Қазақстандық Әлішер Сүлейменов әлемнің ең үздік шахматшысын жеңді
Қазақстандық спортшы сенсация жасады
Қазақстандық шахматшы Әлішер Сүлейменов Дохада өтіп жатқан Qatar Masters Open турнирінің екінші айналымында әлемнің ең үздік шахматшысы Магнус Карлсенді жеңіп, сенсация жасады деп хабарлайды Zhasalash.kz.
FIDE әлемдік рейтингінде қазақстандық 528-ші орында, ал Карлсон бірінші орында тұр. Шахматшы ойыннан соң өзінің жеңісі туралы әсерін бөлісті.
«Өзімді қалай сезініп тұрмын дейсіз бе? Тіпті, не айтарымды да білмеймін. Шынымен өзімнің жеңіп кеткеніме әлі сене алар емеспін. Ойынның алдында егер тең ойын болса, керемет болар еді деп ойлағанмын, тіпті жаттықтырушым да солай деген еді», – дейді Әлішер Сүлейменов.
23 жастағы Әлішер Сүлейменов Павлодарда дүниеге келген. Ол өткен жылы шахмат олимпиадасында ұлттық құрама сапында өнер көрсетті.
Сондай-ақ 2022 жылы Үндістанның Ченнай қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетсе, Қазақстан ерлер құрамасы шахмат олимпиадасының жетінші турында серпінді жеңіске жетіп, бастапқы кестедегі 40-орыннан 7-ші орынға көтеріле алды.