Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 23 Сәуір 2025

Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарынан елге оралды

Қазақстан әскері
Фото: Қорғаныс министрлігі

2024 жылы Қазақстан әскерилері Біріккен ұлттар ұйымының бітімгершілік миссиясына (UNDOF) дербес қатысу мүмкіндігіне ие болып, наурыз айында Қазақстанның тұңғыш тəуелсіз бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне аттанған. Голан жоталарында қазақстандық 139 әскери қызметші еңбек етті. Ер адамдармен бірге әскери миссияға 7 әскери әйел қызметші қатысты.

Геосаяси жағдай тұрақсыз болып тұрған әлемдегі ең күрделі аймақтардың бірінде бір жылдан аса қызмет атқарған Қазақстанның тұңғыш бітімгерлік контингенті жақында елге оралды. 12 сәуірде елордадағы әскери авиабазада елге оралған сарбаздарды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Әскери қызметкерлерді құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен қорғаныс министрлігінің басшылары, Қарулы күштердің ардагерлері және әріптестері қарсы алды. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бітімгерлер жұмысын жоғары бағалап, бұл Қазақстан армиясының тарихында елеулі жетістік екенін атап өтті.

«Бұл миссия аласапыран аймақта халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндет болды. Сіздердің күш-жігерлеріңіз назардан тыс қалмай, халықаралық аренада Қазақстанның беделін жауапты, әрі бейбіт мемлекет ретінде одан әрі нығайтуға негіз болды. Адал қызметтеріңіз бен жауынгерлік тапсырманы орындаудағы жауапкершіліктеріңіз, сондай-ақ қазіргі таңда басынан қиын кезеңді өткеріп жатқан адамдарға көмек қолын созғандарыңыз үшін алғыс айтамын», – деді Р.Жақсылықов.

Ал бітімгерлік ротасының командирі подполковник Жігер Аипов Фауар базасында миссияны орындау барысында қазақстандық контингент 600-ден астам тапсырманы орындағанын айтты. Оның айтуынша, жауапкершілік аймағында ротаның жеке құрамы жүктерді алып жүру бойынша патрульдік және гуманитарлық қызмет атқарған. «Біз 4 эвакуация жасадық және 400-ден астам жарылмаған заттарды жойдық», – деді Ж.Аипов.

Кейін, 15 сәуірде қорғаныс министрлігі БҰҰ миссиясы (UNDOF) аясында Голан жоталарында қызмет еткен әскери қызметшілерді марапаттады. Әскери борышын мінсіз орындап, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан бітімгершілік контингентінің бірінші құрамының барлық жауынгері «Бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін» медалімен марапатталды.

Бұдан бөлек, бірнеше жеке марапаттар табысталды. Атап айтқанда, 22750 әскери бөлімі автокөлікпен қамтамасыз ету тобының техник-жүргізушісі старшина Азамат Сағындықов пен барлау тобының сержанты, 22750 әскери бөлімі арнайы мақсаттағы командасының жауынгерлік даярлық жөніндегі нұсқаушы сержанты Темірлан Маусымбаев «Ел қорғаны» медалін алды.

Ал бітімгерлік операциялар орталығының медициналық қызмет сержанты, санитарлық нұсқаушы аға сержант Ардақ Күртебаева мен Бас әскери клиникалық госпиталі анестезиология және реанимация бөлімшесінің аға маманы ефрейтор Айкерім Сесерхан «ҚР Қарулы күштерінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ кәсіби біліктілігі және жауапты ісі үшін 58012 әскери бөлімі инженерлік-саперлік ротасының сержанты Мадияр Стамшал «Минасыздандырудағы ерлігі үшін» төсбелгісін алды. Ал 22750 әскери бөлімі арнайы мақсаттағы барлау тобының мергені лейтенант Мұхит Жолаушиевке мерзімінен бұрын «аға лейтенант» атағы берілді.

Қазақстан бітімгерлік контингенттің алғашқы жеке құрамы БҰҰ миссиясы мен хатшылығының жоғары бағасына ие болды. Ал биыл еліміздің екінші бітімгершілік контингенті Сирия-Израиль шекарасына аттанып, тағы бір жыл қызмет атқарады. Биыл да 139 әскери қызметкер іріктеуден өтті.

Еламан Өмірхан

Тегтер: