Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:12, 28 Қараша 2024

Тасмағамбетов Ресей гипер дыбысты зымыранды қолдануға мәжбүр болғанын айтты

Тасмағамбетов
Фото: odkb-csto.org

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов «Ресей жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болды» деді.

 27 қарашада жарияланған ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Тасмағамбетов Мәскеу 21 қарашада Украинаның Днепр қаласына соққы беру үшін қолданған гипер дыбысты зымыраны "Орешникті" қолдануын зерттеп жатқанын айтты.

"ҰҚШҰ барлық заманауи қару-жарақтарды қолдану, сынау және дамыту перспективалары тәжірибесін зерделеуде. Бұл біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Біз сондай-ақ Ресейдің жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болған халықаралық жағдайды бірге талдап жатырмыз", - деп жауап берді Тасмағамбетов ТАСС агенттігінің "Орешникті" қолдану туралы сұрағына.

Ресей "Орешникті" қолдануды Киев жақында Батыс елдерінен Ресейге атуға рұқсат британдық және америкалық зымырандарға жауап деп атады.

Тасмағамбетовпен сұхбат Астанадағы ҰҚШҰ саммиті қарсаңында жарияланды. Тасмағамбетов ҰҚШҰ аясындағы көмек қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша көрсетілетінін еске салып, Ресей тарапынан әзірге өтініш жасалмағанын атап өтті.

28 қарашада Астанада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Оған 27 қарашада Астанаға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (қазіргі уақытта ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді), Беларусьтің басшысы Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді.

Армения биыл Таулы Қарабақтағы Әзірбайжанның шабуылы кезінде Ереван көмек сұраған уақытта ҰҚШҰ көмек бермегесін ұйымнан шығып кетті.