«Қажетті шаралардың бәрі атқарылды»: Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі туралы

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайда есірткі тасымалы үшін сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі туралы айтты.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты қажетті жұмыстардың барлығы жасалғанын мәлімдеді.
«Біз өз тарапымыздан қажеттінің бәрін жасадық. Бұдан кейінгі ақпарат алмасу мәселесі Бас прокуратура желісі бойынша жүргізіледі», / деді Смадияров.
Ол сонымен қатар Қазақстан елшілігі өкілдерінің Тұрлыбаймен кездескенін растады:
«Біздің консулдың жыл сайын шетелдік түрмелерде отырған Қазақстан азаматтарымен кездесуі — қалыпты әрі жоспарлы жұмыс. Бұл бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде атқарылады».
Еске салайық, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды.
Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. Әзірге оны экстрадициялау мүмкін болмай отыр.