Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:12

"Қазақтарды соғысқа тартпаймын". Тасмағамбетов мәлімдеме жасады

Тасмағамбетов
Фото: Голос Народа

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов «Известия» басылымына берген сұхбатында Украинадағы соғысқа қатысты айтылған ақпараттарға жауап берді.

 Әлеуметтік желіде тараған «Қазақстан әскері Украинаға жіберіледі» деген жалған ақпаратқа үнсіз қалмай, Тасмағамбетов өзіне тағылған айыптауларға ашық түрде қарсы шықты.

Тасмағамбетов өзінің өмір жолын, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін атап өтіп, елдің мүддесін әрдайым жоғары қойғанын айтты. Ол өзінің қазақ мәдениетіне жақын, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген адам екенін, сондай-ақ әлеуметтік желіде тараған жалған ақпараттарға қарсы жауап беруге шешім қабылдағанын мәлімдеді.

««Әлеуметтік желіге сенген кейбір адамдар үндемегенді басқа теуіп, табанына тастауға даяр, жағадан алып, жаныштауға құмар екендігіне көзім әбден жетті. Сондықтан да азды-көп абырой, атымды болымсыз ортаның саудасына салмай, барша айып таққыш жаранға бір жауабын берсем деп шештім», - дейді Тасмағамбетов.

Тасмағамбетов өзінің «ресейшіл» деген айыптауларға жауап бере отырып, бұл сөздерді «жел айдаған дәнсіз қауызға» теңеді. Ол, халықаралық әскери ұйымдардағы қызметі арқылы елінің қауіпсіздігін қорғап жүргенін алға тартты.

«Туған жеріне салмағы жоқ, жел айдаған дәнсіз қауыз тәрізді кейбір бақытсыз жандар үшін мен ресейшіл, сатқын екенмін. Сонда қалай?! Келісім сөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін отқа, мүдде үшін суға түскенім үшін бе? Егер дәл солай болса, онда мен заманында «орысшылсың» деп айыпталған ұлы Абайдың сөзімен қайырайын: «Адамнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен» дейді. Яғни, жүрегің азаптан жарылайын деп тұрса да, қадіріңді білмегеннің алдында еңсеңді түсірме деген. Сондықтан түсінгендерді бағалап, түсінбегендерді саралап өтетін өмір бұл», – деді ҰҚШҰ бас хатшысы.

Иманғали Тасмағамбетов «өз қазағын соғысқа тартпақ» деген айыптауларға да қарсы шықты. Бұл пікірлерді «қасаң әңгіме» деп атап, қоғамды салқынқандылықпен және ақылмен ойлауға шақырды. Тасмағамбетовтың айтуынша, әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату өте оңай, бірақ оның салдарына жауап беру және ар алдында есеп беру әлдеқайда қиын.

«Осыдан кейін өз қазағын соғысқа тартып жатыр деген қасаң әңгімеге қалай шыдайсың?! Білем, тұтас ойдан оймақтай сөзді жұлып алып, жаранға жар салатындар болған, бола да бермек. Өз тарапымнан халқыма айтарым, ағайын, не нәрсеге де ақылмен қарайық. Ал ақылды сақтайтын мінез деген сауыт бар, сол мінез бұзылмасын. Әрине, әлеуметтік желіде отырып мән-жайды анықтамастан жалған ақпарат тарату өте оңай. Қиыны – ар алдындағы жауап. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы, арлы адам – ең күшті адам, – деді ол.

Тасмағамбетов Қазақстанның сырттағы мүдделерін қорғауда үлкен жауапкершілік сезімін білдіріп, мемлекеттің мүддесін алға тартып жұмыс істегенін айтты. Оған қоса, мұндай қиын міндеттерді орындауда халықтың рухани қолдауы өте маңызды екенін және оның әрқашан құнды екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Қазақстанның жетістіктеріне, жемістеріне қуанып, өз елін сырттай қолдауды маңызды деп есептейтінін білдірді.

Айта кетейік, 6 наурызда  Иманғали Тасмағамбетов Ресейдің "Известия" газетіне берген сұхбатында "егер Еуропа елдері Украинаға әскер кіргізсе, ҰҚШҰ халықаралық келісімдерге сәйкес өзінің көмегін ұсына алады, бұл әрекет ұйымның жарғысына және барлық мүше мемлекеттердің келісіміне негізделген" деді. ҰҚШҰ бас хатшысының бұл сөзі қазақ қоғамында наразылық тудырды. Тасмағамбетовты бұған дейін де "ресейшіл" деп атайтындар бар еді. Себебі ол 2024 жылы 21 қарашада Ресей алғаш рет құрлықаралық зымыранымен Украйнаға соққы жасағанда 27 қарашада орыс басылымдарына сұхбат беріп "Ресей жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болды" деді. Бұл да қазақ қоғамының наразылығын туғызған болатын.