Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 03 Қыркүйек 2024

Қазақтың тұнық тілі – калькаға, түзу емлесі – қойыртпаққа айналды

Арман Әлменбет, Орынай Жұбаева, Бибарыс Сейтақ

Қазақ тілінің тағдыры мен тарихы, болашағы мен бағыты жайлы аз айтылған жоқ. Десек те, қазіргі мәселенің ірісі – қазақ тілінің өміршеңдігі болса, екіншісі – қолданыстағы тілдің тазалығы.

Яғни қоғам қолданысындағы «түрленген», бүлінген тілдің басты дерті – орысшадан тікелей аударылған калька тілінен жұққан. Ең сорақысы – мұндай дүниелер айтыла беріп қалыпты, құлаққа үйреншікті болып барады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Шора» журналына: «Растыққа жүгінсек, түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта... Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ йә құрып жоқ болар, йә өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. Жиырмасыншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып, быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас» деп жазады.

Бір ғасыр бұрын айтылған осы сөздердің ақиқаты дәл қазір өзекті. Себебі тілдің тағдыры мен ұлттың тағдыры тығыз байланысты. Оның үстіне, қазіргідей цифрлық технологияның қарыштап дамыған заманында интернет пен әлеуметтік желілердегі тіл тазалығының сақталуы айрықша рөл атқарады. Мемлекеттік органдардан бастап бизнестегі құрылымдарға дейін баспасөз ақпараттарын әуелі орыс тілінде дайындап, кейін қазақ тіліне аударуының салдарынан түсініксіз тіркестер мен мағынасыз сөйлемдер қаптап кетті. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының ресми сайттары мен смартфон қолданбаларындағы сөз мәдениеті көңіл көншітпей тұр. Мемлекеттік органдар мен компаниялардың «пресс-релиздік» тілде жазылған мәтіні ақпарат көздеріне жолданып, сол арқылы халыққа жетіп, қазақ тілі осы үрдістен қойыртпаққа айналып бара жатыр. Қойыртпақ тіл жылдар өте ана тіліміздің тазалығына кесірін тигізбей қоймасы анық. Мысалды алыстан іздемей-ақ, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайтына бас сұғып, орыс және қазақ тілінде жарияланған ақпараттарды салыстырып көрдік. Мәселен, сайтқа жарияланатын мәтіндерді алдымен орыс тілінде дайындап, кейін интернеттегі аудармашы-боттардың көмегімен қазақшаға аударатынын байқадық. «Қазіргі жағдайда қаражат көбінесе басқа юридикцияларға шығарылады, сондықтан ұрланғанды анықтау және қайтару бойынша халықаралық ынтымақтастық маңызды» деген сөйлем осының бір мысалы. Сөйлем құрау дағдымыздың өзге тілдің синтаксисі жетегіне бейімделіп бара жатқаны да жасырын емес. Бұл сөйлем де түсініксіз, құрылымы қате. Бұдан бөлек, «Республикалық дерматология ғылыми орталығының басшысы жемқорлықпен күдіктелуде» деген сөйлем де қисынсыз құрылған. Атап айтсақ, қазақ тілінде «күдіктелу» деген сөз жоқ, орыс тіліндегі «подозреваеться» деген сөзді калькалап алған. Мұның орнына «күдікке ілінді» деген тіркесті қолданса, әлдеқайда тілге жатық, жұп-жұмыр болар еді. Ал «заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті» сөйлеміндегі «маңыздылық» сөзі де естір құлаққа түрпідей тиеді. Аудармашылар арасында орыс тіліндегі «-ный» қосымшасын -лы, -ды -ты немесе –лық -дық -тық жұрнағын жалғап аударатындар жиі кездеседі. Бірінші кезекте, бұл қосымша жалғанған сөзді аударарда алдымен оның мағынасына үңіліп алу керек. Мысалы, «рыбная ловля» деген тіркесін «балықты не балықтық аулау», «звездный концертті» «жұлдызды концерт» деп қолдана алмаймыз, -лық жұрнағын қай сөз болсын жалғай беру жөнсіз. «Ақаулық» емес, «ақау» деу орынды, сол секілді «маңыздылығын» емес, «маңызын» деген жөн. «Денсаулық сақтау министрлігімен мақұлданған»түрінде беріліп жүрген сөйлем дұрысында «Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған» болуы керек.Бұдан бөлек, «болып табылады» мен «орын алды» дегенге бүгінде көз де, құлақ та үйрене бастады. Елімізде қабылданған заңдар атауының бірде-біреуі «бойыншасыз» жазылмайды. Қазір жұмысты істемейміз, «жасаймыз». Туған күнді емес, «туылған күнді» атап өтіп жүрміз. «Жатыр­ған», «отырған» сияқты сөздер де халықтың сөз саптауы мен сөздік қорынан «ойып тұрып» орын алған. Осы секілді баспасөз бен әлеуметтік желілерде жарияланатын хабарламалардан алынған ақпаратты оқыған оқырманның, естіген көрерменнің сөз саптауы бірте-бірте орысшаланып бара жатқаны алаңдатады. Бүгін калька және тіл мәселесі туралы мамандардан жауап алдық. Сауатсыздықтың түпкі себебі неде? Калька деген құбылыстың өзі қазақ тілін оқытудағы қателіктен туындай ма, әлде мемлекеттің тіл саясатында ұстанып отырған жүйесіздігі ме? Осы тақырып турасында «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігінің» құрастырушысы, филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева, баспагер, жазушы Арман Әлменбет және Qazaq Bubble жобасының авторы Бибарыс Сейтақ пікір білдірді.

