Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:30

Қазақстан өз әскерін Голан жоталарына тағы да жіберді. UNDOF миссиясы деген не?

Қазақстан әскері
Фото: Қорғаныс министрлігі

2024 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Қарулы күштерінің 139 сарбаздан тұратын екінші бейбітшілік контингенті Сириядағы Голан жоталарына аттанды. Олар БҰҰ-ның UNDOF миссиясы аясында Израиль мен Сирия арасындағы бейтарап аймақта бір жыл бойы қызмет атқарады.

UNDOF миссиясы деген не?

UNDOF – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бақылау күштері (United Nations Disengagement Observer Force) 1974 жылы құрылып, Сирия мен Израиль арасындағы әскери қақтығысты бақылау және бейбітшілікті сақтау мақсатында жұмыс істейді.

Негізгі міндеттері:
– Қарулы күштерді ажырату аймағында бейбіт тәртіпті бақылау;
– Аумаққа ауыр қару-жарақтың өтіп кетпеуін қадағалау;
– Тұрақты патруль және бақылау пункттерін күшейту;
– Қарсы тараптар арасындағы атысты тоқтату шарттарының орындалуын бақылау.

UNDOF күштері әскери жанжалдарға араласпайды, тек бейтарап мәртебеде қызмет етеді.

2024 жылғы наурызда Қазақстан алғаш рет БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына 139 сарбаз және 26 техникамен қатысты. Бір жыл бойғы қызметтен кейін 12 сәуірде бірінші контингент елге оралды. Сол күні Дамаскке жаңа ротация – екінші ұлттық контингент ұшып келді. Қазақстан – бұл миссияға дербес контингент жіберіп отырған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет.

 Контингент қалай жасақталады?

Құрам – 139 әскери қызметкер, оның ішінде 2 әйел бар. Жіберілетін сарбаздар ерікті түрде, психологиялық және физикалық іріктеуден өтіп, 6 ай бойы дайындықтан өтеді. Дайындық құрамына:

– БҰҰ стандарттарына сай бейбітшілік операциялары;
– Медициналық көмек көрсету;
– Азаматтық тұрғындарды қорғау;
– Инженерлік жаттығулар;
– Интенсивті ағылшын тілі курстары кіреді.

Қазақстан әскері
Фото: Kazcent

Қаржылық аспектісі қандай?

Қазақстан бұл миссия арқылы жылына шамамен 5 млн АҚШ доллары алады:

 2,4 млн – әскери қызметкерлердің еңбекақысы;
 2,6 млн – техника мен қару-жарақ жалдау төлемі.

Сарбаздар миссия аясындағы әр ай үшін үш айлық жалақы көлемінде өтемақы алады. Сонымен қатар, БҰҰ тарапынан әр сарбазға ай сайын $1448 төленеді. Егер миссия кезінде сарбаз қайтыс болса немесе жарақат алып, мүгедек болып қалса, 60 айлық еңбекақы көлемінде өтемақы, немесе $77 000 көлемінде қаржылай төлем қарастырылған.

Миссия нәтижесінде жеке құрам БҰҰ басшылығы мен миссия жетекшілігі тарапынан арнайы марапаттармен бағаланды.

Қазіргі таңда Қазақстанның БҰҰ миссияларында 158 әскери қызметкері қызмет атқаруда. Оның 139-ы – Голан жоталарында, қалғандары – Африка мен Таяу Шығыста. Парламент қабылдаған заңға сәйкес, Қазақстан алдағы уақытта бір мезетте 430 сарбазға дейін БҰҰ миссияларына жіберуге құқылы.