Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 13 Шілде 2025

Қазақтың жанын мүжіп, тәнін кемірген Қара жел

Бекежан Тілегенов
Фото: ашық дереккөз

Аталған сынақ әскери техниканы жетілдіру мақсатымен жасалды. Сынақ ауданындағы және полигоннан сырт жерлердегі радиациялық жағдай қалыпты» деген ақпаратпен түйінделеді.

Шығармада, міне, осы уақыт аралығындағы қазақтың басына түскен зұлматтардың бірі – Семей ядролық полигонының қасіреті баян етіледі. Жалпы Семей полигонында 40 жылда 468 сынақ жасалып, ­600-ден аса ядролық және термоядролық құрылғы жарылды. Олардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 есе көп делінеді.

Алайда ұзақ уақыт бойы полигон жұмыстары жасырын болды. Құпиялық қатаң сақталды. Сондықтан да полигонның зардабы, оның адам ағзасына тигізген кесір, кесапаты ашып айтылмады. Алайда Семей полигонында жүргізілген алғашқы зерттеулердің өзі аймақтың жоғары дәрежедегі радиоактивті ластануын көрсеткен. Дәрігерлерге ауруларға радиацияға байланысты дұрыс ­диагноз қоюға тыйым салынды.

Сондықтан адамдарды тіпті басқа аурудан емдеген. Полигон зардабы ондағы адамдардың тәнін кеміріп, жанын мүжіді. Әлі күнге шейін полигонның залалын тартып келеміз, ең қиыны – қазақтың жанын бұл зауал әлі қанша уақыт кеміріп жейтіні де белгісіз. Белгілі ақын ­Сапарғали ­Бегалин ұзақ жылдан соң өзінің кіндік қаны тамған Дегелең тауын көріп: «Тау да тозады екен-ау. Тоз-тозалаңы шығып, қайран Дегелең тозып бітіпті ғой» деп көзіне ыстық жас алыпты дейді. «Қара желде» дәл осы Дегелең тауындай тоз-тозы шыққан қазақтың жаны баян етіледі. 

Совет өкіметі тұсында Семей полигоны, оның қасіреті ұлы жазушы М.Әуезовті толғандырған-ды. Тіпті кейбір деректерде жазушы Семей полигоны туралы шығарма жазуға ниет еткен деп те айтылады. Бұл ол кезде мүмкін емес шаруа еді. Қатаң цензура жазушының қол-аяғын матап, адымын аштырмасы анық. Алайда полигон қасіреті Әуезовтің жанын ауыртқаны анық. Оның Қ.Сәтбаевқа жазған хатынан аңғаруға болады. Онда былай дейді: «Айтуларынша, полигонмен көршілес Саржал, Қарасу, Қайнардағы қаншама елді мекеннің көкөрім жастары өзіне қол жұмсайды-мыс. Сенесің бе? 15–16 жастағы бозбала өрендер өмірден түңіледі дейді. Бұл енді біздің қазақ баласы көрмеген, естімеген сұмдық! Кеше ғана мал қайырып, иә, доп қуып жүрген балалар түн ішінде қараңғы қораның бір түкпіріне барып асылып қалады-мыс. Естияр үлкендердің айтуынша, өз-өзінен үрейленудің әсері. Неге?

Өйткені аты өшкір атом бомбасы төбелерінен тарс еткен кезде, я содан кейін аспанға көтерілген қызылқоңыр бұлт Шаған өзенін өрлеп, Шыңғыстауды тұмшалап, Тоқтамыс батырдың елін баса көктеп, Бестамақ, Таңат, Ақбастауды түгел қамтып, Көксеңгір тауы арқылы Шұбартау жеріне, Жорға тауына құлайтын көрінеді». Бұл хат­ты Әуезов 1958 жылы жазған, одан бір жыл бұрын, 1957 жылы Семей полигонындағы ядролық сынақтар туралы Токиодағы атом және сутегі бомбасына тыйым салуға арналған Халықаралық конференцияда айт­қан еді. Демек Семей полигоны ұлы Әуезовтің де жүрегінің басына мұз болып қатып, жанын сыздатқаны анық. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, Тілегеновтің «Қара желі» Әуезовтің аманаты секілді. 

