Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:50

Қазақстанда никабқа заң бойынша тыйым салынуы мүмкін бе?

Никаб
Фото: ашық дереккөз

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева никаб киюге заң жүзінде тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл мәселе жеке заңмен реттелмейді, бірақ Ішкі істер министрлігі әзірлеген норма қарастырылып жатыр.

«Мен мынаны айтқым келеді: жеке заң жоқ. Бірақ Ішкі істер министрлігі тарапынан қаралып жатқан норма бар. Бұл норма никабқа тыйым салуды көздейді. Қазір бұл норма Мәжілісте қаралып жатыр. Мәжілісте өзінің тәртібі бар. Менің білуімше, ол бірінші оқылымда талқыланып жатыр немесе талқылау аяқталған болуы мүмкін», - деді министр Ақордада өткен кулуарлық брифингте.

Никаб – бұл мұсылман әйелдерінің киімі, ол бетті толық немесе жартылай жабатын жабын. Негізінен көзді ғана ашық қалдырып, маңдай мен бетінің қалған бөлігін жабады. Бұл киім шариғат талаптарын ұстанатын әйелдер арасында кең таралған.

Егер аталған норма қабылданса, Қазақстанда никаб киюге ресми тыйым салынуы мүмкін. Бұл бастама қоғамда әртүрлі пікірлер тудыруда. Кейбірі мұндай шектеу қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған десе, өзгелері бұл шешімді діни құқықтарды шектеу деп санайды.

Қазіргі таңда Қазақстанда діни киімге байланысты нақты тыйым салынған заң жоқ, алайда білім беру орындарында, сондай-ақ қоғамдық мекемелерде дінге қатысты киім нышандарына байланысты ішкі ережелер қолданылады.

Мәжіліс мақұлдаса, ІІМ әзірлеген норма алдағы уақытта заңды күшіне енуі мүмкін. Бұл өзгерістер қоғамда ашық талқыланып, қоғамдық пікір мен діни қауымдастықтардың ұстанымдары да ескерілмек.

Тегтер: