Қазақтың күткені алтын еді...
Газетіміздің бүгінгі нөмірі беттеліп жатқанда Париж төрінен қуанышты хабар жетті. Франция астанасында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына екінші күміс медаль түсті. Оны грек-рим күресінен сынға түскен Демеу Жадыраев жеңіп алды. Біздің балуан ақтық сында жапониялық Нао Кусакаға есе жіберді.
77 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жатқан Жадыраев финалға дейін кіл мықтыларды жеңіп, аса қиын жолмен жүріп өтті. 1/8 финалда Панамерика чемпионатының жеңімпазы, колумбиялық Хаир Алексис Куэроны таза жеңді. Ширек финалда қырғыздың даңқты балуаны, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовтан 3:1 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Әзербайжан үміті Санан Сүлеймановтан айласын асырды.
Финалдағы қарсыласы Нао Кусака да осал емес, ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы. Ал Демеу Жадыраев – Азия чемпионаты мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ең қызығы, Демеу бұған дейінгі ең құнды жүлдесі, 2017 жылғы әлем біріншілігінің күміс медаліне дәл қазір Олимпиада өтіп жатқан Париж қаласында қол жеткізген.
Финалдық белдесу тартысты басталды, Медеу екі ұпаймен алға шыққан. Бірақ жапон балуаны төрттағанға тұрғында әдіс жасай алмады. Ол алғашқы 3 қарсыласын да осындай сәтте кілемнен жұлқи көтеріп, ұпай алған еді. Ал Жапония өкілі белдесу барысында 4 ұпайға ие болып, жалпы есепте 5:2 есебімен жеңіске жетті. Жадыраев – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері!
Қазақ жанкүйерлері Жадыраевтың жүлдесін асыға күтті. Өйткені грек-рим күресінен Олимпиада ойындарында медаль алған балуандарымызды санауға бір қолдың саусағы жетеді. Олар – Юрия Мельниченко (алтын, 1996), Георгий Цурцумия (күміс, 2004), Мхитар Манукян (қола, 2004), Нұрбақыт Теңізбаев (қола, 2008) және Даниял Гаджиев (қола, 2012).
Яғни қазақстандық балуандар грек-рим күресінен Олимпиада финалына 20 жылдан кейін шығып отыр. Ал алтын алмағанына 30 жылға жуықтады. Сол үшін де сейсенбі күні Жадыраев ақтық сынға жолдама алғанда жанкүйер қауым қатты қуанды.
1980 жылы Мәскеуде Олимп шыңын бағындырған Жақсылық Үшкемпіровтен бері ешбір қазақ балуаны мұндай биікке көтеріле алмады. Тіпті тәуелсіз Қазақстан тарихында бірде-бір қаракөзіміз Олимпиада финалына шыға алған жоқ. Осы олқылықтардың орнын толтырған Демеуге дүйім жұрт дән риза.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасындағы алтыншы медаліне қол жеткізді. Бұған дейін қоржынға 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль түскен. Бас бәйгені дзюдошы Елдос Сметов жеңіп алса, күміске гимнаст Нариман Құрбанов қол жеткізді. Ал мергендер Ислам Сәтбаев пен Александра Ле, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев және боксшы Назым Қызайбай үшінші орыннан көрінді. Назым Қызайбай 7 тамызға қараған түні Қытай спортшысына есе жіберіп, қоланы қанағат тұтты.
Демек, Париж шаршы алаңында жалғыз қазақ боксшысы финалда бақ сынайды. Ол – 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Нұрбек Оралбай. Нұрбек ақтық сында Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, украиналық Александр Хижнякпен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек 8 тамызға қараған түні Астана уақытымен 01:50-де басталады. Қазақ боксының жалғыз үкілі үмітіне жеңіс тілейміз.
Қуаныш Қаппас