Қазақстандық өндірушілер мұнай-газ операторларымен 237 млрд теңгеге келісімшарттар жасасты

10 қазанда Ақтауда мұнай-газ машина жасау форумы және ірі операторлардың ашық есік күні өтті.
Іс-шараға «Теңізшевройл», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» және «Kalamkas-Khazar Operating» компаниялары қатысты. Форум барысында сарапшылар жергілікті қамтуды дамыту және отандық мұнай-газ жабдықтары өндірушілері мен жұмыс жеткізушілерін қолдау мәселелерін талқылады.
Қатысушыларға операторлар сатып алатын тауарлар, олардың сапасына қойылатын талаптар және тендерлік рәсімдер түсіндірілді.
Іс-шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, сондай-ақ КПО, NCOC, ТШО, ККО және Silleno компанияларының бірінші басшылары сөз сөйледі.
Форумға 100-ден астам зауыт пен жұмыс жеткізушілер, мұнай-газ саласындағы жер қойнауын пайдаланушылар және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Салтанатты жағдайда NCOC, КПО, ТШО және отандық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер мен жұмыс жеткізушілер арасында жалпы сомасы 237 млрд теңге құрайтын шамамен 31 келісімшартқа қол қойылды.
Сондай-ақ отандық тауар өндірушілермен өзара ынтымақтастық жөнінде 19 меморандум жасалды. Бұл құжаттар өндірістік және сервистік мүмкіндіктерді дамыту, сондай-ақ отандық жеткізушілердің компаниялардың жеткізу тізбегіне қатысуын ынталандыруды көздейді.
Іс-шараның практикалық маңызы мен құндылығы – ірі мұнай-газ жобаларының ұзақ мерзімді қажеттіліктеріне сай жаңа өндірістерді жергіліктендіру немесе қолданыстағыларды жаңғырту мүмкіндіктерін жасауында.