Қазақстанда алаяқтық фабрикасы әшкере болды

ІІМ Киберқылмыспен күрес департаменті Қазақстанда интернет-алаяқтардың астыртын желісінің жойылғаны туралы хабарлады.
Операцияны Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберполиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Өскемен қаласының прокуратурасымен бірлесіп жүргізген.
"Үш мекенжайда ұялы байланыс операторларының 489 сим-картасы орнатылған 22 SIM-box құрылғысы тәркіленді. Сондай-ақ 452 USB интернет-модемі, 13 компьютер, 4 роутер және бір ноутбук тәркіленді. Заңсыз әрекетке барған үш күдікті ұсталды", - деді ҚР ІІМ Кибермен күрес департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай.
Сондай-ақ, Қарағандыда шетел азаматы ұсталып, одан 128 ұясы бар SIM-box құрылғысы мен екі мыңға жуық SIM картасы, екі роутер және сигнал күшейткіші тәркіленді. Барлық айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.