Қазақстанда АЭС-ке қарсы белсенділердің жазасы жеңілдетілді
Сот екі жарым жыл шектеу жазасын қалдырды, бірақ ақтау туралы өтінішті қабылдамады.
Алматы қалалық апелляциялық соты АЭС құрылысына қарсы шыққан бес белсендінің жазасын жеңілдетті. Алғашқы инстанцияның шешімімен олар төрт жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген еді. Енді олардың мерзімі екі жарым жылға қысқартылды.
Алайда сот ақтау туралы өтінішті қанағаттандырмады. Белсенділер мен олардың қорғаушылары бұл істі саяси астары бар қудалау деп бағалап, толық ақтауды сұраған болатын.
Айта кетейік, 2024 жылғы 29 қыркүйекте Алматыда АЭС құрылысына қарсы шыққан 12 белсенді ұсталған болатын. Солардың жетеуі — Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аққузова, Жеңіс Мақсутова, Рақыш Токманбет, Азат Төлеухан және Ерболат Аубакиров — кейін үйқамақ пен қолхатпен босатылды. Ал қалған бесеуі екі айға қамалып, кейіннен қамау мерзімдері бірнеше рет ұзартылды.
Негізгі сот отырысы 2025 жылғы 10 шілдеде басталды. Полицейлер белсенділерді «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды» деп айыптап, олардың чаттарында митингке шақыру, қаражат жинау және «билікке қарсы күрес» туралы үндеулер болғанын мәлімдеді.
Алайда сотта тәуелсіз сарапшы Абай Қайыржанов, адвокаттар өтініші бойынша шақыртылып, белсенділердің әрекеттерінде тәртіпсіздік ұйымдастыру немесе экстремистік идеялар жоқ екенін, қаражат жинау да жүргізілмегенін айтты.
Бұл іске Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы да назар аударған.
Ұйым өз есебінде 2024 жылдың қазан айында АЭС құрылысына қарсы бейбіт акция өткізуге дайындалған 12 белсендінің ұсталғанын жазған. Полиция оларды “жаппай тәртіпсіздікке дайындалды” деп айыптаған.
Amnesty бұл жағдайды биліктің бейбіт наразылық білдіру құқығын шектеу мысалы ретінде бағалаған.