Кегендік шенділер 70-ке келген әкемді күттіріп қойып, көлікте ішімдік ішті. Атақты Махмұт ұстаның ұлымен сұхбат
Алматы облысында алғаш рет ұйымдастырылған Қымызмұрындық Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында өтті.
Аталмыш фестивальге атақты ұста, үш әулеттен бері теміршілікті насихаттап келе жатқан Махмұт Құлменов пен оның ұлы, жас темірші Бейбарыс Жетенді аттай қалап шақырған. Бірақ ұйымдастыру жағы нашар болып, ұста мен ұлы далада қалған. Ол аздай 70-ке келген теміршіні күттіріп қойып, жергілікті әкімдік шенеуніктері олардың көлігінде ішімдік ішкен. Бұл туралы толығырақ Бейбарыс Jas Alash порталына ашына айтып берді.

Нағыз қазақүйді елестетіп келген көңілім су сепкендей басылды
Қымыздың 5 мыңжылдық мерейтойына орай қымыз фестивалін өткізді. Бұрын Алматыда да өткен еді. Бұл жолы Кеген ауданында ұйымдастырылып, әкеме бір жеті бұрын Кеген ауданы әкімшілігінен Кеңес Қабылбеков деген адам хабарласты. «Жұмыстарыңыз Қазақстан емес, әлемнің түкпір-түкпірінде көрмеге қойылды. Өз еліңізде ғана өтпепті» дегендей қолқа сала айтты. Әкем оны борышым деп қабылдады. Тегін баратын болдық. Әкем өз елімнің адамдары деп сенді, ештеңеге алаңдамады. Алдымен 28 шілде өтуі керек еді. Біз соған дайындалып жүрдік. Бірақ жақындағанда өзгеріп 27 шілде өтетін боп қалды. Таң атпай аяқастынан жиналып, шығып кеттік. Әкем көрмеге бүкіл құнды затын алды. Мен басында барлығын апаруға қарсы болған едім. Бірақ әкем өз еліміздің адамдары деп келіспеді. Бардық. Жақсы жеттік. Кегенде қонақ етіп, манты берді. Қымыз фестивалі өтетін жерге барсақ, киізүйі темірден жасалған, ішіне ештеңе төсемеген, топырағы шығып жатыр. Ал бізге сол жерге түнейсіңдер деген еді. Сондықтан нағыз киізүйді елестетіп келген көңілім су сепкендей басылды. Біз өзімізбен банер алып келген едік, оны ілетін орын да дайындамаған. Ештеңе жоқ. Бір күнге шыдармыз деп басында үндемедім. Әкемнің өз елім деп келген көңілін қимадым.
Осының бәрін ұйымдастырған Кеген ауданының депутаты – Біләл Мәсімбаев
Әкімдіктің атынан бізді күтіп алып, ұйымдастыратын Біләл Мәсімбаев еді. Ол кісі өзі Кеген ауданы бойынша депутат екен. Сонымен күн ұзағына отырдық. Сағат 16:00-ге қарай күн бұлттанып, суытты. Біз тоңа бастадық. Киізүйде жылуды ұстайтын ештеңе жоқ. Күн біресе суиды, біресе ысиды. Берекеміз кетті. Біздің жанымызда әншілер қоныстаныпты. Оларға да жағдай жасалмаған. Не тамақ, не су жоқ. Бір кезде әкем екеуміз сөзге келіп қалдық. Әкеме: «өз елім, жұртым деп келгеніндегің осы ма, манты үшін сатылдың ба?» деп айтып тастадым. Әкем болса «Сен көшпенді емессің, қалалық болып кетіпсің» деп маған ренжіді.
Заттарымызды алып кете алмаймыз, мәселені осы жерде шешуіміз керек болды. Әртістерге бардым. Оларға тіпті сахна салынбапты, дайындала алмай мұздап отырды.
Фестивальдер қырурар қаржыға ұйымдастырылады
Бір қызығы біздің жанымызда нағыз қазақүйлер тұрды. Қырғызстаннан да келіпті. Бір әйел адам бұл үйлердің жалға алынғанын айтты. Негізі бүкіл фестиваль ақшасыз болмайды, біз қаншама жерде қатыстық. Дұрыстап еңбекақымызды беретін. Бұл жолы тегін келіп тұрмыз. Тамағымызда да бере алмай тұр. Кешке қарай Кеген ауданы мәдениет басқармасының басшысымен ұрсысып та қалдық. Өзін Қанат деп таныстырды. Ол кісіге ұйымдастырылудың нашарлығын, жақында жүрегіне ота жасаған әкеме мұндай суықта жүруге болмайтынын айттым. Үй тауып беруін сұрадым. Бір айтыскер ақынды ертіп келді. Атын ұмытып қалдым. Ол кешке үйіне шақыратынын айтып кетті. Бірақ сол күйі хабарласпады, келген де жоқ. Әкем қонамыз деді. Егер қонсақ мынадай суықтан соң денсаулығы сыр беретін еді.
Бізді суықтан құтқарған қарапайым халық болды
Бізді суықтан құтқарған қарапайым халық болды. Әкімдік ұйымдастыра алмаған жағдайды, қонақжайлылықты қарапайым адамдар көрсетті. Менің байқағаным ол жерге қызметкер ретінде алып келген адамдар да еркінен тыс келген сияқты. Олар өздеріне бір тиын да төленбейтінін жеткізді. Заттарымызды аманат етіп сол кісілерге тапсырып кеттік. Бізді үйіне апарып қондырған, тамағын беріп сыйлаған – журналист Нұрболат Тастанқұлов. Ол кісі сол жердегі көптеген игі істің атқарылуына мұрындық болған екен. Үйіне кештетіп жеттік. Бізді күтіп, жік-жапар болды. Ет аса алмағанын айтып, кешірім сұрады. Біз болсақ жылы үйге жеткенімізге мәз едік. Тамағын да, шайын да берді. Сол үйде біз қазақтың бір қонақжайлылығын, мейрімділігін сездік. Ертесі өз көлігімен көрме өтетін жерге алып барды. Заттарымыз түгел, әкемнің қаншама жыл соққан құрал-саймандары аман тұр екен. Оны да ұйымдастырушылар емес, қарапайым халық күзеткен. Біләл деген кісі ертеңіне біздің далада қалғанымызды білмейтінін айтты. Менің әкем 70-ке келген, бүкіл Қазақстандағы музейге жұмыстары қойылған. Әлемде көрмесі өткен, Еуропа, Америкадағы коллекционерлер әкем жасаған қару мен сайыт-саймандарды сатып алады. Осындай адамды тірі кезінде құрметтеу керек деп ойлаймын. Жай атағы болмаса да, ақсақалды қазақ қашан да құрметтейтін еді ғой.

