Қазақстан Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі позициясын нашарлатты
Қазақстан жаһандық Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі (СЖҚИ) көрсеткішін төмендетті.
Бұл туралы Transparency International Kazakhstan мәлімдеді.
Бүгін, 10 ақпанда Transparency International 2025 жылға арналған Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін жариялады. Рейтинг 182 ел мен аумақты қамтиды және мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты сарапшылар мен бизнес өкілдерінің бағалауы негізінде 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшейді. Индекс елдер арасындағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін салыстыруға арналған негізгі халықаралық құрал болып саналады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 100 балдың 38-ін жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға тұрақтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі баллға төмен. Салыстыру үшін: 2024 жылғы индексте Қазақстан 40 балл жинап, 180 елдің ішінде 88-орын алған еді.
Қазақстанмен бірдей 38 баллды Эфиопия мен Суринам жинады. 37 баллмен Колумбия, Доминикан Республикасы, Гамбия, Лесото және Замбия төменде тұр. Ал 39 балл жинаған Мальдив аралдары, Марокко және Тунис Қазақстаннан бір саты жоғары орналасты.
Қордың түсіндіруінше, индекс мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін сарапшылар мен бизнес қауымдастығының бағаларына сүйене отырып анықтайды; қарапайым азаматтардың пікірі есепке алынбайды. Индекс 13 тәуелсіз дереккөзді пайдаланады және 0 (өте жоғары жемқорлық)-ден 100-ге (өте төмен) дейінгі шкаланы қолданады. 2025 жылы Қазақстанның рейтингі жемқорлықтың әртүрлі қырларын бағалайтын тоғыз дереккөз негізінде есептелді. Ең төмен бағалар демократиялық институттар мен тәуелсіз тежемелерге қатысты индикаторлар бойынша (басқару, сайлау, азаматтық қоғам, тәуелсіз БАҚ, сот тәуелсіздігі) тіркелген. Ал бизнес үшін тәуекелдер мен жағдайларға қатысты көрсеткіштер салыстырмалы түрде жоғары болды.
Ұйым рейтингтегі орыннан гөрі жинаған баллдың маңызды екенін атап өтті.
«50 балдан төмен нәтиже көрсеткен елдер жоғары деңгейде жемқор деп саналады. Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда бұл межеден тек Грузия (50 балл) ғана өтті. Қазақстанды (38 балл) көршілерімен салыстырсақ: Өзбекстан — 31 балл (124-орын), Қырғызстан — 26 балл (142-орын), Ресей — 22 балл (157-орын), Түрікменстан — 17 балл (167-орын). Аймақтың орташа көрсеткіші — 34 балл. 19 елдің алтауы көрсеткішін нашарлатты, жетеуі ғана жақсартты. Бұл реформалардың тоқырауын және институттардың әлсіздігін көрсетеді», — делінген хабарламада.
Transparency International Kazakhstan сондай-ақ Қазақстанда азаматтық қоғамға қысымның күшейіп келе жатқанын атап өтті: ҮЕҰ-ға реттеуші жүктеме артуда, «шетелдік агенттер» логикасына ұқсас нормалар талқылануда. Бұл қоғамдық ұйымдардың жұмысын әлсіретіп, азаматтық кеңістікті тарылтады.