Қазақстандық бітімгерлік ротасы жеңіске жетті

Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік ротасында қызмет етіп жүрген әскери қызметшілер халықаралық деңгейде тағы бір мәрте ел намысын абыроймен қорғады. Бітімгерлер арасында ұйымдастырылған үстел теннисінен өткен халықаралық жарыста майор Михаил Выдрин мен сержант Қуат Ашимханов жұптық сында жеңімпаз атанды.
Жарыс Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік контингенттері орналасқан Фауар әскери базасында өтті. Бұл додаға түрлі елдердің әскери құрамалары қатысып, спорт арқылы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік алды.
Қазақстан атынан сынға түскен сарбаздар бәсекелестік жоғары болғанына қарамастан, өз шеберліктерін көрсетіп, финалда қарсылас жұпты сенімді түрде жеңіп шықты. Осылайша, қазақ бітімгерлері халықаралық спорт алаңында ел намысын қорғап, бірінші орынды иеленді.
Бұл жеңіс – тек спорттағы жетістік қана емес. Бұл – қазақстандық бітімгершілік миссия өкілдерінің жоғары тәртіп, рухани дайындық, физикалық даярлық пен елге деген шынайы адалдықтарының көрінісі.
Қарулы күштер мен Қорғаныс министрлігі мұндай бастамаларды қолдап келеді. Өйткені спорт – сарбаздар арасындағы ынтымақтастықты, дене дайындығын арттырып қана қоймай, халықаралық әріптестіктің бейресми, бірақ маңызды бөлігі саналады.
Сарбаздардың жеңісі – Қазақстанның бейбіт миссиялардағы жоғары беделінің тағы бір дәлелі. Әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген бітімгерлеріміз ел абыройын осылай түрлі алаңдарда қорғап жүр.
Айта кету керек, Қазақстанның бітімгершілік бастамалары соңғы жылдары жаңа сапаға көтерілді. 2024 жылдан бастап еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Ажырауды бақылау күштерінің (UNDOF) құрамында өз контингентін дербес түрде орналастыра бастады. Бұл — Қазақстанның бітімгерлік әлеуеті артқанын және халықаралық қауіпсіздікке нақты үлес қосуға дайын екенін көрсететін маңызды қадам.
Голан жоталарындағы шиеленісті аймақтағы бұл миссияда қазақстандық бітімгерлерге қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейтарап аймақта патруль жүргізу, гуманитарлық жүктерді жеткізу және жалпы тұрақтылықты сақтау міндеті жүктелген. Бұл жауапты миссияға елімізден 139 әскери қызметкер жіберілді, олардың қатарында әйелдер де бар. Олар бір жыл ішінде өз мандаты шеңберінде 500-ден астам нақты тапсырманы орындап, жоғары кәсіби дайындық пен тәртіптің үлгісін көрсетті.
2025 жылы көктемде Қазақстанның екінші бітімгершілік контингенті Голан жоталарына қайта жіберілді. Бұл жолы да дәл сол құрам — 139 сарбаз іріктеуден өтіп, бұрынғы әріптестерінің орнын басты. Бұл дәстүр Қазақстанның БҰҰ аясындағы бейбіт миссияларға жүйелі түрде қатысатынын дәлелдейді.
Соңғы екі онжылдық ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның түрлі бітімгершілік операцияларына атсалысты. Бұл — еліміздің бейбітшілік жолындағы берік ұстанымының және халықаралық аренадағы сенімді серіктес ретіндегі беделінің айғағы. Қазақстандық сарбаздардың ерлігі мен адалдығы — бейбітшілік пен тұрақтылыққа қосылған шынайы үлес.