Б.Тілегеновтің шығармашылығы, оның адами болмыс-бітімі, мінезі туралы көп айтыла бермейді. Әлі күнге дейін томаға-тұйық, жұмбақ қалпында. Жазушының шығармалары да дәл солай. Шымырлап аққан арналы дария іспетті. Асықпай, аптықпай, ақырын жылжып ағады, алайда астыңғы ағысы қуатты, қат­ты бірден иіріміне тартып ала жөнеледі. Сонымен қоса, Тілегенов аса мәнді, өзекті тақырыптарға қалам тартады. Жаттанды, әбден шиырланған тақырыптардан бойын аулақ ұстап, қашан да күрделі мәселелерді қозғайды. Мысалы, «1986» романында Желтоқсан оқиғасының алды-артындағы саяси жағдайды, қанды қырғынның қыр-сырын ашса, «Тұйық өмірдің құпиясы» деп аталатын ғұмырбаяндық романында көпшілікке беймәлім кезінде өзі жұмыс істеген Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жай-жапсарын, онда идеологиялық саясат қалай жүргізілгенін ашып айтады. 

«Қара жел» романы шығарма кейіпкері Арманның күдір тағдыры арқылы Семей полигонының адам жанына қандай ауыр, айықпас жара салғанын, полигон төңірегіндегі тұрғындардың полигоннан қаншалық зардап тартқанын баян етеді. Ештеңеден хабары жоқ, «қиын құрттап, айранын ұрттап», қоңыр тіршілігін кешіп жатқан қазақ ауылы бір күнде бүйі тигендей бүлінеді. «Жақында жойқын жарылыс болады. Қайрақтының халқын көшіріңдер» деген суық, сұсты бұйрық келеді. Сөйтеді де, ауыл дүрлігіп, абың-күбің күй кешіп, амалсыз көше жөнеледі.

Осылайша, 40 жылға созылған полигонның сергелдеңі, зауалы басталады. Жазушы зардап-­зауалын Арманның тағдырымен сабақтастырып өріп отырады. Арманның басына түскен, жанын ауыртқан әрбір оқиға – ұлттың, Семей полигонының қасіретін тартқан азамат­тардың трагедиясы. Арман әуелі аппақ көңілімен қалтқысыз сүйген Мөлдірден айырылады. Мөлдір Арманды Семейге шығарып салып қайтқан жолында жарылыстың үстінен түседі. Денесін өрт шалып, өртеніп күйіп, сүйретіліп үйіне жетеді. Алдынан жұртта қалған Ақтөс шығады. Жүні күйіп, сабалақтанып, әр жері жидіп, қотыр басқандай жалаңаштанған Ақтөсті әзер таниды. Мөлдір үйіне жетіп жан тәсілім болады. Жаныңды шабақтайтын осы бір сәт шығармада былай суреттелінеді: «Мөлдір иттің мойнынан құшақтай алды.

– Ақтөс мен өлген адаммын. Мен үйге өлуге келдім. Ақтөс ­Мөлдірдің сөзін ұқпады. Аяғын сүйретіп ілбіп басып, табалдырықтан зорға аттаған қыздың соңынан телміріп қарап қалды. Ит босағаға жата кетті. Аңқиып ашық қалған есіктен бәрін көріп жатыр. Мөлдір қабырғаға сүйеніп, жан-жағын сипалап жүріп төрдегі төсекке жетіп жастыққа қолын соза берді де жерге жалп ете түсті. Төсекке жармасып тұрғысы келіп еді, тұра алмады. Ақ жастық сырғып жерге түсті. 
Мөлдір жастыққа жантая кетті. Шалқасынан құлап, төбеге тесіліп қарап қалған. Көз жанарының оты сөніп, нұры тайып бара жатты».