Орынай Жұбаева: Мектепте «Қазақ тілі» пәні дұрыс оқытылмайды

Тіл – халықтың рухы. Тілдің тағдыры мен ұлттың тағдыры тығыз байланысты. Тіл тазалығын сақтау керек екені туралы А. Байтұрсынұлы, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, М.Ғабдуллин, М.Балақаев, Р.Сыздық, Х.Нұрмаханов сынды ғалымдардың еңбектерінде сөз болды. Алайда бүгінгі таңда тілдегі жүйені, заңдылықтарды бұзушылар, норманы түсінбеушілер күн санап көбейіп келеді. Орыс тілінен жасалған калька аударманың салдарынан тілімізге жат құрылымдар бұқаралық ақпарат құралдарында да, ғылыми еңбектерде де жиі қолданылып келеді. Қазіргі кезде ән шырқайтын болады, сыйлық берілетін болады, жарнамадан кейін жалғастыратын боламыз, Алдағы уақытта қалған су айдынына конкурс жарияланатын болады сияқты қолданыстарды жиі естиміз. Орыс тіліндегі буду ходить, буду читать сияқты тіркестер қазақ тіліне келемін, оқимын түрінде аударылуы керек. Себебі -а/-е/-й көсемше тұлғалы етістік келер шақ (ауыспалы келер шақ) мағынасын бере алады. Сондықтан оған әрдайым бол көмекші етістігін тіркестіре берудің қажеті болмайды. Мұның бәрі қазақ тілінің нормаларын белден басып, орыс тілінен сөзбе-сөз аудару салдарынан пайда болған. Әрине, кейде Сіздер баяндауыштың сөйлемнің соңында келетінін білесіздер, енді ол қандай сөз таптарынан жасалатынын білетін боласыздар деген сияқты сөйлемдерде ғана нақтылау үшін бол көмекші етістігін мақсатты түрде қолдануға болады. Алайда барлық жерде бейберекет қолдана беруге болмайды. Тележүргізушілер мен тілшілеріміз -у керек тұлғасымен келген тіркестерді бару керекпіз, білу керекпін, т.с.с. түрде жиі қолданады. Бұл да орыс тіліндегі должен знать, должен идти, т.с.с. қолданыстардың әсері. Дұрысы – айтуымыз керек, білуім керек.

Қате қолданыстардың көбеюінің себебі көп. Ең негізгі себеп – қазіргі кезде мектепте «Қазақ тілі» пәні дұрыс оқытылмайды. Қазақ мектептеріндегі «Қазақ тілі» пәнінің оқулықтарында тілдегі жүйе, норманың орнына түрлі тақырыптағы лексикалық тақырыптар берілген. Орыс мектептері мен қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың жүйесі, құрылымы мүлде бөлек болуы тиіс. Ақымет Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты кітаптары мен Қошке Кемеңгерұлы, Телжан Шонанов, Молдағали Жолдыбаев сынды өзге ұлт өкілдеріне «Қазақ тілі» оқулықтарын өзара салыстырсақ, ғалымдардың ұстанымы анық көрініп тұрады. А. Байтұрсынұлы оқулықтарында лексикалық тақырыпқа басымдық берілмей, тілдегі заңдылықтарды, норманы – грамматиканы үйретуге тырысқан. Ал өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін оқулықтар мен оқу құралдарында лексикалық тақырыптар беріліп, тілдегі жүйе қосымша түсіндіріліп отырған. «Қазақ тілі» пәнінде тілдің заңдылықтары, норма үйретілмесе, бала оны қайдан біледі? Қазақ мектебінде оқитын баланы лексикалық тақырыптармен ғана шектеуге болмайды.

Қазір ата-ана баласына балабақшадан бастап ағылшын тілін үйреткісі келеді. Балалар телефон, компьютердің қызығына батып, ағылшын, орыс тілдеріндегі материалды көбірек қызықтайды. Ғылыми зерттеулерде жан-жақты дәлелденгендей, бала шет тілді үйрену үшін алдымен ана тілін толық меңгеріп алуы тиіс. Жапон ғалымдары бастауыш мектепте балаға ана тілін ғана үйретеді. Себебі өз ойын жеткізу үшін баланың тілдік санасында схема-үлгі қалыптасады. Соның негізінде ол сөйлем құрап жаттығады. Психолингвистер бала мектепке бармас бұрын тілді меңгеріп алатынын айтады. Себебі қазақ баласы мектепке бармай тұрып-ақ сөз таптарын, сөйлем мүшелерін ажырата алмаса да, ойын жеткізу үшін баяндауышты сөйлемнің соңына, бастауышты одан бұрын қояды, анықтауыш мүшені бастауыштан бұрын қояды. Зат есімнің нәрсенің атын, сын есімнің заттың белгісін білдіретінін, т.с.с. толық біледі. Мектепке барған соң олардың қандай сөйлем мүшесі екенін түсінеді.

Оқулықтар орыс тілінен не өзге шет тілден аударылмай, қазақ тілінде жазылуы керек. Қазіргі кезде «Математика» оқулықтарынан бастап, «Еңбек», «Өнер» оқулықтарына дейін көбінесе өзге тілден аударылады. Оқулықтың тілі сапасыз, калька аудармалар жиі кездеседі. Дұрысында, қазақ мектептеріндегі оқушыларды «Қазақ тілі» пәнінде лексикалық тақырыпқа байламай, барлық пән баланың ойын қазақша дұрыс жеткізуі үшін, тілдегі заңдылықтарды сақтап, әр сөзді орнымен қолдануға баулуы керек. Ал аударма оқулықтардан ондай нәтиже күте алмаймыз. Тілдік санада ана тілінің схемасы әлі қалыптаса қоймаған балаға басқа тілді үйрету баланы осылайша жаңылдыруға, ана тілінің өзіндік ерекшелігін түсінбеуге апарып соғады. Ана тілін меңгерген бала басқа тілдің заңдылықтарын өз тілімен салыстыра отырып, тез меңгереді. Әр тілдің өзіндік заңдылықтарын түсінеді. Осы тұрғыдан алғанда, баланың тілдік санасында ана тілінің схемасы (сөйлеу дағдылары) қалыптаспай тұрып, басқа тілді үйрету бала үшін де, мұғалім үшін де ауыр. «Айтуға оңай» бағдарламасында үш тілді қатар үйреніп жүрген бүлдіршіндер туралы сөз болып еді. Сонда жүргізуші бағдарлама соңында үш тілде онға дейін санап беруді өтінгенде, қазақтың баласы ағылшын, орыс тілдерінде еркін санағанымен, қазақ тілінде санай алмағанының куәсі болдық. Яғни ата-анасы баланың басқа тілдерді (ағылшын, орыс) дұрыс меңгеруіне мән бергенмен, ана тілін қаншалық меңгеріп жатқанын елемеген. «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» дейді қазақта. Сондықтан бала тілдегі жүйені, норманы меңгеріп, дұрыс түсінуі үшін стандарт, бағдарламадан бастап, «Қазақ тілі» оқулықтары түбегейлі өзгеріп, жөнделуі керек.

Қытайда жүргенімде (Бейжің қаласында арнайы шақыртумен «Қазақ филологиясы» факультетінде қазақ балаларына бірнеше жыл «Қазақ тілінен дәріс оқығам) ханзу балабақшасына баратын қазақ баланың ата-анасына: «Бар жоқ!» – деп жылағанын көріп, қайран қалғам. Сөйтсем, ол – «Бармаймын!» дегені екен. Яғни бала ойын жеткізу үшін сөйлемнің схемасын басқа тілдің талаптары бойынша құрып жатыр: болымсыздықты білдіретін қосымша қазақ тілінің заңдылығы бойынша түбірден кейін келеді. Ал басқа тілде олай бола бермеуі мүмкін. Мысалы, орыс тілінде ол түбірден бұрын келеді (не пойду!). Үйлену тойларында тост берілген кезде «Екі жас бақытты болсын!» дегім келеді», – деп тілек айтушыларды жиі кездестіреміз. Қолына микрофон беріліп, елдің бәрінің назары өзінде болған кезде тілегін айта бермей ме? Үйден шыққан кезде «осылай тілек айтсам» деп ойын жинақтап жатса, – бір жөн. Бұл да орыс тілінің үлгісімен хочу сказать, хочу пожелать сияқты қолданыстарды сөзбе-сөз аудару нәтижесінде пайда болған. Қазақша дұрысы: «Екі жас бақытты болсын!» емес пе? Сол сияқты «Шын жүректен құттықтаймын» деген қолданыстар да жиі естіледі. Еріксіз «Осы уақытқа дейін өтірік жүрекпен жүріп, енді шын жүрегімен құттықтап жатыр екен!» деген ойға келесің. Бұл – орыс тіліндегі «Поздравляю от чистого сердца» деген тіркесінің калька аудармасы ғой.

Теледидар арқылы беріліп жатқан, көшеде ілулі тұрған жарнамаларда қазақ ұғымына жат қолданыстар жиі орын алады. Мысалы, тіркесе алмайтын сөздерді қатар қою: Сүйікті кофенің қанық дәмінен рахат аламын... Таңғы астың 15 минутын «Президент» сүзбесіне арнаймын... Дәмі жұмсақ және қанық келеді... Әлемдегі ең көңілді ботқаны мен ғана білем... Дұрысында, қанық сөзі дәмге қатысты емес, түске қатысты қолданылады. Мұндай сөйлемдер түсініксіз болғандықтан, әсері де болмайды. Бүгінгі таңда газет, журнал сияқты басылым беттерімен қатар радио, теледидар тілінде де байланысты, орай, арқасында, кесірінен, салдарынан, қарай, т.с.с. сөздерді дұрыс тіркестірмеудің салдарынан өкінішке орай, жауын-шашын салдарынан егін бітік шықты, жол апатының арқасында, т.с.с. қолданыстар кездеседі. Орай, арқасында септеулігінің дұрыс, оңтайлы іс-әрекетке, қимылға, орайлы іске байланысты қолданылатыны, керісінше, салдарынан, кесірінен сөздерінің жағымсыз құбылыстарды бейнелеуде қолданылатыны, эмоционалды-экспрессивті бояуы төмен сөздермен тіркесетіні, тура келеді, мәжбүр болды тіркестерінің амалсыздан, лажсыздан болған қимылды білдіретіні, т.с.с. көп жағдайда ескеріле бермейді. Сол сияқты қазіргі кезде жарнама тілінде ырықсыз етіс тұлғалары жиі қолданылатын болды.

Қазіргі кезде радио, теледидар арқылы тікелей эфирді жүргізетін журналистердің тілінде қате көп кездеседі. Әннің мәтіні сын көтере алмайтын халде. Қазіргі кезде аттракцион, супермаркет, парк, т.с.с. көпшілік шоғырланатын жерде, ойын-сауық кешендерінде көбінесе шет елдік әуендер қойылады. Арагідік қазақша әндер қойылса да, сөздері түсініксіз, тез жалықтыратын әуендер беріледі. Ата-ана әрдайым баласын қыдырта бермейтіні, жұмыстан босай бермейтіні түсінікті. Сонда баланың көңілді, қуанышты, бақытты сәттері шет елдік әуенмен есте қалады. Қазақтың күйін мейрамханаларда ет тартатын кезде ғана еститін болдық. Соңғы жылдары құлақтың құрышын қандыратын күй шықпай қалды. Балалар кітап оқығысы келмейді, домбыра тыңдағысы келмейді, күйді түсінбейді. Күй тартылып жатқан кезде тыңдармандар жағаласып қол соғып отырады, т.с.с. Қазақтың әндерін, күйлерін тыңдаған кезде шет елдік сөздерді (Бис! Браво!) айтып, қолпаштайды. Қазақ қоғамы күй тыңдау мәдениетінен, ұлттық ділінен, таным-түсініктен ажырап барады. Торттың үстіне шырақ жағып, арманын айтып, үрлеп сөндіру – «Шырағың сөнбесін!», «Отың өшпесін!» деп тәрбиеленген қазақ баласы үшін мүлде жат!

