Қазақстанның қорғанысы – босаң, ішкі әскері – қатаң

Қазақстанның қорғаныс министрлігі мен ішкі істер министрлігіне биыл көп сын айтылды.
Бұған дейін де даудан басы арылып көрмеген бұл салаларға деген халықтың осы жылы күдігі мен күмәні тіпті де қалыңдай түсті. Бұған себеп те жоқ емес, басқасын айтпағанның өзінде әскердегі әлімжеттік пен сарбаздардың жұмбақ өлімі толастамай тұр. Қыркүйек айының өзінде алты бірдей жас сарбаздың өлімі жанымызды түршіктірді. Ал дүние бүлініп, бүрлігіп тұрған кездегі қамсыздығымыз тіпті де қынжылтады. Қорғанысымыз өстіп босаң тартып тұрғанда ішкі әскеріміздің қимылы ширай түсті. Олар өте қырағы, митинг, наразылық болады делінсе күні бұрын белсенділерді құрықтайды. Сосын көше-көшені торуылдап, жағдайды қалт жібермей қадағалап, бақылайды. Бірақ Шерзат ісі секілді оқиғаларда қайтадан жуаси қалады. Бұл салаларға бөлініп жатқан ақша да ұшан-теңіз. Бірақ соның пайдасын қарапайым халық көріп жатқаны шамалы. Сонымен, 2024 жылы қорғаныс министрлігі мен ішкі істер министрлігінде қандай өзгерістер болды, нендей оқиғалар туындады. Түйткілді, көлеңкелі мәселелердің себебі неде? Бұл сұрақтардың жауабын әлеуметтанушылар С.Бейсембаев пен Д.Рақымғалиқызынан және әскери сарапшы Е.Сейтбатталовтан сұрап көрдік.

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы: Саяси өзгеріс жасаудың орнына құқық қорғау органдарын күшейту – авторитаризмнің белгісі
– 2024 жылды әлеуметтанушы ретінде қалай бағалайсыз?
– Әлеуметтанушы ретінде біз, ең алдымен, қоғамық көңіл күйге қараймыз. Біздің соңғы жасаған сауалнамамызды негізге алатын болсақ, 2024 жылы Қазақстанда негізінен жағымсыз дүниелерді көбірек байқауға болады. Сауалнама нәтижесі қоғамның, адамдардың билікке деген наразылығы артқанын, үкіметтің жұмысына деген көңіл толмаушылықты көрсетті. Әсіресе экологиялық мәселелер, халықтың тұрмысы бойынша осы жылы наразылық басым. Сондай-ақ қоғамдық салалардағы бір өзгеріс елдегі, соңғы екі-үш жыл ішіндегі болған саяси өзгерістерден адамдардан көңілі қалғандығын, үміттің үзілгенін байқауға болады. Билік осыған дейін «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деп ұрандатты. Алайда жыл соңына қарай елдегі бірнеше келеңсіз оқиғалардан соң билік айтатын әділеттілік, заңның үстемдігі секілді концепциялардан да халықтың көңілі қала бастағаны сезіледі. Әсіресе елде үлкен дүмпу тудырған Шерзат ісінен кейін адамдардың құқық қорғау органдарының қызметіне деген сенімі мүлде азайды. Мұндай қызу талқыланып жатқан ірі оқиғаларға мемлекет басшысынан ешқандай реакцияның болмауы, басқа да себептер елге билік халықтың мүддесінен алшақ деген түсінік қалыптастырды. Яғни біз үнемі айтатын саяси өзгерістер өз нәтижесін берген жоқ деп айтуға болады.
– Шерзаттың ісінде ішкі істер министрлігіне, құқық қорғау органдарына көп мін айтылды. Әсіресе олардың жұмысқа немқұрайлы қарайтыны жиі сыналды. Бұл туралы не айтасыз?
