Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:10

Қазақстан жерін шетелдіктерге сату туралы ақпарат жоққа шығарылды

Заң және тәртіп
Фото: gov.kz

Қазақстанда шетелдіктерге жер сату туралы тыйым алынып тасталды деген жалған ақпарат ресми түрде жоққа шығарылды.

 Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

Дезинформацияға қарсы күрес орталығының мәлімдеуінше, жаңа Конституция жобасының мәтінінде шетел азаматтарына жер сату туралы тыйымды алып тастау жөнінде ешқандай норма жоқ. Тарап жатқан ақпарат — фактілердің бұрмаланған нұсқасы.

Орталықтың түсіндіруінше, қолданыстағы Конституцияның 6-бабы 3-тармағындағы «жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстар» туралы тұжырым жаңа Конституция жобасында да сол күйінде сақталған және еш өзгеріске ұшырамаған.

Сонымен қатар Конституциялық реформа жөніндегі комиссия бұл нормалар өзгеріссіз қалуы тиіс екенін растаған. Егер бұрын мемлекеттің тұтастығы мен унитарлығы туралы ережелер Конституцияның қорытынды және өтпелі бөлімдерінде көрсетілсе, жаңа Конституция жобасында бұл қағидаттар бастапқы тарауларда — конституциялық құрылымның негіздерінде бекітілген. Бұл аумақтық тұтастық пен мемлекеттің іргелі қағидаттарының мызғымастығына берілетін құқықтық кепілдікті айтарлықтай күшейтеді.

Жаңа Конституция жобасындағы негізгі нормалар

2026 жылғы 31 қаңтардағы Конституция жобасының 2-бабы:

2-тармақ: Қазақстан Республикасының егемендігі оның бүкіл аумағына таралады. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді.

6-тармақ: Қазақстан Республикасының егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгермейді.

Осылайша, жерді шетелдіктерге сатуға тыйым алынды деген мәлімдемелердің ешқандай құқықтық негізі жоқ және қоғамды жаңылыстыруға бағытталған.