Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:17

Қазақстандағы қарттарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы

1

Жыл сайын дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда 1 қазан Халықаралық қарттар күні ретінде аталып өтеді.

 Республикада жасы бойынша 2,5 миллионнан астам зейнеткер тұрады. Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі.

Мемлекет аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдауда.

ҚР Әлеуметтік кодексінің 197-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жыл сайын арттыру республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген мөлшерде жүзеге асырылады.

Осылайша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5%-ға ұлғайтылды және ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері индекстелді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65-тен 70%-ға, ал ең жоғарғысы 105-тен 110%-ға дейін өседі.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда.

Республикада 127 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істеуде. 2025 жылы олардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрады.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), қарттардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне қатысуға бағытталған.

1 қазанда елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және басқаларды өткізетін болады.

Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында жарияланғанын естеріңізге сала кетейік.

Оны өткізудің басты мақсаты – қариялардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігі, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.

Тегтер: