Қазақстандағы сөз бостандығының шекарасы
Өткен апта елде азаматтардың сөз бостандығы, ой еркіндігі және бейбіт жиын өткізу құқығына көлеңке түсіретін бірнеше оқиға болды.
Мәжіліс депутаты Гауһар Танашеваның үкіметті сынаған сөзінен кейін мандатынан айырылуы, сатиралық жазба жариялап жүрген азамат Темірлан Еңсебектің қамалуы және оны қолдап пикет өткізген белсенділердің ұсталуы онсыз да ақсап тұрған демократиялық құндылықтарды құзға итергендей әсер қалдырды.
Бізде сөз бостандығының деңгейі керемет
Қазақстанда сөз бостандығы шектеулі екенін тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық ұйымдар бұрыннан айтып жүр. Бірақ мемлекеттік органдар мен билікке жақын жүретін мамандар бұл пікірмен келіспейді. Билік өкілдері Қазақстанда сөз бостандығы сақталады, әркім өз ойын ашық жеткізуге құқылы дегенді айтудан еш қысылмайды. Мысалы, мәжіліс депутаты Айдос Сарым елде сөз бостандығына шектен тыс еркіндік берілген деп санайды.
«Депутат ретінде біздің елде сөз бостандығының деңгейі керемет деп есептеймін. Кітаптар шығып жатыр, кино түсіріліп жатыр. Газет шығып, сайттар істеп тұр. Әлеуметтік желілер бұғатталған жоқ. Менің ойымша, керісінше, бізде сөз бостандығы тым артықтау, адамдардың мәдениеті жетпей жатады», – деп жауап берді Сарым Парламент кулуарында «Жас Алаш» тілшісінің сұрағына.
Оның айтуынша, Алматыдағы белсенділердің ұсталуының сөз бостандығына еш қатысы жоқ.
«Темірлан Еңсебектің әрекеті – әзіл де, сөз бостандығы да емес, ақымақтық немесе әдейі жасалған арандату. Ал оны қолдап, пикетке шыққандар жайлы айтсақ, заң талабы бар, заңды сақтау деген бар, соны ескеру керек. Белсенді топтардың бір жаман әдеті бар – біздікі ғана болсын дейді. Бұл заңға қайшы әрекет. Конституциялық соттың пикет, митингілерге қатысты арнайы шешімі шықты, мұндай шешімдер заңның аясын кеңейтіп жатыр. Алдын ала талабын айтып, ескертіп, арнайы жерге барып пикет өткізу керек. Осылай істеп жатқандар көп. 5 жыл бұрынғымен салыстырсақ, қазір Қазақстанда митинг, шерулердің саны 100 есе, 1000 есе артқан», – дейді депутат.
Айдос Сарымның әріптесі Ермұрат Бапи да (парламентте, «Жас Алаш» тілшісіне) белсенділердің өзін айыптай сөйледі.
«Еңсебек паблигі сатиралық бағытта екенін жазып қойыпты, бірақ онда жарияланған дүниелер сатира емес. Сатира деп жазып қойып, ойыңа келгеннің бәрін айта беруге болмайды. Сөз бостандығы әлеуметтік, қоғамдық ортада іріткі салмауы керек. Егер ұлт пен ұлттың арасында, халықтар арасында іріткі салатындай болса, ондай сөз бостандығының қажеті қанша?» – дейді ол.
Ең қызығы, біздің елде депутаттар үкімет мүшелерімен бірдей ойлап, бірдей түс көреді. Әйтпесе, халық атынан сайланған Айдос Сарым «елде шерулер саны мың есе артты», «сөз бостандығы шектен шығып кетті» деп, көктен түскендей сөйлемес еді. Бейбіт митинг өткізу мүмкіндігі шектеліп, жұрт наразы пікірін айтар алаң таппай жүргенде, белсенділер бір ауыз сөзі үшін «араздық туғызды» немесе «жалған ақпарат таратты» деген желеумен қамалып жатқанда «халық қалаулысы» жығылғанға жұдырық сілтеп отыр.
Сөз бостандығы деген не?
Сөз бостандығы – демократиялық қоғамның негізі. Ол адамның өз пікірін еркін білдіруге, кез келген ақпаратқа қол жеткізуге және оны таратуға құқығы бар екенін білдіреді. Осы арқылы мемлекеттің ашықтығы мен заңның сақталу деңгейін бағалауға болады. Мемлекетте сөз бостандығы бұзылса, азаматтардың басқа құқықтары да оңай бұзылады. Ал мұндай елде азаматтар елдің ертеңіне сенбейді. Кәсіпкерлер кез келген сәтте бизнесімнен айырылып қалам ба деп қорқып жүреді. Мүмкіндігі барлар шетел асуға бейім тұрады.
Ал сөз бостандығы сақталған елде азаматтар мемлекет пен қоғамға қатысты өз ойын ашық айта алады. Сөз бостандығы – қоғамның демократиялық дамуында, адам құқығын қорғауда маңызды рөл атқарып, ашық пікірталасқа негізделген шешім қабылдауға негіз болады. Азаматтар еркін ой айту қауіпсіздігіне қатер төндірмейтініне сенімді болса, биліктің әлсіз тұстарын ашық көрсетіп бере алады. Сонда ғана шенділер дұрыс жұмыс істеп, кемшілігін түзейді және халық алдында есеп береді.
Мысалы, Қазақстанда мемлекеттік сатып алуларды соны ұйымдастырған мекемеге қатысы бар адамдар ұтып алатыны айтылады. Көп жағдайда мұндайды БАҚ өкілдері анықтап, дәлелдей алмайды. Өйткені шынайы ақпаратқа қол жеткізу қиын. Егер шенділердің «тендерді» туысына ұтып бергенін БАҚ біліп, ашық жариялай алса ғана, сатып алу әділ өтеді.
Ғасыр басында ЮНЕСКО зерттеу жүргізіп, елдегі сөз бостандығы мен жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі тікелей байланысты екенін анықтаған. Яғни журналистер жұмысында шектеу неғұрлым аз болса, мемлекет соншалық бай болады, ал керісінше болса, мемлекет соншалық кедей болады.
Бірақ сөз бостандығы адамның негізгі құқығы болғанымен, ол абсолютті емес екенін ескерген жөн. Бұл құқық кей тұста шектеледі. Мысалы, өзгені қорлау, жалған ақпарат тарату немесе зорлық-зомбылықты насихаттау сияқты әрекеттер сөз бостандығына жатпайды.
Қазақстанда сөз бостандығы қалай шектеледі?
Біздің билік дәл осы сөз бостандығы шектелетін тұсты жақсы меңгеріп алған. Көңіліне жақпаған пікірді ұлттық, нәсілдік араздықты қоздырды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірді немесе жалған ақпарат таратты деген желеумен ауыздықтай қояды.
ҚР конституциясының 20-бабында «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркім заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқылы» деп жазылған. Бірақ бұл бап өз деңгейінде сақталып отырған жоқ. Қоғамда, БАҚ-та айтуға болмайтын тақырыптар, сынауға болмайтын тұлғалар бар. Бұл дерт азаматтарды басынан-аяғына дейін шырмап, күнделікті тұрмысына араласып кеткен.
Цензура адамдарды шындықты анық көру мүмкіндігінен айырады. Күнделікті телеарналарда айтылып жатқан шындыққа сай келмейтін, қолдан жасалған «позитивті» ақпараттар тұрғындарды әлдеқашан шаршатқан. Көп адам билік таратқан ақпаратқа сенбейді. Содан барып елде ақпараттық вакуум қалыптасып, жұрт мессенджерден келген жалған мәліметке сеніп қалады.
Билік өзіне ұнамаған тәуелсіз БАҚ-ты шаужайлап ұстауға тырысады. Ол үшін БАҚ-ты бұғаттайды, жабады немесе экстремистік басылым деген желеумен қудалайды. Сондай-ақ интернетті баяулату, бұғаттау, хакерлік шабуыл жасау сияқты қитұрқы амалдары да жетерлік. БАҚ басшысына немесе журналиске қысым жасалған жағдайлар да бар. Журналистің тікелей кәсіби қызметіне тиіспесе де, басқа сылтау тауып, қудалауы мүмкін. Мұның бәрі авторитарлық режимнің шындыққа төзбейтінін көрсетеді.
2024 жылғы дерек бойынша, халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымының сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр. Бұл өте төмен көрсеткіш. Біз Солтүстік Корея, Иран, Қытай сияқты мемлекеттермен бір қатарда аталып отырмыз.
Ал дамыған елдерде сөз бостандығының қорғалуы тарихи және заңды негіздерге сүйенеді. Бұл мемлекеттерде сөз бостандығы азаматтардың негізгі құқығы ретінде жоғары бағаланады. Мысалы, АҚШ конституциясының 1-бабында «Конгресс ешқашан сөз бостандығын, баспасөзді, бейбіт жиындарды өткізу немесе үкіметке наразылық білдіру құқығын шектеуге құқылы емес» деп жазылған. Яғни ол елде азаматтар өз пікірін еркін білдіруден, ақпарат алу және таратудан ешқашан тосқауылға ұшырамайды. Бірақ дамыған елдерде де сөз бостандығы деп, кісі өлтіруге шақыруға, жалған ақпарат таратуға және заңсыз әрекеттерді насихаттауға тыйым салынады.
Біздің елде пікір білдіру еркіндігі мүлде жоқ
Біз белгілі журналист Есенгүл Кәпқызына хабарласып, Қазақстандағы және дамыған елдердегі сөз бостандығының шегі мен шекарасы қандай екенін сұрадық.
«Қазақстанда «жалған ақпарат тарату», «араздық туғызу» деген баптар бұрыннан сөз бостандығын шектейтін құрал ретінде қолданылып келе жатыр. Оның үстіне бұл заңда екіжүзділік бар. Оны құрал ретінде белсенділерге қолданады. Ал мемлекеттік БАҚ-та немесе басқа жерде осындай жалған ақпараттар тарап жатса, оларға тек ескерту жасайды немесе кешірім сұратумен шектеледі.
Ең қызығы, біздің елде ұлтаралық араздық тудырмау және жалған ақпарат таратпау мәселесі заңмен қудаланады, ал басқа мемлекеттерде ол этикалық кодекспен қарастырылады. Оның үстіне Қазақстанда масс-медиа туралы заң қабылданып, медиа этиканы заңдастырды. Сол арқылы медиа этикасын реттейтін комитеттерді жоғарыдан құрып, медиа этикасын жоғарыдан жазуды ұсынып отыр. Масс-медиа туралы заң дамыған мемлекеттердің көбінде жоқ. Олар көбіне өзін-өзі реттеуді басшылыққа алады. Журналистер өз-өзін реттейтін қоғамдық ұйымдарды өздері құрып, медиа-этика кодексін журналистика стандарттары негізінде өздері жазады.
Біздің конституцияда цензура жоқ, әркім өз пікірін білдіруге құқылы деп жазылған. Қазақстан пікір білдіру еркіндігі туралы халықаралық конвенциялардың бәріне қол қойған. Сөйте тұра, жалғыз адамдық пикетке шыққан адамды заңға қайшы әрекет жасады деп, 15 тәулікке қамап немесе 197 мың теңге айыппұл салып жатыр. Бұл – сөз бостандығын, сөз еркіндігін шектеу деген сөз. Басқаша айтқанда, біздің елде пікір білдіру еркіндігі деген мүлде жоқ. Бұл құқығын пайдаланған адамдарды шетінен қамап, айыппұл салып жатырмыз. Бұл басқалар бұл қадамға бармасын деп әдейі жасалған шешім деп білемін. Елде бейбіт жиындар туралы заң қабылданған, билік митинг өткізуді оңайлаттық деп сүйінші сұраған. Ал қазір өз ойын айтқандарды қамап жатыр. Сонда халық өз пікірін қайда барып білдіреді?!
Ал өркениетті елдерде біреу жалғыз адамдық пикетке шықса, полиция оны алыстан бақылауы мүмкін, біздегідей қолын қайырып алып кетпейді. Ол адамның өз ойын айтуға, наразылығын білдіруге мүмкіндік береді. Ал БАҚ бойынша айтсақ, дамыған елдерде медиа саласы заңмен реттелмейді, арнайы жазылған медиа этикасы кодекстерімен реттеледі. Егер БАҚ шектен шығып кетсе, медиа этикасын, журналистика стандартын бұзды деп танылса, айыппұл салынады немесе қоғамдық ұйымдар ескерту жасайды. Қай жерде қандай бап бұзылғанын анық көрсетіп, келесіде мұндай қателік жібермеуге ұсыныс береді. Ал өте өрескел қате жасаса, журналиске дисквалификация бар. Одан кейін журналистикамен айналыса алмайды. Яғни біздегідей радикалды шара қолданылмайды. Бақылау бар, бірақ бірден сотқа сүйремейді», – дейді сарапшы.
Қуаныш Қаппас