Қазақтың алтын қызы – Әбиба

Венгрия астанасы Будапештте дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. 13 маусымда басталған бәсеке 20 маусымда мәресіне жетеді. Турнирге Қазақстан атынан 12 балуан аттанған. Әзірге қоржында бір медаль ғана бар. Бірақ сол бір медальдің өзі мыңға бергісіз маңызды жүлде болып отыр.
Жарыстың алғашқы күнінде 48 келі салмақта бақ сынаған Әбиба Әбужақынова күміс жүлдеге ие болды. Осылайша, ол әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы атанды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ешбір бұрымды балуанымыз дзюдодан әлем чемпионатының ақтық сынына жеткен емес.
Қазақстандық дзюдошы алғашқы айналымда ресейлік Марина Воробеваны, одан кейін бельгиялық Луи Петиді жеңді. Ширек финалда жапониялық Вакана Когадан басым түсті. Ал жартылай финалда испаниялық Лаура Мартинесті жарыс жолынан шығарды. Екі балуан белдесу кезінде екі ескерту (шидо) алған. Кейін төреші Мартинеске тағы бір ескерту беріп (үшінші шидо алған спортшы бірден жеңіліске ұшырайды), Әбужақынова финалға шықты.
Финалдық белдесуде Әбиба былтырғы финалист, италиялық Ассунта Скуттоға есе жіберді. Екі спортшы 2023 жылғы әлем чемпионатында қола медаль үшін күресіп, ол кезде де италиялық спортшы жеңіске жеткен болатын.
Жоғарыда жазғанымыздай, Әбиба Әбужақынова финалда жеңсе де, жеңілсе де тарих жаңаратыны анық еді. Тіпті бұл спортшы қыздар арасында қазақ дзюдосының тарихын бір өзі жазып жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Ол бұған дейін әлем чемпионатында екі мәрте қола медаль алған. Атап айтқанда, 2022 жылы Ташкентте (Өзбекстан) және 2024 жылы Абу-Дабиде (БАӘ) өткен әлем біріншілігінде үшінші орынға ие болды. 2023 жылы қола медаль үшін белдесуде жеңілген. Демек Әбиба 3 жыл қатарынан әлемдік доданың жартылай финалына жетіп, төртінші жылы алтынға таласып отыр.

Түптеп келгенде қазақ қыздары арасында әлем чемпионатында медаль алған жалғыз спортшы – Әбужақынова. Иә, бұған дейін дәл осы 48 келіде белдескен Отгонцэцэг Галбадрах Қазақстанға 2 қола медаль сыйлаған. Бірақ бұл спортшының легионер екенін бәріміз білеміз. Спорттағы мансабын аяқтаған соң туған жері Моңғолияға тайып тұрған. Легионерлерді есептемегенде, Әбиба дзюдошы қыздарымыздың жүгін жалғыз өзі арқалап жүр.
Сондай-ақ Әбужақынова – әлемдік Гран-приде алтын медаль алған тұңғыш қазақ қызы. 2023 жылы Португалияда өткен турнирде топ жарған. Басқаша айтқанда, Әбиба – қазақстандық қыздар арасында тұңғыш рет әлем чемпионатында медаль алған, тұңғыш рет әлем чемпионатының финалына шыққан, тұңғыш рет Гран-при чемпионы атанған спортшы. Оның үстіне әлем біріншілігінде 3 медаль алғаны да біз үшін үлкен жетістік. Бұған дейін мұндай дәрежеге даңқты дзюдошы Елдос Сметов қана жеткен. Оның еншісінде әлем чемпионатының 1 алтын, 2 қола медалі бар.
Әбужақынованың бұдан өзге де жетістіктері аз емес. Ол – 2023 жылы Ханчжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері. Азия чемпионатында екі мәрте күміс алған. Сондай-ақ Grand slam турнирлерінде 1 күміс, 8 қола медальге қол жеткізген. Гран-при бәсекелерінде 2 алтын, 1 қола медаль алды. 27 жастағы спортшы мансабында үлкенді-кішілі 24 жүлде жеңіп алған. Оның ішінде 3 алтын, 9 күміс, 12 қола медаль бар.
Әбиба өзі қатысқан Олимпиададан басқа халықаралық бәсекелердің бәрінде медаль алды. 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) осы олқылықтың орнын толтыруға тырысады. Ол бір Олимпиадаға ғана қатысты. 2021 жылы Токиоға Отгонцэцэг Галбадрах барып, жүлдесіз қайтқан. 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Әбужақынова жүлдеге бір табан жақын болды, бірақ қола жүлде үшін өткен белдесуде швед балуанына есе жіберіп, 5-орын алды.
Бірақ жанкүйер қауым Әбибаны Олимпиада жүлдегері ретінде қарсы алды. Ат мінгізіп, шапан жапты. Оның қайсар мінезі, жүлдеге деген ұмтылысы көпшіліктің ықыласына бөленген болатын. Қайсар қыздың Олимпиададан кейінгі «менің сынуға, жеңілуге, налуға және күреспеуге құқығым жоқ! Мен әлі-ақ жарқ етемін» деген сөзі де халыққа қатты ұнады.
