Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:30

Қазақстанда запастағы офицерлер әскери қызметке шақырылады

Әскери шеру
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және әскери даярланған резерв қалыптастыру мақсатында запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.

Бұл шара ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңы аясында жүзеге асырылады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Үкімет қаулысына сәйкес, 850-ден астам запастағы офицер әскери қызметке тартылады. Атап айтқанда,
– 700 офицер – Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне,
– 80 офицер – Шекара қызметіне,
– 64 офицер – Ұлттық ұланға,
– 15 офицер – Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі.

Шақыру ең қажетті әскери-есептік мамандықтар бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында авиациялық, инженерлік, артиллериялық, радиотехникалық, әскери-көліктік, медициналық, тылдық, ақпараттық және барлау бағыттары бар.

Әскери қызметке денсаулығы жарамды, 29 жасқа дейінгі запастағы офицерлер шақырылады. Медициналық мамандық иелері үшін жас шегі – 32 жасқа дейін. Негізгі талап – сұранысқа ие әскери-есептік мамандықтың болуы.

Шақырылған офицерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілуі келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілер деңгейінде болады. Қызмет кезеңінде олар ақшалай қамтамасыз етумен, тұрғын үймен немесе тұрғын үй төлемдерімен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтылады.

Әдетте запастағы офицерлер әскери қызметті өздерінің әскери есепте тұрған жерінде немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша өтейді. Бұл ретте тұрақты жұмысы жоқ әрі әскери қызметке қызығушылық танытқан азаматтарға басымдық беріледі.

Хабарлама алған жағдайда запастағы офицер жергілікті әскери басқару органына жеке куәлігі мен әскери билетін (бар болса) ала келіп, белгіленген мерзімде келуі тиіс. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру отбасылық жағдайына, оқуын жалғастыруына немесе денсаулық жағдайына байланысты шақыру комиссиясының шешімімен берілуі мүмкін.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, запастағы офицерлерді шақыру – жоспарлы шара және қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес жүргізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жоғары оқу орындарының түлектерін келісімшарт негізінде әскери қызметке тарту мәселесі де қарастырылып жатқанын хабарланған болатын.

Тегтер: