Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:51

Қазақстанда іздеу жарияланған Қайрат Қожамжаровтың Ресейде жүрген суреті тарады

Қожамжаров
Фото: БАҚ

Қазақстанда ресми түрде іздеуде жүрген Қаржы полициясының бұрынғы басшысы және экс-Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың ресеуде емін-еркін жүрген суреті тарады.

Мәскеудегі «жайлы өмір»: балаларды қарсы алады, метроға мінеді, элиталық мейрамханаларға барады

Elmedia басылымы жариялаған суреттерге қарағанда, Қожамжаров Ресей астанасында емін-еркін өмір сүріп жатыр. Балалары оқитын ВГУЮ жанындағы беделді гимназияға барып жүргені, метро пайдаланатыны, қымбат мейрамханаларда ас ішетіні байқалған.

Қожамжаров
Фото: Elmedia

Ал Қазақстан билігі осы уақытқа дейін оны елге экстрадициялау мәселесі бойынша ешқандай нақты түсініктеме бермеген.

Қожамжаров
Фото: Elmedia

Қожамжаровқа қандай айып тағылған?

Қазақстанда экс-шенеунікке қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша айып тағылған. Бұл айыптар дәлелденсе, оған 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Курстасы көмектесті ме?

Қайрат Қожамжаровтың өзі кезінде Мәскеуде оқыған жылдары Медведевпен жақсы қарым-қатынаста болғанын және сол достық байланыс сақталғанын айтқан. Енді сол достық оның «құтқару талонына» айналуы мүмкін деген болжам бар.

Ресей Конституциясына сәйкес, «Ресей азаматы ешқандай жағдайда ел аумағынан шығарылмайды және басқа мемлекетке берілмейді». Демек, егер Қожамжаров Ресей азаматтығын алса, оны Қазақстанға экстрадициялау іс жүзінде мүмкін болмай қалады.

Осындай жолмен кезінде тағы бір ірі кәсіпкер – Анатолий Балушкин де Қазақстанның қылмыстық қудалауынан құтылып кеткен болатын.

Хоргос ісі

Қожамжаровқа Бас прокуратура оның басшылық қызметте болған түрлі кезеңдерінде қызмет бабын асыра пайдаланды және ақша жымқырды деген айыптар бойынша іс қозғаған. Кейбір сарапшылар мен саясаткерлер бұл істің түбі атақты «Хоргос ісіне» барып тіреледі деп те болжайды. Сол кезде Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жемқорлық схемалары, кедендік бақылаудағы заңсыз әрекеттер мен ықпалды тұлғалардың байланысы әшкереленген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ДҮЙСЕНОВТІ НЕМІСТЕР ҚОРҒАМАСА, ҚОЖАМЖАРОВТАН ҚАЙЫР ЖОҚ

Бұл туралы Германиядан бейнебайланыс арқылы сөйлеген бұрынғы қауіпсіздік қызметкері Мақсат Дүйсенов те ашық айтқан. Оның сөзінше, 2019 жылы Қожамжаров пен оның командасына қарсы ҰҚК тарапынан арыз жазылып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен ол Бас прокурор қызметінен сенатқа ауыстырылған.

Қайрат Қожамжаровтың атымен елдің саяси тарихындағы көптеген атышулы істер байланысты. Ол кезінде экс-премьер Серік Ахметовты, «Астана ЭКСПО» басшысы Талғат Ермегияевті, Сейтқазы және Әсет Матаевтарды түрмеге отырғызған адам ретінде есте қалды.
Жұрт оны «кланды саясаттың басты фигурасы» деп атайды.

Сондықтан да қазір қоғамның едәуір бөлігі оның жазаланғанын қалайды. Бұл Балушкиннің ісі сияқты қарапайым қаржы жымқыру емес – Қожамжаровтың ықпал ету жүйесі мен саяси интригалары елдің бүтін бір кезеңін анықтаған фактор болды.