Мөлдірдің ажалы Арманның жүрегіне шер болып байланады. Тіпті ғұмыр бойы жанын тыншытпайды. Жалпы жазушының шеберлігі кейіпкердің мінезі мен болмысын терең аша білгенімен де өлшенсе керек. Адамның күрделі жаратылысын ақ қағаз бетіне жайып салып, оның ұңғыл-шұңғылына де­йін барлап, бедерлеп жеткізу айтуға оңай көрінгенімен, үлкен шеберлікті талап ететін аса нәзік дүние. Арманның ширығыңқы мінезі, қамығыңқы көңілі шығарманың өн бойына болат арқандай тартылған. Оны бір мазасыздық иектейді де жүреді. Бүйрегі Қайрақтыға бұрылып тұрады. Ұзақ жылдан соң елге келгенде полигон аймағын аралауы, жоқ іздеген жандай төңіректі түгел кезуі, «шұңқырға ойық жерге қорғасын балқытып құйғандай сұрғылттанып» жатқан «Атом көлін», Дегелеңнен ауып келіп қырған мың сан киікті көруі –осының бәрі Арманның алаң, жүдеу көңіліне медеу іздегендей ісі секілді. Тіпті кетерінде Мөлдірдің ағасы Мақсұттың ауру баласы ­Қайратты өзімен бірге Алматыға алып келіп, табанынан таусылып емдетуі де (Қайрат кейіннен қайтыс болады) Мөлдірдің ажалымен бірге жанына жабысқан дертті жеңілдетудің, содан айығудың ісі секілді көрінеді. Тілегенов романда дәл осындай бір адамның нәзік, көзге көріне бермейтін мінезін дөп басып таниды, соны нанымды жеткізеді. 

«Қара желде» Семей полигонының қасіреті мен қоса Совет өкіметінің дойыр, жемір саясаты, сол кездегі идеологиялық жұмыстардың қалай жүргізілгені, полигонның зардаптары қалай бұрмаланғаны да жан-жақты айтылады. Әсіресе романның соңғы үшінші бөлімінде советтік шенеуніктердің мінезі терең ашыла түседі. Бірде Арманды Ақшатау ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған тойға ауылдастары арнайы қонақ ретінде шақырады. 

Дүркіреп той өтеді. Тойдан соң шенді-шекпенділер жиналып киік атуға шығады. Бәрі де облыстың екінші басшысы Баймағамбетовтен именеді, Дарбасов секілді кіші лауазымдылар оның алдынан қиыс өтпейді. Тіпті «алдымен бастығымыз атсын» деп киікті де атпайды. Сөйтіп жарты түнде жолдан адасып, иендегі Мақсұттың үйінің үстіне шығады. Бәрі именіп, қабағына қарағыштап келе жатқан Баймағамбетовті Мақсұттың иті қауып алады, қапқанда да май құйрықтан тісін батырады. Осыдан соң жарты түнде шенді-шекпенділер дүрлігеді. Баймағамбетовті оңаша бөлмеге жатқызып, дәрігер алдыруға қам жасайды. Иттің екі тісі кіргеніне бола осынша абынады. Мұны естіген Мөлдірдің шешесі Балқия сонда: «Ее, ештеңе етпес, оның жарасы жеңіл ғой, одан да зор кеселге ұшырап жатқан жоқпыз ба. Оның қасында ит қапқан ауру болып па? Мына кеселдің, дүмпудің астында жатырмыз, халдерің қалай еді деп қайсысы келіп еді. Иттің қапқан жарасы жазылар-ау, ал мына кеселдің жарасын кім жазып береді» дейді. Бұл шығарманың түйін сөзі. Семей полигонының зардабын 40 жыл тартқан қазақтың жан айғайы. Полигон – қазақтың тәнін ғана емес, жанын, жерін, ұрпағын тірідей тозаққа жандырды. Біздің ар алдында, Семей полигонының құрбандары алдында арқамызды қаритын сауал да осы, мына кеселдің жарасын кім жазып береді? Бұл біздің алдымызды әлі талай кес-кестейтін суық сауал. 

Жақсылық 
ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