«Қазақстан мен Ресей арасында даулы мәселе жоқ»
Сәрсенбі күні Астана әуежайына Ресей президенті Владимир Путиннің «ИЛ-96-300» ұшағы қонды. Мейманды қарсы алуға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барды. Кремль басшысын салтанатты қарсы алғаннан кейін екіжақты келіссөздер өтті. Содан кейін екі мемлекет басшылары ҰҚШҰ-ның саммитіне қатысты.
Путин тоғыз жылдан кейін Қазақстанға мемлекеттік сапармен алғаш рет келіп отыр. Дипломатия тілінде мемлекеттік сапар ең жоғары және ресми сапар түріне жатады. Әрі президент өзінің өкілеттік мерзімінде қай ел болсын бір мәрте ғана осылай бара алады. Соңғы рет Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен 2015 жылы келген екен.
Қазақстан тарапы Путинді бүкіл салтанатпен қарсы алды. «ИЛ-96-300» ұшағы Қазақстан аймағына кіргеннен бастап әуе күштеріміздің жойғыш ұшақтары Астанаға қонғанша ілесіп ұшыпты. Путиннің борты қонар кезде Астана аспанын Ресей туының түсімен бояды. Көше бойына Ресейдің мемлекеттік туы ілінді. Әуежайдың шыға берісіне Путинге ілтипат білдірген сөз жазылды.
Айтпақшы, осы әуежайдағы текст қоғамда біраз түсініспеушілік тудырғанын айта кеткен жөн. Баннерде орыс және қазақ тілдерінде «жоғары мәртебелі» сөзі жазылған еді. Бірақ көпшілік «Ваше превосходительство» деген тіркеске назар аударыпты. Алайда көпшіліктің дипломатиялық құрметті дұрыс түсінбегені, әйтпесе, «жоғары мәртебелі» деген тіркес бұған дейін мәртебелі меймандар келгенде талай рет Астана әуежайында жазылып жүргені айтылып жатыр. Қай кездері де ілтипатты сөз қазақша және келген мейманның ана тілінде жазылатын. Оның үстіне, бұл – кез келген жоғары деңгейлі кездесулерде айтылатын тіркес.
Хош, сонымен салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Кездесуде не айтылғанын егжей-тегжейлі баяндаудың реті жоқ шығар. Онсыз да жаңалық сайттарына шығып жатыр. Бірақ журналистерге арналған брифингтегі бір сәт назарымызды аударып отыр.
Қазақстан Президенті ресейлік әріптесімен өткізген келіссөздерден кейін «Қазақстан мен Ресей арасында даулы мәселе жоқ» деп кесіп айтты. Бұған Путин де бас шұлғып келісті. Кейіннен журналистерге берген сұхбатында екі елдің қарым-қатынасына ешкім сызат түсіре алмайтынын тұспалдап жеткізді. Өздеріңізге мәлім, кейбіреулер Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы туралы түрлі пікір айтып жатады. Тіпті, ондайлар өз ішімізден де, солтүстіктегі көршімізден де шығатыны жасырын емес. Олардың сөзі қоғамда белгілі бір деңгейде наразылық туғызады. Дегенмен, Мемлекет басшысының екі ел арасында даулы мәселе жоқ екенін шегелеп айтуы һәм бұған Путиннің келісуі бәріне нүкте қоюға тиіс.
Келіссөздер кезінде Қазақстан Президенті саяси диалогтың сатылап дамып келе жатқанына назар аударды. Қазіргідей геосаяси ахуал шиеленісіп, әлем көпполярлы бола түскен шақта, шартарапта аймақтық қақтығыстар оты өршіп, гибридтік соғыстың қызып тұрған сәтінде бұл өте қажет. Себебі мемлекетті сыртқы жаудан, елді ыдыраудан, халықты қырқысудан сақтау үшін мол қажыр-қайрат керек. Әйтпесе, айрандай ұйып отырған елдің әп-сәтте асты-үстіне түсетінін тарихтан жақсы білеміз. Сол себепті Қазақстан көпжақты саясатынан айныған емес. Бүкіл мәселені диалог пен келісім арқылы шешуді дұрыс көреді.
Қазақстан Орта Азия елдерімен де, әлемнің алпауыт державаларымен де бүкіл салада ынтымақтастық пен әріптестікті сақтап отыр. Берісі Қытай мен Ресей, арысы Ұлыбритания, Еуропалық одақ пен АҚШ секілді мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік орнатылған. Президенттің сыртқы саясатқа қатысты қабылдаған кез келген шешімі ұлттық мүддені қорғауға бағытталған. Саясаттың «ішкі кухниясын» жақсы білетін, халықаралық саяси ахуалды жіті қадағалайтын сарапшылар да жиі айтып жүр.
Халқымыз «бармасаң, келмесең – жат боласың, алмасаң, бермесең – сарт боласың» дейді. Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынасы жаттыққа да, сарттыққа да келмейді. Елдің өсіп-өркендеуіне қажет бүкіл салада байланыс орнатқанбыз. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-инновациялық бағытта ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Алыс-берісіміз, өзара келісіміміз жоғары деңгейде.
Қалай дегенмен, Ресей – Қазақстанның ең ірі үш инвесторының бірі саналады әрі сауда-саттықтағы басты серіктестердің бірі. Сөзіміз дәлелді болуы үшін статистикалық деректерді сөйлетейік. Былтыр екі елдің арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Биылғы қыркүйекке дейін бұл көрсеткіш 20 миллиардқа жетіп үлгеріпті. Путинмен кездесуде Қ.Тоқаев екіжақты сауда-саттық көлемін келешекте 30 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік мол екенін мәлімдеді.
