Қазіргі таңда әр тарап бойынша отбасы саясаты қарқынды жұмыс істеп жатыр
Заман өзгеріп, қоғам дамыған сайын адамзаттың кей құбылыстарға көзқарасы мен жалпы қоғамдық құндылықтарына өзгеріс енді.
Халық ұлттық құндылықтардан ажырап бара жатқандықтан, тарихы тереңге жайылған отбасы институты құлдырап, ажырасу процессі де жылдан жылға көбейді. Аумалы-төкпелі заманда отбасылық құндылықтар түгіл, ар-ұят, намыс, ождан секілді қазақ халқы жаннан қымбат санаған қасиеттер әдірам қалып, қоғам санасы уланғаны уытты да ащы шындық.
Соның салдарынан бүгінгі қоғамда жетім-жесір, жауапсыз әке, көкек ана көбейіп, бұл мәселе қазіргі уақыттың асқынған дертіне айналды. Азған қоғамның басты белгісі де – осы, ажырасуға бейім отбасы, тағдыры тәлкекке түскен бала. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да ел ішіндегі отбасылардың ажырасу санының артуы да әсер етері анық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы он жылда жарты миллионнан астам отбасы ажырасу үшін арыз берген. Бұл жағдайға әркім әртүрлі түсінік береді. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институтының маманы, демограф Төлешова Шынар Пазылбекқызының айтуынша 2012-2022 жылдары аралығында 1.5 млн жұп некеге тұрып, 567 931 отбасының ажырасу фактісі тіркелгені рас. Статистика некенің ұзақтығы бойынша ажырасу деген тараптарды қарастырады дейді маман.
«2018-2022 аралығындағы бесжылдықтағы статистикаға сүйенсек, соңғы 2022 жылы ең аз 128 359 неке тіркелсе, 2021 жылы 140 256 жұп некесін қиған. Осы тұста статистикалық санақ жасарда некені ұзақтығы бір жылға дейінгі ажырасулар санын қарастырамыз. Отбасылық өмір бір жылдан көп болса, бұрын тіркелген неке боп саналады. Ұзақтығы бір жылға толмаған некенің бұзылуы елімізде жылдан жылға көбейіп барады. 2018 жылдан бастап соңғы бесжылдықта осы сынды ажырасулардың пайызын қарасақ, 2020 жылы тіркелген некеге тұрған жұптың 1.8%-ы қайта ажырасса, 2022 жылы сол жылы некеге тұрғандардың 2.2%-ы ажырасып кеткен. Қазақстанның қай өңірлерінде де ажырасу өршіп тұрғаны анық. Десек те, 2022 жылғы статистика бойынша, Павлодар қаласы (3.2%), Қостанай (2.9%), Шығыс Қазақстан облысы (2.8%), Алматы қаласы (2.7%) сынды өңірлер көш бастап тұр. Ал, ажырасу аз тіркелген өңір ретінде Ұлытау облысы мен Маңғыстау облыстарын жатқыза аламыз. Батыс пен Оңтүстік өңірлерде ажырасу саны аз екенін байқауға болады. Тағы бір қызық статистиканы атап өтсем, некенің ұзақтығы байланысты бір жылға дейінгі және бірнеше жылға созылған некенің ажырауы деп бірнешеге жіктеуге болады. Осы тұста 2022 жылы бір жылға дейінгі некенің 6.3%-ы ажырасса, ұзақтығы бір жылды қамтитын 10.3% отбасы некесін бұзған. Ал, некенің ұзақтығы екі жылды құрайтын 8.5% отбасы, ұзақтығы үш жылды құрайтын жалпы неке санының 8.4%-ы ажырасуға бел байлаған. Тіркелген некелердің он төрт жылға дейін 80-90%-ы ажырасып кететіні рас. Он төрт жылдан ары қарай, әдетте, неке сақталып қалады. Бұл жай мардымсыз қарап, қоя салатын статистика емес. Елде некенің ажырауы көптеген әлеуметтік және экономикалық мәселелерді ушықтырады. Ажырасуды, отбасындағы зорлық-зомбылықты азайту мақсатында біз жастарды үйленбес бұрын отбасы құрудың даярлық курстарын ашу қолға алынып жатыр. Жар таңдау, зорлық-зомбылық, отбасындағы міндеттер, баланы жоспарлау мен дүниеге әкелу, тәрбиелеу сынды тақырыптарда дәрістер мен кеңестер беретін курстар бүгінгі қоғамда артық етпесі анық. Себебі, бұлар – ешқашан өзектілігін жоймайтын тақырыптар», - дейді
Экономикалық зерттеу институтының әлеуметтік-демографиялық дамуды зерттеу орталығының директоры Батжан Ақмолдина ажырасуға себеп болатын бірнеше факторды атап өтті. Әлеуметтанушының айтуынша, отбасылық ажырасуға қазіргі таңда негізгі себеп болып отырған жағдай бірнешеу. Біріншіден, ерлі-зайыптының ортасына туған-туыстың рұқсатсыз араласып кетуі, бөгде адамның проблема тудыруы.