Арман Әлменбет: Қазақша білім алмаудың салдарынан қойыртпақ тіл қалыптасты

Өз тұғырына әлі қона алмай келе жатқан қазақ тілінің қойыртпақ тілге айналып бара жатқаны жасырын емес. Бұл құбылыстың бірнеше себебі бар. Ең әуелі тарихи тұрғыдан бағамдаған жөн. Біздің жаппай орыс тілін үйреніп, әлі күнге сол тілге масыл боп отырғанымыз тілдің «бүлінуіне» әкелді. Қазір барлық шаруаны орыс тілінде шешіп, қазақ тіліне саналы түрде көше алмай отырмыз. Тілдің 4 түрлі функциясы бар: қарым-қатынас құралы, әлемді тану, білімді жинау және білімді беру. Осы тұста халықтың білімді жинау функциясы басқа тілде жүреді, қазақша білім алмаудың салдарынан қойыртпақ пайда болады. Сәйкесінше, білімді басқа тілде алған адам басқа тілде ойланады. Шет тілде ойланып, қазақ тілінде сөйлеген кезде басқа тілдің құрылымына қарай ойысып кетеді. Тағы бір себебі – қазақ тілінің дұрыс оқытылмай жатуы. Қазақша бір ауыз сөз білмей, бала келесі сыныпқа өте береді. Халықтың санасында қазақ тілін артта қалған, сорлы халықтың тілі сынды қабылдау қалыптасқан. Калька деген құбылыстың өзі қазақ тілін оқытудағы қателіктен туындаса, бір жағынан мемлекеттің тіл саясатында ұстанып отырған жүйесіздігінің салдарынан туындайды.

Осы тұста қазіргідей цифрлық дәуірде смартфон қолданбалары, сайттар мен әлеуметтік желілердің қазақ тіліндегі нұсқасын пайдаланудың маңызы зор. Бәрін бірдей жаман деуге болмас, мысалы, Kaspi.kz, Koleso.kz сынды қолданбалардың қазақша нұсқасы әлдеқайда жақсы. Ал қазақ тілін қолданысқа енгізбеген не қазақшасы болса да, түсініксіз аударылған сайттар мен қолданбалардың бары да жасырын емес. Бұл қазақша ойланбаудан пайда болатын құбылыс әрі қазақтардың көнбістігі мен талап қоя алмауы, қарсылық танытпауы осы жағдайдарға себеп болып тұр.