Енді, есептеп қараңыз. Былтыр Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 139,8 миллиард долларды құрады. Соның 31,5 миллиарды Қытайға тиесілі. Ресейдің еншісінде 28 миллиардтан асатынын жоғарыда айттық. Демек, сырты алыс-берісіміздің жартысына жуығы осы екі елге тиесілі.
Қазақстанға инвестиция салудан да Ресей топ басында келеді. Мәселен, Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асқан. Кейінгі екі жылда елімізге 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылыпты. Осы орайда, Ресей ғана қаражат құйып отырмағанын айта кеткен абзал. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салғаны мәлім. Қазіргі таңда солтүстіктегі көршімізге құйған инвестиция көлемі 8,5 миллиард долларға жетті.
Бұдан бөлек, Қазақстандағы шетел капиталының үлесі бар кәсіпорындардың жартысына жуығына, яғни 44 пайызына Ресей кәсіпкерлері атсалысқан. Солтүстіктегі көршіміздің қатысы бар 24 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп келеді. Олардың ел экономикасына тигізіп отырған оң ықпалын ешкім жоққа шығара алмайды.
Назар аударуға лайық келесі экономикалық бағыт – өнеркәсіптік кооперация. Бүгінге дейін жалпы сомасы 18 миллиард доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылған. Соның арқасында 22 мың жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларды құрайтын тағы да 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар іске қосылғаннан кейін тағы 20 мың жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Энергетика саласында да ынтымақтастық орнатылған. Келешекте Қазақстанның бірқатар аймағына газ жеткізу, Ресейдің энергия ресурстарын пайдаланып, оның оңтүстік және шығыс бағыттағы тасымал көлемін ұлғайту секілді жобаларды ауқымды бастама ретінде қарастыра аламыз.
Қазақстан мен Ресей арасында ғылым-білім саласында да ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 240-тан астам бірлескен ғылыми жоба, соның ішінде экология, медицина және технология саласындағы зерттеулер іске асырылып келеді. Бүгінде Ресейде 60 мыңға жуық қазақстандық білім алып жүр.
Владимир Путиннің осы жолғы мемлекеттік сапарына орайластырып, Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы өз жұмысын бастады. Бұл – қазақстандық жоғары оқу орнының Ресейдегі алғашқы өкілдігі. Сол секілді Ресейдің бірқатар университетінің филиалы Қазақстанда ашылды.
Ауызша айтуға да, қағазға жазуға да оңай болғанымен, мұндай келісім жасасу түрлі деңгейдегі екіжақты келіссөздердің нәтижесі. Бұған қоса, келіссөздер кезінде Тоқаев Ресейдің шекаралас қалаларында қазақ мектептерін ашуға қатысты пікір білдіріп, көрші елді мекендеген қандастарымыздың ана тіліне қатысты мәселені тағы бір мәрте пысықтады. Мұның бәрі екі ел арасындағы білім беру саласындағы байланыстардың нығайғанын, келешек ұрпаққа жаңа мүмкіндік туындағанын айғақтайды.
Осы сапар аясында екі мемлекет басшыларының Уфада өтіп жатқан Аймақаралық ынтымақтастық форумына онлайн қатысып, сөз сөйледі. Мұндай жиындар шекара маңында ауылы аралас, қойы қоралас жатқан тұрғындардың өзара келісімін арттырады. Кей есептеуге сүйенсек, қазіргі таңда екі елдің шекаралас аудандарында 30 миллионнан астам адам мекендейді екен. Осы форум аясында Аймақаралық және шекаралық ынтымақтастықтың үкіметаралық бағдарламасының жаңартылған нұсқасына қол қойылды.
Құдай халықтарға жер бөлгенде қазаққа әлемнің тоғызыншы территориясын сыйлапты да, қасына Ресей мен Қытайды қоңсы қондырыпты. Толағай болып тумаппыз, әйтпесе ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерді көтеріп кетер ме едік, кім білсін?! Бірақ шындық сол, әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара да Қазақстан мен Ресей арасында орналасқан.
Ұлыбританияның даңқты премьер-министрі Уинстон Черчилл «Англияның мәңгі одақтасы да, мәңгілік жауы да жоқ. Тек біздің мүддеміз ғана өзгермейді және мәңгілік» деген екен. Ғасырға жуық бұрын айтылған сөз болса да, әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазақ елі де ешкімді мәңгілік жау санамайды. Біреудің іші-бауырына кіріп, өзгермес одақтас болмайды. Халқымыздың мүддесіне сай шығып, соның аясында әрекет етеді.
«Көршің ұры болса, бір көзіңді қысып жүр» дейді халқымыз. Солтүстіктегі көршімізге үрке қарап, әр сөздің астарына үңіліп жүрген бір жағынан дұрыс та шығар. Екінші жағынан, Қазақстан бүгінде әлемнің алпауыт державаларымен тең дәрежеде сөйлесетін жағдайға жетіп отыр. Мұның бәрі осы уақытқа жүргізілген саясаттың, бейбіт сүйгіш елдің жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікке ұмтылысының жемісі.
Саясат пен дипломатияның тілі де, тәсілі де – бөлек. Ол – арнайы оқуы бар бөлек өнер. Ал тұтас халықтың санасында, азаматтық қоғамда өзгені – зор, өзімізді – қор көретін, түрлі «фобияларға» жол салатын алып-қашты сөзді доғарған жөн.
Әлихан АСАНКЕЛДІ