– Шерзат ісіне дейін де құқық қорғау органдарының жұмысының мәз емес екендігі белгілі жайт еді. Бірақ бұл ішкі істер министрлігінің ғана мәселесі емес, бұл жалпы үкіметтің, мемлекет басшылығының мәселесі. Себебі өздері «Жаңа Қазақстан» деп атап жүрген реформалары ең әуелі осы құқық қорғау органдарынан басталуы керек еді. Мысалы, Қаңтар оқиғасы кезіндегі адамдарды азаптау ісі бұл салаға түбегейлі өзгерістің қажет екенін көрсетті. Сондықтан да мұндай істерге баға бергенде жеке бір министрдің немесе министрліктің ісі деп емес, мұны мемлекеттік басқару жүйесіндегі үлкен дағдарыс деп айтқан дұрыс. Өздеріңіз білесіздер, 2024 жылы Шерзаттың ісінен тыс Қазақстанда бірнеше оқиғалар болды. Мысалы, көктемде біраз аймақтарды су басты. Жазда АЭС салу, утиль алым мәселесі көп талқыланды. Осындай қоғамды дүрліктірген мәселелерде билік жөнді жұмыс істей алмады. Яғни мәселені дер кезінде шеше алмады, кеш әрекет етті. Немесе халықтың, қоғамның пікіріне құлақ аспай, өз білгенін істеді. Бұған мысал ретінде уақыттың ауысқанын айтуға болады. Өткенде премьер-министр қоғамда қалыптасқан теріс пікірге құлақ аспастан «уақытты ауыстырғанымыз дұрыс болды» деген сыңайда сөз айтты. Әрине, мұның бәрі жиналып келіп, үкіметке деген жағымсыз пікірдің қалыптасуына әсер етеді. Осындай оқиғалардан соң сенім азаяды.
– Өзіңіз айтқандай, жыл басынан бері біраз оқиғалар туындады әрі қызу талқыланды, соның ішінде халыққа ең әсер еткені қайсы, бұл туралы зерттеу жүргізіп көрдіңіздер ме?
– Иә, біз «2024 жылы қандай оқиға сіздің есіңізде қалды?» деген сауалнама жүргіздік, сонда рейтинг бойынша су тасқыны бірінші орынға шықты. Демек су тасқыны көктемде болса да, одан кейін басқа да оқиғалар өтсе де, су тасқыны әлі күнге шейін күн тәртібінен түспегенін білдіреді. Себебі халық әлі де сол аймақтарда су тасқынының зардабын тартып отыр. Бұған ақпараттың дұрыс жетпеуі, үйлердің сапасы және көмек қаржының көлемі деген сияқты себептер әсер етіп отыр.
Жалпы 2024 жыл қоғамда бұрыннан бар көлеңкелі жағдайлардың, тіпті де айқындала түскен жыл болды. Мысалы, жемқорлық, үкімет су тасқынына қаншама ақша бөлді, кейіннен оның бір бөлігінің ұрланғаны мәлім болды. Соның кесірінен дамбылар салынбай қалды, үйлер сапасыз салынды. Демек биыл әр салада сыздап тұрған мәселелер жарылған жыл болды. Мұның бәрі қоғамдық пікірге әсер етеді.
– Биыл митинг, наразылық аз болды. Мұны ішкі істер министрлігінің қатаң бақылауымен, белсенділерді қудалауымен байланыстырады, шынымен де солай ма?
