Қазақстанның бейбітшілікке үндеуі: Таиланд пен Камбоджа келісімі және АСЕАН-дағы жаңа бетбұрыс
27 қазанда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таиланд пен Камбоджа арасындағы бейбіт келісімнің жасалуын ресми түрде құптады.
Екі мемлекет арасында ұзақ жылдар бойы жалғасқан шекара дауы 47-ші АСЕАН саммиті аясында Куала-Лумпурда дипломатиялық жолмен шешімін тапты. Бұл келісімге АҚШ президенті Дональд Трамп пен Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимнің тікелей қатысуы халықаралық қауымдастықтың назарын аударды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл қадамды оң бағалап, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызды тарихи оқиға деп атады. Министрліктің ресми мәлімдемесінде: «Тараптардың келісімге келуі – БҰҰ Жарғысының қағидаттарына және дипломатиялық шешімдерді іздеу мәдениетіне адалдықтың көрінісі. Бұл келісім аймақтағы өзара сенімді нығайтып, достық қатынастардың дамуына серпін береді», – делінген.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекара қақтығысы ондаған жылдарға созылып, ондаған адам өмірін қиды. Соңғы айларда шиеленіс қайта өршіп, әскери тұтқындар мәселесі ушыққан еді. Жаңа бейбіт келісім бойынша Таиланд 18 камбоджалық сарбазды босатып, екі ел де ауыр әскери техниканы шекара маңынан шығару туралы уағдаласты. Бұл қадам өңірлік қауіпсіздік пен өзара сенім орнатуға бағытталған маңызды шешім болды.
Қазақстан бұл жаңалықты өз сыртқы саясатының негізгі қағидаттарымен байланыстырды. Еліміз әрқашан да бейбітшілік, диалог және халықаралық құқық нормаларына құрмет қағидатын ұстанып келеді. Қазақстанның Сирия, Ауғанстан және Ресей–Украина бағыттарында арағайындық ұсынған тәжірибесі осы ұстанымның айғағы. Сондықтан Таиланд пен Камбоджаның келісімін құптау – біздің сыртқы саясаттағы сабақтастықтың көрінісі.
Бұл жағдай АСЕАН кеңістігіндегі тұрақтылық үшін ғана емес, жалпы Азиядағы бейбіт даму үшін де маңызды. Өңірдегі кез келген қақтығыстың шешімі – Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы мен бейбіт бастамаларының мәнін күшейтеді. Астана бұған дейін де Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесін (СВМДА) ұсынған болатын. Осы бастама бүгінде өңірлік қауіпсіздік архитектурасының негізіне айналып келеді.
Куала-Лумпурда қабылданған декларация – диалог мәдениетінің және дипломатияның күшін дәлелдейтін үлгі. Қазақстан бұл үрдісті қолдай отырып, өз аймағында да, жаһандық деңгейде де бейбіт даму жолын ұстанудың маңыздылығын айқын көрсетті.
Таиланд пен Камбоджаның татуласуы – Оңтүстік-Шығыс Азия тарихындағы жаңа парақ, ал Қазақстанның оны қолдауы – елдің халықаралық аренадағы бейбітшіл миссиясының жалғасы. Бүгінгі әлемде мұндай дипломатиялық табыстар — дағдарыстарды күшпен емес, келісім арқылы шешудің ең жарқын мысалы.