Қазақстан музейлерінің болашағы қандай? Министр Аида Балаеваның жауабы

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі музей ісінің қазіргі ахуалы мен даму келешегі жайлы Tengrinews.kz порталына кең көлемді сұхбат берді. Министрдің айтуынша, музей – ұлттың жады мен рухани қазынасының шоғырланған орны.
Музейлер тек «көрме орны» емес
Аида Балаева музейлердің міндеті тек жәдігерлерді сақтаумен шектелмейтінін, олар ғылыми-зерттеу, консервация және реставрациялық жұмыстармен де айналысатынын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда 275 музей жұмыс істейді. 2024 жылы Мемлекет басшысының қолдауымен екі ірі мәдени нысан – Орталық мемлекеттік музей мен Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі "Ұлттық" мәртебесіне ие болды.
4,5 миллион жәдігер – ел тарихының айғағы
Мемлекет музейлерінің қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Олардың қатарында "Алтын адам", Аралтөбе сармат жауынгері, Шілікті "Алтын адамы", Талды қорымынан табылған құнды мұралар бар. Сонымен қатар, Тақсайдан табылған "алтын ханшайым", Үржарлық абыз әйел, Елеке Сазыдағы жауынгер бейнесі – әлемдік қоғамдастықтың қызығушылығын тудырып отырған артефактілер қатарында.
Қастеев музейі – Қазақстандағы бейнелеу өнерінің басты ордасы. Биыл оның құрылғанына 90 жыл. Мұнда Қазақстан, Ресей, Еуропа мен Шығыс елдерінің өнер туындылары жинақталған.
Жаңа артефактілер мен ғылыми ізденістер
Министр музейлердің жаңа жәдігерлер жинау бағытында да ауқымды жұмыс атқарып жатқанын айтты. 2011–2016 жылдары Орталық музей Санкт-Петербург, Омбы, Астрахан, Орынбор мұрағаттарымен бірлесіп ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, бұрын жарияланбаған фотосуреттер мен тарихи деректердің көшірмелерін елге жеткізді.
2024 жылы Ұлттық музей мамандары Францияға барып, Луврдегі Ходжа Ахмет Ясауи кесенесінен алынған шам туралы мәлімет жинап, «Қазақ даласының мәдени коды» жобасы аясында шетел музейлеріндегі қазақ мұрасын зерттеді.
Реставрация орталығы және итальян мамандары
Ұлттық музей базасында заманауи реставрация орталығы құрылып жатыр. Бұл орталықта итальяндық мамандар отандық реставраторларды оқытып, тәжірибе алмасуға ықпал етпек. Қимак арбасының реконструкциясы, Ясауи кесенесінің кірпіштерін қалпына келтіру, Сарайшықтан табылған құмыра мен Алтын Орда дәуірінің жәдігерлеріне қатысты жұмыстар атқарылды.
Қолжетімділік пен қызығушылық артып келеді
Балаеваның айтуынша, әр айдың үшінші жексенбісі – музейлерге кіру тегін болатын "Ашық есік күні" ретінде белгіленген. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына каникул кезінде, ардагерлерге, көпбалалы аналарға және әлеуметтік осал топтарға тегін кіруге жағдай жасалған. 2024 жылы музейлерге 6,6 миллион адам барған – бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мыңға көп.
Халықаралық көрмелер мен жобалар
2025 жылы Қазақстанда және шетелде бірнеше халықаралық көрме өтеді. Маусымда Ұлттық музейде Қытайдың Жібек мұрасына арналған көрме, Шандуньдағы Қазақстан мұрасы, "Оғыз мәдениетінің ізі" атты көшпелі көрме, сондай-ақ, Абайдың 180 жылдығына арналған "Адамзаттың Абайы" көрмесі өтеді.
Қастеев музейінде Пекин Ұлттық музейі мен Германияның Беттина қорының көрмелері, өнер майталмандарының мерейтойлық экспозициялары ұйымдастырылады. Ал Мәскеудегі Третьяков галереясында қазақстандық өнер туындылары көрмеге қойылады.
Кадр мәселесі мен білім беру
Мәдениет саласында 10 мыңнан астам студент оқып жатыр. Төрт жоғары оқу орны, төрт колледж және екі дарынды балаларға арналған мектеп-интернат жұмыс істейді. Ел бойынша 4 мың музей қызметкері бар, олардың ішінде ғылым докторлары, магистрлер мен тәжірибелі реставраторлар бар. Соңғы үш жылда жүзден астам музей қызметкері шетелде оқып келді.
Министр Күләш Байсейітова атындағы өнер университетінің толық жаңартылған ғимаратына Мемлекет басшысының өзі барып, жаңа мүмкіндіктермен танысқанын да ерекше атап өтті.
Министр Аида Балаева музей қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді:
"Бұл – үлкен жүрек пен таза ниетпен ғана таңдауға болатын абыройлы кәсіп. Мәдениетімізді сақтап, ұрпақ санасына жеткізу жолындағы еңбектеріңізге алғыс білдіремін!"