Бибарыс Сейтақ: «Қазақшасын бәрібір ешкім оқымайды» деген немқұрайлықтың кесірі

Ең әуелі қойыртпақ тіл не екенін анықтап алуымыз керек. Ғылымда ондай ұғым жоқ. Тіл қашанда өзгеріп отырады, оны жоққа шығара алмаймыз. Калька тіл пайда болды деу де асыра сілтегендік сияқты, ол қайткен күнде белгілі бір жанрларда, я стильдерде ғана көрініс тауып жүрген мәселе. Сұрақты екіге бөліп жауап берейін: әуелі калька, сосын сауатсыздық. Калька – тілде қашанда болатын құбылыс. Әлемдегі барлық тіл, соның ішінде орыс тілінің бір сөзін де естімеген орта ғасырлардағы қазақ тілі не оның басқа тарихи формалары да – бәрі тұнып тұрған калька. Иә, сіз меңзеп отырған мәселені мен де үлкен мәселе деп санаймын. Бірақ ол тіл мәселесінен бұрын белгілі бір салалардағы олқылықтар: аударма саласы мен жалпы гуманитарлық ғылымдарға деген немқұрайлылық. Бізде адамдар сауатсыз емес, адамдар аудармамен, я редакторлықпен айналысуға арнайы білігі жоқ, я өресі жетпейтін біреулерге аударма мен редакторлықты сеніп тапсыра беретін жаман әдетіміз. Аудармашы болу, редактор болу – бұлар еріккеннің ермегі емес, ол арнайы оқытылатын дүниелер, аудармашы немесе филолог болып оқи аласыз. Өмір бақи қазақ тілінде ғана сөйлеп, әдебиеттің түр-түрін оқып шықсаңыз да, редактор бола салу деген оңай шаруа емес. Аударма мен редакторлықты кім көрінгенге жасата беріп, сіз айтып отырған «қойыртпақ тіл» пайда болды, өте сапасыз, оқуға келмейтін мәтіндер көбейді. Екіншіден, бұл жерде «құрсыншы, қазақшасын бәрібір ешкім оқымайды» деген тілге деген немқұрайлылық және бар, ал мәтіндер барған сайын түсініксіз бола берсе, ақыр аяғында расында оны оқитындар да азаяды, осылайша, шексіз шеңбер қалыптасады. Мен калька мәселесін жалпы сауат мәселесінен бөлек қарастырамын, өйткені қисық кальканың түр-түрін «сауатты» адамдар да рахаттанып тұрып қолданады: қазақша жалпы дұрыс жазатын, Н мен Ң’ды ажырататын, да/де’ні бөлек жазатын адамдардың талайы үшін «оймен бөлісу», «бірдеме» тобымен ұйымдастырылған концерт» деген тіркестер, керісінше, «жоғары стиль, ресми іс-қағаздар стилі» болып көрінеді. Сондықтан сауат, орфографиядан хабардар болу-болмау мәселесіне бөлек тоқталғым келеді (күйеу дегенді киеу, кю деп жазатындарға, мысалы). Негізі дүрбелеңге салмас бұрын мына нәрсені ескеру керек: қазіргі замандағы адамдар – сауаттың адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейін меңгерген адамдар. Бұл әзіл емес, бұл – факт. Халықтың сауаты кеміп бара жатқан жоқ, ол артып келе жатыр деген дұрысырақ. Неге? Өйткені адамдар мәтінмен, жазумен өткен ғасырларға қарағанда, соның ішінде КСРО заманына қарағанда әлдеқайда көп ұшырасады. Интернетті ашсаң болды алдыңнан толған мәтін шыға келеді. Кәдімгі мәтінге қоса «тіліңді түзейтін» контент те толып жатыр. Бүгінгі күннің ерекшелігі – әр адам, қайталап айтайын, әрбір адам ақпарат тарата алатындығы. КСРО тұсында, я жалпы интернетке дейін көпшілікке ақпаратты газеттер, кітаптар ғана тарататын, олар, әрине, редактураның талайынан өтіп барып шығады. Ал қазір біз қарапайым адамдар қалай жазатынын көріп жүрміз. Ол сауат деңгейінің құлдырап кеткендігі емес, ол жай ғана миллиондаған адамның ішінде әртүрлі жазатын адамдар болатын әлемнің шынайы бейнесі ашылып жатқандығы.

Соңғы 30 жылдың ішінде тіл ілгері жылжығаны айдан анық. Қазір кей жерде әлі күнге орыс тілі талап етілетіндігі 30 жыл бұрын болмаған нәрсе емес, керісінше, одан да өршіп тұрған еді. Тіл мәселесі әлі де күн тәртібінен түсе қоймайды, әлі талай еңбек етуіміз керек, бірақ барды бар, жоқты жоқ деуіміз керек, 30 жыл бұрын қазақша газеттердің, телеарналардың хал-жағдайы қандай еді және бүгін қандай – соны қарау керек. Мектеп оқушыларының 70%-ы қазақша оқиды, 30 жыл бұрын қалай еді? Университеттердің де шамамен дәл сол пайызы қазақ тілінде. 30 жыл бұрын қай университеттер, қай мамандықтар қазақ тілінде еді? 3-4 жыл бұрын қоғамдық орындарда мәзірлер түгел орысша еді, қазір аралап көріңіз, қымбат дәмханасы да, арзан дәмханасы да – бәрінде қазақша мәзір нақты болады. Бұл «ҚазақшаЖаз», «ҚазақГраммар» сияқты жастардың жобаларының арқасы, қысқа уақыт ішінде өте жақсы нәтиже көрсеткен бұл науқандардың әлі де талайы болып, бірте-бірте ел болып, тілімізді тұғырына қондырамыз.

Дайындаған

Ақгүлім Ерболқызы