– Негізі қоғамдық белсенділік азайған жоқ, бірақ құқық қорғау органдары тарабынан оған деген қарсылық күшейді. Мысалы, бізде «митингке үндеу» деген арнайы бап пайда болды. Яғни кез келген адам митингке шақырса, оларға бірден айыппұл салынып, үстінен іс қозғалып жатыр. Бұл дегеніңіз – қорқытып, үркіту арқылы митингтердің алдын алу шаралары. Бұл әдіс билік үшін қысқамерзімде өз нәтижесін беруі мүмкін, бірақ та ол үлкен жарылысқа жол ашатын шешім. Өйткені дәл осылай жан-жақтан қысқан сайын қоғамдық наразылық ерте ме, кеш пе бір жерден жарып шығады. Шерзаттың оқиғасы кезінде қоғам біраз дүрлікті. Әсіресе адамдар әлеуметтік желілерде Шерзаттың отбасына қатты қолдау білдірді. Бұл қоғамдағы наразылық шығатын тесік таппай қайнап жатқанын білдіреді. Келесі бір осындай резонансты оқиға бола қалса, оның соңы үлкен наразылыққа немесе қақтығысқа алып баруы мүмкін. Ал егер дәл осылай жалғаса берсе, мәселелер осылай қордалана берсе, ешқандай саяси өзгерістер болмаса, мұның ақыры жақсылыққа алып келмейтін сияқты.
– Жыл сайын ішкі істер министрлігіне, яғни полицияларға қомақты қаржы бөледі, олардың санын көбейтеді. Биліктің мұндай әрекеті нені білдіреді?
– Бұл – Қаңтар оқиғасынан кейінгі биліктің реакциясы. Жалпы қоғамдық тәртіпті сақтап тұру үшін ішкі істер жүйесін барынша пайдалану – авторитарлық елдерде кең тараған тәжірибе. Мысалы, Ресейде адам басына шаққанда полиция саны өте көп. Қазақстан да дәл осы жолмен кетіп бара жатыр. Сондағысы, көшедегі полициялардың санын көбейту арқылы тұрақтылықты сақтап қаламыз ба деген үміт. Анығында, бұл жараға ем-дом жасап, оны сауықтыру емес, ауруды басатын дәрі берген секілді дүние. Ал жараны емдемесең, ол асқына береді. Сондай-ақ бұл саяси өзгеріс жасаудың орнына құқық қорғау органдарына қаржы бөлу арқылы олардың әлеуетін күшейту қатаң авторитаризмге айналып бара жатқанымыздың белгісі.
– Қазақстан азаматы ретінде келер жылдан не күтесіз?
– Осындай қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, қоғамда әлі де болса жағдай жақсарады деген үміт басымырақ. Дегенмен елдегі және әлемдегі жағдайларға байланысты алаңдаушылық та артқан. 2025 жылы оңай жыл болмайын деп тұр. Бұған себеп – экономикалық қиын жағдай, әлемдік соғыс және Ресейдің ықпалы, ең бастысы, саяси өзгерістердің болмауы. Осыған негізделе отырып келер жылы да халықтың билікке деген сенімі азая түсуі мүмкін деп болжауға болады. Ал мұның ақыры неге алып келетінін нақты айту қиын.

Ермек Сейтбатталов, әскери сарапшы: Қорғаныс саласына түбегейлі өзгеріс керек
– 2024 жылы қорғаныс саласында аздаған жаңалықтар, болмашы ілгерілеушіліктер болды. Бірақ өте сылбыр, баяу, бұл саладағы жұмыстар барынша жылдамырақ, тезірек істелуі қажет. Ең әуелі қабылданған бір-екі заң туралы атап айту керек. Оның біріншісі – территориялық қорғаныс туралы заң. Екіншісі – запастағы офицерлерді шақыру туралы заң. Осыған сәйкес біздің генералдық штаб бір рет жаттығу да өткізді. Тағы бір айтарлықтай жаңалық – «аэробус а 450» әскери ұшағы сатып алынды. Бұдан тыс үш-төрт «Су 30» әскери ұшағын сатып алды. Алайда мұның сапасы күмән туғызады. Себебі қазір Ресей санкцияның астында қалды. Енді бұл ұшақтардың техникалық, тактикалық сипаттамасы өзіне сәйкес келе ме, жоқ па? Бұл жағы белгісіздеу. Сосын әуе шабуылына қарсы кейбір қару-жарақтар да сатып алынды. Бірақ бұлар ескі. Жалпы істеліп жатқан жұмыстарға аса көңілім толмады. Алайда салыстырмалы түрде ілгерілеушілік бар. Ең бастысы, уақыт пен мүмкіндікті ұтымды пайдалана алмай жатырмыз. Ал алдағы уақытта қару-жарақты бұдан да көбірек сатып алу қажет. Сосын тағы бір басты мәселе – жаттығу. Әскери жаттығулар қазіргідей емес, басқаша болуы шарт. Әсіресе қолбасшыларды ойландыратын жаттығу керек. Мысалы, әскери қимыл кезінде әскери қолбасшыларға «қазір жағдай мынадай, ары қарай не істеуіміз керек, қандай шешім қабылдайсыңдар» деген секілді сұрақтар қойылып, олардың жауабы жан-жақты талқылануы керек. Мұның бәрі әскери басшыларды жылдам әрі ұтымды шешім қабылдауға жетелейді. Ал біздегі әскери жаттығулар фильм түсірген секілді. Әскерилерге «сен анда тұр, сен мұнда тұр, сен бұйрық бер, ал сен ат» дейді, бітті, сол бойынша жаттығу өтеді. Одан соң жапа-тармағай фотоға түседі, оны лауазымды бастықтарына көрсетеді, олар: «Керемет екен» дейді, сонымен «жаттығу» аяқтайды. Негізі әскери салаға қатысты фильм түсірілсе, актерлер солай істеуі қажет. Ал әскери адам «мына жерде шабуылдаймын, мынадай жағдайда жасырынам» деп ақылмен жұмыс істеу керек. Қазіргі әскери жаттығулар балабақшадағы балалардың ойыны секілді.
Биыл әскердегі әлімжеттік, сарбаздардың өлімі туралы қорғаныс министрлігіне сын көп айтылды. Негізі бұл өте күрделі мәселе. Шынын айтқанда, бұл тұрғыда ешқандай да жұмыс істелген жоқ. Әлімжеттік, әскердегі белгісіз өлім туралы бұрын да айтылды, әлі айтылып келеді, бірақ нәтиже жоқ. Себебі нақты жұмыс істелмейді, істің бетін қалқып айтқан болды, ақыры аяқсыз қалады. Дәл осындай келеңсіздіктерді жою үшін әскери салаға өте ауқымды әрі терең реформа керек. Бұл реформаны кадрдан бастау қажет. Қазіргі кадрларды түгелімен алып тастау қажет. Себебі бұлар қорғаныс саласын жетік білмейді, басқа жақтан келген адамдар. Сондықтан ең әуелі әскери саланың өз мамандарын алып келіп, оларға қатаң талап қойып, жұмыс істеу керек. Сонда ғана нәтиже шығады. Сосын сарбаздардың өлімінің жан-жақты тексерілуі, әділ үкім шығуы да аса маңызды. Бұл, әрине, соттың жұмысы, бірақ әділ үкім шықпаса, қорғаныс саласына да әсерін тигізеді. Сарбаздардың құқығы, мүддесі қорғалуы тиіс. Егер біздің қорғаныс саламыз жүйелі, нақты жұмыс істесе, онда ешқандай заңбұзушылық болмаса, әскерге барған жігіттер мен бармаған жігіттердің үлкен айырмашылығы сезілсе, әскери борышын өтегендер оқуға түссе, жұмыс тауып істей алса, онда жастарымыз өз еркімен-ақ әскерге баруға құлық танытушы еді. Егер мұндай болмаса, әскердің беделі түседі, қадірі қалмайды. Сосын жастар әскерге барғысы келмейді, одан соң оларды көшеден күштеп әкету басталады. Әскерге бармау үшін пара беретін келеңсіз жағдайлар да ұшырасып жатады. Тағы бір басты мәселе – әскери салада біздің елді қорғап қалатын стратегиялық жоба болуы керек. Ал бізде ол жоқ. Үлкен басшы шет елге барып келеді де, бәрін өзгертеді. «Аналарда анадай екен, соны істейік» дейді. Сосын тағы бір басшы басқа бір елдің қаруына қызығады, сөйтіп оны сатып алады. Яғни жұмыс жүйесіз істеледі. Дұрысы – әскери салада мемлекеттік бір жүйе, бір қөзқарас болуы керек. Бізде бұл жағы да ақсап тұр.

Дана Рақымғалиқызы, әлеуметтанушы: Сарбаз өлімінің ашылмауы – заңымыздың шикілігінен
Қазір әскердегі әлімжеттік, әскердегі кісі өлімі жайындағы оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырып жатыр. Мұның бәрі адамның психологиясына әсер етеді, ата-ананың баласының қауіпсіздігіне әсер етеді, әрі адамдардың мемлекетке деген сенімін жоғалтады. Осындай оқиғалардан соң әскердегі тәртіпті, ол жақтағы жұмысты тексеріп, қатаң қадағалау керек. Мұндағы басты мәселе – әскерде бұрыннан ескі жүйемен өмір сүріп, соған үйренген адамдар сол жүйені сақтап қалғысы келеді. Ал қазіргі жан-жақты білім алған, оқыған жастар физикалық қысымға төзе алмайды. Сондықтан әуелі жүйе өзгерген жөн.
Әрине, әскердегі мұндай келеңсіз оқиғалар жастардың әскерге бару ынтасын 90 пайыз төмендетеді. Себебі әр ай сайын әскери казармаларда болатын әлімжеттік, кісі өлімі қоғамда ашық түрде талқыланып жатыр. Әрі қылмыстық іске қатысы бар адамдар жазасыз қалады. Яғни әскердегі жастардың өміріне ешкім кепілдік бере алмайды, сондықтан да жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге деген ынталары төмендеп барады. Соңғы уақыттарда әскерге күштеп көшеден алып кетіп жатқан оқиғалар да ұшырасып жатыр. Мұны да бір жақты әрекет деп бағалаған жөн секілді. Себебі кейбір жігіттердің денсаулығына қарамастан, әскерге жарамды, жарамсыздығын ескерместен-ақ көшеден ұстап әкетіп жатыр. Сарбаздар өлімінің бір себебі – осында болуы мүмкін. Себебі әлдеқандай ауруы бар немесе психологиялық тұрғыдан әлсіз жігіттер сарбаз қатарын толықтырып жатқан болуы мүмкін.
Сондай-ақ қазір адамдардың ішкі істер саласына деген сенімі де азая бастаған. Бұған басты себеп – Қаңтар оқиғасы. Сол кездегі адамдар өлімі, ұрып-соғып азаптау, соның бәрі адамдардың сеніміне селкеу түсірді. Ал 16 желтоқсан жақындаған кездегі белсенділердің қамалуы, жазықсыз қудалануы осының бәрі жиналып келіп қарапайым халықтың сенімін азайтады. Дегенмен де үмітті түбегейлі үзбеген жөн. Әскерде кілең ұрып соғатын, әлімжеттік жасайтын адамдар ғана жұмыс істемейді. Ол жақта да өз ісіне адал азаматтар бар. Ішкі істер саласы да солай, өз міндетін адал атқаратын полициялар да көп. Бастысы, халықтың сенімін арттыру керек. Ендігі бір басты мәселе – әскерде қаза болған сарбаздардың сот ісі. Көп іс шешімін таппай, аяқсыз қалып жатыр. Бұл біздің заң жүйесіндегі шикілігімізді көрсетеді. Егер басшылық төменнен жоғарыға қарай жұмыс жасайтын болса, онда жоғарыдан төменге қарай тексеріс те болуы қажет. Егер билік, заң орындары өз жұмысына осылай селқос қарайтын болса, ары қарай адам өлімінің көбеюіне, заңсыздықтардың орнауына түрткі болады.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