Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:12

«Қазақта қара сөзге дес бермеді» атты студенттердің І республикалық айтысы өтеді

айтыс

2025 жылдың 5 желтоқсанында Абай университеті және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Қазақта қара сөзге дес бермеді» І республикалық жас ақындар айтысы өтеді.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Абай университетінде 4 желтоқсан күні Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы заманауи үлгіде жасақталып, ресми түрде ашылады.

Төл өнерімізді жаңғырту, айтыс өнерін кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін шыңдауды мақсат еткен дүбірлі дода - айтыстың алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және айтыс ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың 50 жылдық мерейтойына арналады.

Республикалық жыр додасына еліміздің әр өңірінен іріктелген 14 жас ақын қатысады. Айтысқа белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар төрелік етеді. Сонымен қатар Оразалы Досбосыновтың замандастары, өнердегі серіктестері мен жақындары шараның құрметті қонағы болады.

Айтыс барысы YouTube платформасында тікелей эфирде, әлеуметтік желілердің ресми парақшаларында жарияланады. Жеңімпаздар жүлделі орындар мен арнайы сыйлықтарға ие болады. Барлық қатысушыларға ақшалай марапат беріледі.

Аталған айтыс – Сүйінбай Аронұлы, Абай Құнанбайұлы және Оразалы Досбосынов мұраларын кеңінен насихаттап, қазақ айтыс өнерінің ұлттық руханияттағы маңызын айқындайтын мазмұнды мәдени шара болмақ. Осыған орай, республикалық деңгейде өтетін бұл іс-шараны ақпараттық тұрғыдан кеңінен жариялау үшін барлық журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жан-жақты қолдау көрсетуге шақырамыз!

1. Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының ашылуы.

Өтетін уақыты: 4 қазан 2025 жыл, сағат 15:00-де.

Өтетін орны: Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазыбек би 30/1

2. «Қазақта қара сөзге дес бермедім…» І республикалық жас ақындар айтысы.

Өтетін уақыты: 5 қазан 2025 жыл, сағат 09:00-де.

Өтетін орны: Абай атындағы ҚазҰПУ, Төле би 86, АКТ зал, 3 қабат;

Қосымша сұрақтар бойынша: +7 777 565 40 78 Дәрмен Смайыл