Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:42

Қазақстан Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ұстанымы өзгерген жоқ

Қазақстан Иран
Фото: gov.kz

Кейінгі кезде Таяу Шығыста жағдай ушығып тұр. Қарулы қақтығыс Иран мен Израиль территориясынан шығып, көрші мемлекеттер аумағын шарпып отыр.

 Иран АҚШ-тың әскери базасы орналасқан бірнеше араб мемлекетіне соққы жасады. Әлем жұрты қақтығыстың көлемі ұлғайып, өзге елдерге әсер ете ме деп қауіптеніп отыр. Қазақстан ұрысқа қатысып жатқан тараптарды бейбітшілікке шақырып, мәселені келіссөз арқылы шешуді ұсынып отыр. Сондай-ақ қақтығыс аймағында қалып қалған ел азаматтарын қайтарып алуға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр.

Жақында Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Таяу Шығыста қалыптасқан ахуалға байланысты бірнеше мемлекеттің сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында өңірдегі қауіпсіздік мәселелері, екіжақты ынтымақтастық және Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі талқыланды.

Қазақстанның бас дипломаты алдымен Израиль мемлекетінің сыртқы істер министрі Гидеон Саармен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері сөз болды.

Ермек Көшербаев израильдік әріптесінен Израиль аумағында жүрген Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдем көрсетуді сұрады. Ол бұл мәселе еліміз үшін басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде Гидеон Саар Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын елден шығару мәселесін шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын айтып, бұл жағдайды жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Сондай-ақ Ермек Көшербаев Кувейт мемлекетінің сыртқы істер министрі шейх Жаррах Жабер әл-Ахмад Ас-Сабахпен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде пікір алмасты.

Көшербаев өңірдегі әскери шиеленістің күшеюіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Ол барлық қайшылықты халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес дипломатиялық жолмен реттеудің маңыздылығын атап өтті. Келіссөз қорытындысында екі елдің сыртқы саясатқа жауапты мекемелері екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға уәделесті.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Мысыр Араб Республикасының сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі мысырлықтар жөніндегі министрі Бадр Әбделатымен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Таяу Шығыста қалыптасқан күрделі жағдайды талқылап, шиеленісті бәсеңдетудің және барлық даулы мәселелерді саяси-дипломатиялық жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті.

Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны дамыту мәселелері де қарастырылды. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Бадр Әбделаты өз кезегінде Мысырдың шетелдік туристер үшін қауіпсіз ел болып қала беретінін айтып, ел билігі бұл бағытта қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ тараптар жоғары және биік деңгейдегі сапарлар алмасуды жандандыруға және екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты диалогты жалғастыруға келісті.

Осылайша Қазақстан Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға байланысты өңір елдерімен дипломатиялық байланыстарды күшейтіп, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын тағы бір мәрте білдірді.

Еламан Өмірхан

Тегтер: