17:16, 03 Қыркүйек 2024
Қазақстанда түлектер арасында грант бөлу жүйесі өзгеруі мүмкін
Қазақстанда ҰБТ тапсырған түлектер арасында грант бөлу жүйесі өзгермек. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Дүйсенованың айтуынша, енді отандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігі күшейтіледі.
«Осы мақсатта келер жылдың 1 сәуіріне дейін жоғары оқу орындарының білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылмақ. Бағалау критерийлері ОЭСР елдерінің тәжірибесіне негізделеді. Бағалау нәтижесі бойынша жоғары оқу орындары жоғары, орташа және мақсатты лигаларға жіктеледі», - деді Дүйсенова үкімет отырысында.
Бұған қоса білім гранттарына да қатысты өзгерістер болады. Яғни, алдағы жылдары гранттар жоғары оқу орындарының кіретін лигасына қарай және ҰБТ-да жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланады.