Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Кедей қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймайды

зорлық
Фото: из открытых источников

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбының қызу талқыға түскеніне 2-3 жылдың жүзі болды.

 Былтыр осы саладағы заң толықтырылып, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау бағытында күшейтілді. Сөйтіп, «Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға президент қол қойып, 16 маусымда қолданысқа енді. Бірақ соған қарамастан, ресми статистика азаймады. Мұның себебі неде?

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80%-ы әйелдерге қатысты жасалады.

Министрлік келтірген соңғы жылдар дерегіне қарасақ, полицияға түскен қоңырау саны 2020 жылмен салыстырғанда едәуір азайған. Бірақ соңғы жылдар бедерінде біркелкі қалыптасып отыр. Айталық, 2020 жылы – 179 096, 2021 жылы – 155 177, 2022 жылы – 115 526, 2023 жылы – 99 026.

Ал тұрмыстық саладағы қылмыстар саны 2020 жылы – 1 071, 2021 жылы – 1 022, 2022 жылы – 935, 2023 жылы – 923.

Айта кетерлігі, мұнда тек денсаулыққа ауыр зиян келтіру және адам өлтіру деректері ғана қамтылған. Ал 2024 жылы зорлық-зомбылық және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бойынша 7 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелген, яғни мұнда тұрмыстағы түрлі санаттағы дерек қамтылып отыр. Дегенмен полиция өкілдері жыл сайын 100 мыңнан астам хабарлама түсіп отырғанын мәлімдеген. Оның үстіне, биыл да сондай статистика шығатынын болжайды.

Аталған заң қабылданар кезде жұмыс тобында болған қоғам белсендісі, ҚХА жанындағы Республикалық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатайдың айтуынша, бүгінгі қалыптасып отырған проблемалармен жұмыс істеу әдетте айтарлықтай жемісін бермейді. Себебі жазалау факторы нәтиже шығарғанымен, қорыққаннан қол көтермеу деген аса жағымды дүние емес. Сондықтан мұның астарындағы кешенді шараларға назар аудару қажет.

«Бүгінгі он жасар бала он жылдан кейін бір үйдің әкесі, біреудің жары. Сондықтан ұл тәрбиесіне көп назар аударуымыз керек. Қоғамда қыз баласына жауапкершілік көп артылған, оған қатысты мақал-мәтел де көп. Ал ер балаға келгенде «еркек» деген «ерке» дегеннен шығады» деп, оны тойларда да көп қолданады. Қазір той нағыз халықтың санасына идеология құятын жер. Сондықтан ұлдарды елдің егесі ретінде қалыптастыру керек», – дейді ол.

Баян Орынбасарқызының сөзінше, қазір ер адамдарымыздың кішкене әлсіреп тұрғаны, жұмыссыздыққа бой алдыруы ешкімге жасырын емес. Оған терең зерттеулер керек, мысалы, маскулиндік тақырыбы бойынша. Онда қоғамның ер адамнан не күтетіні көрсетіледі. Мәселен, ер адамдардың елге еге болмауының салдары қазір әйелдер қауымының да өзгеруіне әкеп соғып жатқанын айтады. Сондай-ақ мұны қоғам белсендісі әлеуметтік кедейліктің зардабы ретінде қарастырады. Себебі қоғам әлеуметтік те, рухани тұрғыдан да кедейленген, яғни кедейлікті тек күнделікті тамақтың жоқтығы мен киімнің жұпынылығы емес, адам жанының жұтаңдығы тұрғысынан да қарастыру қажет.

«Қазір жарнама сайттарында толған боди-массаж. Кілең қазақша жарнама, өңкей қазақ қыздары. Қазір соларды бұғаттаумен айналысып жатырмыз. Мәселе өте көп. Ал оның шешімі – профилактикаға назар аудару керек, сол әлдеқайда тиімді. Ал қызды әркез жоқтық не тоқтық құртады. Сөйтіп, қыздарды жоқтық құртуының салдарынан, кейін өмір бақи қуыстанып, таяқ жеп жүретін әйелдер легі қалыптасып келе жатыр. Сол үшін бұл қоғам болып айналысатын жұмыс. Баюдың жолына шығу керек. Баю дегенде, әлеуметтік ахуалынан бастап, рухани дүниесін байытуға көшу керек. Оның шешімі ретінде профилактикалық шараларды қолға алу қажет», – дейді Баян Ахатай.

Бекбол Амангелді