ҚазАТЗУ-да Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы талқыланды
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған жиын өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Негізгі заң жобасының негізгі ережелерін түсіндіру, сондай-ақ олардың қоғамның, білім беру жүйесінің және аграрлық сектордың дамуына ықпалын талқылау болды.
Талқылау ҚазАТЗУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі, ғылым докторы Қанат Маратұлы Тіреуовтың жетекшілігімен өтті.
Конституциялық реформаның бастамасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында көтерілген бастамаларынан бастау алды. Реформа аясында саяси жүйені жаңғырту және Негізгі заңды қазіргі әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлерге бейімдеу бағыттары айқындалды.
Іс-шара барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерімен танысты. Құжатта алғаш рет конституциялық деңгейде адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты құндылығы ретінде бекітіліп, әділдік, заң мен тәртіп қағидаттары, қоғамның бірлігі мен ынтымақтастығы негізгі ұстанымдар ретінде айқындалғаны атап өтілді.
Талқылау барысында жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық ретінде белгіленуі, сондай-ақ заң үстемдігі, сөз және шығармашылық еркіндігі қағидаттарының бекітілуі ғылымның, білім берудің және азаматтық қоғамның дамуына берік негіз қалыптастыратыны айтылды.

Сонымен қатар білім беру, ғылым, мәдениет және инновациялар салаларын дамыту мәселелеріне, сондай-ақ аграрлық сектор үшін маңызды конституциялық нормаларға ерекше назар аударылды. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жер ресурстарын ұтымды пайдалану және ауылдық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған ережелер елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда шешуші мәнге ие екені атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ғылымды, білім мен инновацияларды дамытуға, зияткерлік меншікті қорғауға және қоршаған ортаны сақтауға қатысты жаңа Конституция жобасының нормалары қоғамның тұрақты дамуына және азаматтардың табиғи ресурстарды сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.