«Күміс қолда, алтын жолда. Будапешттегі әлем чемпионатын күміс медальмен аяқтадым. Араға 10 жыл салып, әлем чемпионатының алтынын елге алып кету мақсатым болған. Өкінішке қарай, бұл жолы күміспен тоқтадым. Десе де жаңа Олимпиада циклін сәтті бастадым деп ойлаймын. Қола күміске айналды, күміс алтынға айналады. Маған қолдау көрсеткен әрбір жанкүйерге алғыс білдіргім келеді», – деп жазды балуан әлеуметтік желідегі парақшасында. Сондай-ақ ол өз елімізде өтетін әлем чемпионатында алтын медаль алуға ниетті екенін айтты. Қазақстанда дзюдодан әлем біріншілігі 2027 жылы өтеді.

Әбиба Әбужақынова 1997 жылы Өзбекстанның Ташкент облысындағы Шыршық қаласында дүниеге келген. 11 жасынан бастап дзюдомен айналысады. 2014 жылы Шымкент қаласына көшіп, Алматыдағы республикалық спорт колледжіне оқуға түскен. Қаршадай қыздың ата-анасынан жырақтап, жалғыз өзі алыс жерде жүріп, спортпен шұғылданғанының өзі үлкен ерлік саналады. Ал Әбиба сол ерліктен үлкен нәтиже шығарып, даңқты балуанға айналып отыр. Сондықтан да оны жай спортшы ғана емес, қайсарлықтың, табандылықтың үлгісі деп отырмыз. Әбужақынова – Қазақстан қыздар дзюдосын жаңа белеске шығарған, ел спорты тарихында өзіндік орны бар спортшы.
Қазақ дзюдосының тарихы
Дзюдо – төрткүл дүниеге кең тараған жапон күресі, әлемдегі ең танымал жекпе-жек өнерінің бірі. Дүниежүзінде 28 миллионға жуық адам дзюдомен айналысады деген ақпарат бар. Бұл спорт түрі 1882 жылы пайда болған, негізін қалаушы – Дзигоро Кано. 1951 жылы Халықаралық дзюдо федерациясы құрылып, тұңғыш әлем чемпионаты Токиода өткен.
Қазір дзюдодан әлем чемпионаты Олимпиада өтетін жылдарды қоспағанда, жыл сайын өткізіледі. Алғашқы ресми әлем чемпионаты 1956 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен, екі жылдан кейін екінші чемпионат та сонда ұйымдастырылды. Алғашқы чемпионаттарда балуандар салмақ категориясына бөлінбей белдескен. Оның үстіне жарыстар тек ерлер арасында өтті.
1964 жылғы Токио Олимпиадасында дзюдо алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енді. Ал 1965 жылдан бастап әлем чемпионатында салмақ категориясы енгізіліп, турнир екі жылда бір рет, тақ жылдары өтетін болды. 1980 жылы әйелдер арасында алғашқы әлем біріншілігі өтті. Бұл бәсеке екі жылда бір мәрте, жұп жылдары өтіп отырды. 1987 жылы екі турнир бірігіп, қазіргі әлем чемпионаты пайда болды. Жарыс екі жыл сайын, тақ жылдары өтеді деп белгіленді. Бұл ереже 2007 жылға дейін сақталып, сол жылдан бастап қазіргі ереже күшіне енді.
Қазақстанда да дзюдоға қызығатындар аз емес. Дзюдо федерацияның мәліметінше, елімізде осы спорт түрімен 90 мыңға жуық адам айналысады, олардың басым бөлігі балалар. Қазақстанда дзюдо федерациясы 1973 жылы құрылған. Елімізден шыққан алғашқы дзюдошылар ретінде Анатолий Малкин, Тілеухан Әміржанов, Владимир Пак, Анатолий Сун, Әбілқайыр Байбосынов, Батырбек Сейсенбаев сияқты спортшыларды атауға болады. Қазақстандық дзюдошылар арасынан Марат Әзімбаев Еуропа чемпионы атанған.
Өткен ғасырдың 70–80-жылдары Али Хамхоев, Қайрат Мысықбаев, Сергей Аширов, Ахат Әшіров, Серік Шакимов, Асланбек Омаров, Ирина Семенюк қатарлы қазақстандық балуандар ССРО жазғы Спартакиадасында, Одақ және Еуропа біріншілігінде жүлде алды.
Ал тәуелсіздік алған соң қазақ дзюдошылары жеке құрама ретінде халықаралық жарыстарға қатыса бастады. 1993 жылы Қазақстан дзюдо федерациясы Азия дзюдо одағының құрамына енді. Сол жылы өткен Азия чемпионатында біздің құрама Жапонияға ғана есе жіберіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Ал 1994 жылғы Азиада ойындарында үш медаль жеңіп алды. 1998 жылы Мәскеуде өткен әлемдік жасөспірімдер ойындарында қазақстандық Ерлан Сілямбаев алтыннан алқа тақты.
