Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің экс-кеңесшісі әйеліне зорлық көрсеткені үшін қамауға алынды

Астанада Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бұрынғы елшілік кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін қамауға алынды. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның мәліметінше, Мамашқа қатысты өткен жылы қылмыстық іс қозғалып, арнайы тергеу тобы құрылып, тиісті сараптамалар жүргізілген. Тергеу нәтижесінде жинақталған дәлелдер негізінде сот оны қамауға алу туралы шешім шығарған.
Бұл іс былтыр мамырда жары Карина Госманның әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жариялауынан кейін басталған. Онда ол күйеуінің 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көрсетіп келгенін, тіпті туған әпкесін де соққыға жыққанын айтқан. Осы оқиғадан кейін Сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты елге кері шақырған болатын.
Бұл оқиға Қазақстанда бұрынғы лауазымды тұлғалардың отбасылық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы жағдайы емес. Былтыр Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтіріп, азаптағаны үшін 24 жылға сотталды. Сол жылы Атырау облысында Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимов те әйеліне орташа дәрежедегі дене жарақатын салғаны үшін сотталды.