
- Дипломатиялық өкілдік ғимараттарына жер телімдерін өзара ұсыну;
- 2026-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы;
- Өнеркәсіп және құрылыс, жоғары технологиялар, ауыл шаруашылығы салалары бойынша меморандумдар;
- Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісім;
- Ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.