Осы жерде бір қызық дерек бар. Қазақстанға дзюдодан ересектер арасындағы әлем чемпионатының алғашқы медалін қазір Ақтөбе облысының әкімі болып отырған Асхат Шахаров сыйлаған. 2001 жылы Мюнхенде (Германия) өткен біріншілікте Шахаров пен Асхат Житкеев қола медаль алды. Қайсысы бұрын жүлде алғаны жайлы нақты дерек жоқ, бірақ Житкеев 100 келіде, Шахаров 73 келіде бақ сынағанын ескерсек, жеңіл салмақтағы балуан бірінші болып өнер көрсеткен болуы мүмкін. Демек ел тарихындағы алғашқы жүлдені болашақ әкім алған деген сөз. Ал Житкеев кейінірек, 2008 жылы Бейжіңде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанды.

Қазақстандық дзюдошылар тәуелсіздік алғаннан бері жазғы Олимпиада ойындарына 8 мәрте қатысты. Жалпы 63 спортшы (ерлер – 43, қыздар – 20) бақ сынады. Бірақ бұйырғаны 6 медаль ғана. Алғашқы жүлдені 2008 жылы Асхат Жіткеев (100 келі) алғанын айттық, ол күміс жүлдегер атанған. 2012 жылы Лондонға 9 дзюдошы апарғанымызбен, медаль бұйырған жоқ. Жай медаль емес, алтын алады деп үміттенген Максим Раков (100 келі) алғашқы айналымда сүрінді. Ал 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов (60 келі) күміс, Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) қола медаль жеңіп алды.
2020 жылғы Токио Олимпиадасы 2021 жылы өткенін жақсы білеміз. Күншығыс еліне Қазақстаннан 6 дзюдошы барған. Бірақ Сметов қана (60 келі) жүлде алды. Оған қола медаль бұйырды. Қазақ дзюдосы үшін ең табысты Олимпиада 2024 жылы Парижде өтті. Оған дейін қола мен күміс медалі бар Елдос Сметов Франция астанасында чемпион болып, үш Олимпиадада қатарынан жүлде алған әрі толық медаль жиынтығын жинаған спортшы атанды. Қазақстанда мұндай жетістікке жеткен екі-ақ адам бар. Елдостан бұрын жеңіл атлет Ольга Рыпакова осындай белесті бағындырған (Бейжіңде – күміс, Лондонда – алтын, Риода – қола медаль). Сондай-ақ Парижде Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) қола медальге ие болды. Айтпақшы, Қырғызбаев Мажарстанда ширек финалда сүрінді.
Қазақстанда әлем чемпионы атанған екі-ақ дзюдошы бар. 2009 жылы Роттердамда Максим Раков (–100 келі), 2015 жылы Астанада Елдос Сметов (60 келі) әлем үздігі атанған. Бұдан бөлек, еншімізде 6 күміс, 8 қола медаль бар. Әлем біріншілігінде жүлде алған спортшылар:
2001 жылы Мюнхен. Асхат Шахаров (73 келі) пен Асхат Житкеев (100 келі) қола медаль;
2009 жылы Роттердам. Максим Раков (100 келі) алтын медаль;
2011 жылы Париж. Максим Раков (100 келі) күміс медаль;
2013 жылы Рио-де-Жанейро. Азамат Мұқанов (66 келі) күміс медаль;
2015 жылы Астана. Елдос Сметов (60 келі) алтын, Рустам Ибраев (60 келі) күміс медаль;
2017 жылы Будапешт. Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) қола медаль;
2018 жылы Баку. Ерлан Серікжанов (66 келі) күміс, Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) қола медаль;
2019 жылы Токио. Елдос Сметов (60 келі) қола медаль;
2021 жылы Будапешт. Ғұсман Қырғызбаев (60 келі) күміс медаль;
2022 жылы Ташкент. Елдос Сметов (60 келі) қола, Әбиба Әбужақынова (48 келі) қола медаль;
2024 жылы Абу-Даби. Әбиба Әбужақынова (48 келі) қола медаль;
2025 жылы Будапешт. Әбиба Әбужақынова (48 келі) күміс медаль.
Сондай-ақ қазақстандық дзюдошылар Азия ойындарында 2 алтын, 11 күміс және 23 қола медаль алған. 2014 жылы – Елдос Сметов, 2018 жылы – Дидар Хамза Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Сметов – Қазақстан дзюдо тарихында ең ірі жүлделердің бәрін ұтқан жалғыз спортшы. Ол Азия чемпионатында, Азия ойындарында, әлем чемпионатында, Олимпиада ойындарында, сондай-ақ Grand slam, Гран-при турнирлерінде топ жарған. Мансабында 13 алтын, 7 күміс, 9 қола – жалпы 29 медаль алды.
Қуаныш Қаппас