Қазақстан мұнай өндіру көлемін тәулігіне 82 мың баррельге қысқартады
ОПЕК+ елдері 2024 жылдың бірінші тоқсанында мұнай жеткізу көлемін тәулігіне 2,2 млн баррельге азайту туралы келісімге келді, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Сауд Арабиясы мұнай өндіруді - 1 млн, Ресей - 500 мың, қалған тараптар - 700 мың баррельге азайтуды жоспарлап отыр.
Бұл шара мұнай нарығының тұрақты жұмысын және қыс мезгіліндегі сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін қажет.
ОПЕК дерегінше, Біріккен Араб Әмірліктері мұнай өндіру көлемін - 163 мың, Кувейт - 135 мың, Қазақстан - 82 мың, Алжир - 51 мың, Оман - 42 мың, Ирак – 211 мың баррельге төмендетеді.
ОПЕК+ отырысында қабылданған шешім 2024 жылдың 1 қаңтарынан наурыздың соңына дейін күшінде болады.
Келесі жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан тәулігіне 1,468 млн баррель мұнай өндіреді.
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) 1960 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ұйымға Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Кувейт, БАӘ, Алжир, Ливия, Нигерия, Ангола, Габон, Экваторлық Гвинея, Конго және Венесуэла сынды 13 мемлекет кіріп отыр. Айта кетейік, мұнай картелінің құрамы бірнеше рет өзгерді. Мысалы Катар 2018 жылғы желтоқсанда ОПЕК-тен шықты. Себебі газ өндіруге басымдық беруді қалады.
ОПЕК-ке кірмейтін елдер 2010 жылдардың ортасында мұнай бағасы құлдыраған кезде ОПЕК+ атты жаңа мұнай картеліне бірікті. Бүгінгі таңда ОПЕК+ құрамында Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Бахрейн, Оман, Бруней, Малайзия, Мексика, Судан және Оңтүстік Судан сияқты 10 мемлекет бар. Атап көрсетерлігі, Иран, Ливия, Венесуэла елдері ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіруді азайту жөніндегі келісіміне қатыспайды.
ОПЕК+ отырысында қабылданған шешімге Африканың 2 ірі мұнай өндірушісі Нигерия мен Ангола қарсылық танытуда. Олар ОПЕК мұнай өндіру мүмкіндігін асыра бағалап отырғанын алға тартып, БАӘ де өндіріс көлемін қысқартуға құлықты емес екенін айтты.