Қазақстанда қызылша әлі де өршіп тұр: министр бұған не дейді
Мәжілісте денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Ақтөбе, Атырау, Қарағанды облыстарында қызылша бойынша жағдайдың тұрақталмағанын айтты, деп жазды Zhasalash.kz.
Ажар Ғиният елімізде қызылша ауруының 11% төмендегенін хабарлады. Атап айтқанда, 10 өңірде үш аптада жұқтырғандар азайған. Жеті өңірде жағдай тұрақталған.
– Үш өңірде қазір қолайсыз жағдай, өсім байқалады. Бұл Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстары. Дәл осы өңірлерде қосымша вакцинация жеткіліксіз, халықты қамту республикалық көрсеткіштен төмен, - дейді министр.
Еске саламыз, 9 қаңтарда Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстандағы қызылшаға қатысты жағдай тұрақсыз екенін айтқан еді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфекцияның 29 648 жағдайы тіркелген.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында қызылша ауруына шалдыққандардың саны артып жатыр. Олардың қатары соңғы кезде 2 есе көбейген. Қазір өңірге екпенің 30 мыңнан астам дозасы жеткізілгені белгілі болған еді.