Екіншіден, екуара түсінбеушілік, біреуінің ойынқұмарлық пен нашақорлыққа, маскүнемдікке салынуы. Үшіншіден, әртүрлі қиындықтарға төтеп бере алмау, отбасының тұрмыстық жағдайының нашарлауы болып отыр дейді. «Ажырасу процесінің қандай жағынан болса да отбасы мүшелерінің бәріне оңай соқпайтыны анық. Бұл мәселеде ана да, әке де, әсіресе бала да өте ауыр психологиялық соққы алады. Адамдардың «менмені» ешкіммен санаспайтын дәрежеге жеткен кезде оларға ажырасудан басқа жол қалмайды. Бірақ, жазықсыздан жазықсыз үшінші тарап – бала көбірек хзардап шегеді. Оның енді қалыптасып келе жатқан сана сезімі, жан жүрегі, ойлау жүйесі бұзылады. Жастайынан үлкен психологиялық соққы алған бала болашақта өзін кінәлап, іштей жей беретіні анық. Ажырасу үшін мың түрлі себеп табуға болатын шығар, бірақ, ажыраспау үшін екі тарап бірдей еңбек етуі керек.
Әдетте, конфликт құндылықтар қақтығысынан туындайды. Сол секілді ажырасуға да тек бір адам кінәлі болуы мүмкін емес. Өзім нақты жақындарым арасында үш-төрт ажырасқан жұпты білемін. Бірі - жолдасының маскүнемдігі себебінен және зорлық-зомбылық кесірінен айырылысса, екіншісі - тұрмыстық қиындықтарды бірігіп жеңе алмады, бір-бірін кінәлай берді. Үшіншісінің жолдасы көзге шөп салып жүрді және оның өзін әйелінен көрді «сен маған, балаға көңіл бөлмейсің, тек жұмыс деп жүресің, өз өзіңе қарамайсың, әдемі және пысық қалпыңды сақтай алмадың» деп жарына қысым жасағын бар. Бұл біз білетін себептің бір парасы ғана, шын мәнінде, ажырасу процессі әр отбасында әр түрлі. Қазіргі таңда әр тарап бойынша отбасы саясаты қарқынды жұмыс істеуде. Десек те, ажырасу процесін азайту үшін қоғам мен мемлекетке сенім артып қана отыра беруге болмайтыны анық. Ең алдымен, отбасы құндылығын барынша дәріптеп, адам құндылықтары негізделіп орнаған уақытта ғана отбасы құруды насихаттау керек. Қажеттіліктен немесе қысымнан емес, саналы түрде дайын болған шағында отбасы құрған жөн», - дейді.
Ажырасудың жиілеп бара жатқаны қарапайым қоғаммен бірге құзырлы органдарды да алаңдата бастаған. Мысалы, Мәдениет министрлігі жанынан құрылған Қоғамдық даму институты бүгінгі күні отбасы тақырыбында зерттеулер жүргізіп, отбасы құндылықтарын нығайту, отбасылық жағдайда жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеу бойынша орталық және жергілікті деңгейде кешенді жұмыс жүргізумен айналысады.
Ұлттық баяндамалар мен талдау есептерін дайындау шеңберінде ҚҚДИ отбасы саясаты саласындағы өзекті мәселелерді шешуде белгілі бір қиындықтарды анықтаған еді. Атап айтқанда, шешім қабылдауда келісімге келе алмаушылық, қағазбастылық және жергілікті атқарушы орган деңгейдегі іс-әрекеттердің шашыраңқылығы. Отбасы саясаты мәселелерімен жергілікті атқарушы органдарда әртүрлі құрылымдық бөлімшелер айналысады, сондықтан міндеттер де әртүрлі жолмен шешіледі.