Біләл сынды шенеуніктерге тек есеп керек
Менің түсінгенім, Біләл сынды адамдарға есеп қана, бүгінгі күн ғана керек. Болашақты ойламайды екен. Мүмкін әкімнің алдында «біз осындай ұстаны алып келдік» деп мақтанған шығар. Ол кісі бізді айдалаға әкеліп тастай салды. Бұл өлім! Сол жерге түнесек бір-екі жылдан кейін ауруларымыз шыға бастайтын еді. Маған үлкен стресс болды.

Сонымен не керек, оны ұмытып, негізгі жұмысымызды бастадық. Қарапайым халық жұмысымызды көріп ерекше қуанды. Қарттар бата беріп, тілегін айтып кетті. Бізге халықтың мейірімі жылу сыйлады. Ұйымдастырушылардың қателіктерін ұмыттық. Балалар сауыт-сайманды киіп, шешкісі келмеді. Егер балалар батырлар сауыт-сайманын киіп көріп, кейін ұмытып кетсе де оның ішінде бір күш қалады. Темір деген киелі нәрсе. Ұста темірді жай соқпайды. Оған жан береді. Темірден бір зат жасау жаңа өмір сыйлау дегенді білдіреді. Бұл жердегі пәлсапа – Өмір – өлім- өмір!
Бізді халық қаумалап, жылы лебіздерін білдіріп, әкем екеумізбен суретке түсіп, біздің жұмысымызды видеоға түсіріп жатқан кезде ғана әкімдік адамдары төбе көрсете бастады. Бұл теміршілерді біз әкелдік деген кейіп танытты.

70-ке келген әкемде көлікке кіргізбей, бір топ шенеунік ішінде ішімдік ішіп отырған
Түс кезінде тамақтану үшін бізді 5-қазақүйге жіберді. Ол жерде біз тіркелмеппіз, сондықтан кіргізбеді. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп 7-үйден қолөнершілер (бізден бөлек те көптеген шебер келген) болып кіріп тамақ іштік. Түстен кейін адамдарға лекция оқыдық, теміршілік туралы мәлімет бердік. Ертеде қазақтар қалай кіиінгенін, киімдердің атауы қандай болғанын түсіндірдік.
Сосын «кетеміз, жинала беріңдер» деді. Қазақүйді жинап алып кетті, біз де заттарымызды буып-түйіп қойдық. Сосын мен басқа адамдармен танысып, фестиваль өткен жерді аралап, екі сағаттан соң келсем әкем күннің астында әлі отыр. Қасындағы көлікке кіргізбей қойыпты. Көлікке барсам ішінде бір топ әкімдіктің адамдары арақ ішіп отыр. Менің кешелі бергі шыдамым осы жерге келгенде шыңына жетті. Одан әрі үндемей отыра алмадым. Көліктің есігін зорлап ашып (ішінен Біләл Мәсімбаев жауып тұр) ішімдікке тойып алғандарды видеоға түсіре бастадым. Ішіндегі иістен отыру мүмкін емес. Ол жерде төрт адам ішіп отыр екен. Біреуі Кеген ауданының депутаты, Ахметова Айгүл – Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдармалардың басшысы екен. Қалған үш кісінің аты-жөнін біле алмадым. Мен «басқа орын таба алмай қалдыңыздар ма, 70-ке келген қарт адамды күттіріп қойып ұялмайсыздар ма?» деп айттым. Олар өз істерінен ұялған жоқ. Кешірім де сұрамады. «Иә біз ішіп отырмыз, не істей аласың?!» дегендей бедірейе қарады. Өзінің шенді екенін көрсеткісі келді. Жалпы бізде солай емес пе?! Шенеунік болса оны халық силау керек, оның сөзі заң, ол үлкен адам. Ал халық екінші сортта. Меніңше, мұның бәрі керісінше болуы керек. Депутат халықтың үні болып, халыққа қызмет етуі керек. Біздің үнімізді жоғарғы билікке жеткізеді деп сайласа, олар мұнда арақ ішіп отыр. Жалпы қымыз фестивалінде, қымыз тасып тұрған жерде арақ ішу қаншалықты орынды?
Кейіннен белгілі болды, бізді асықтырып, бір күн бұрын фестивальді өткізген себебі ауданға Нұрбақыт Теңізбаев жаңа қызметке келіп жатыр екен. Соның алдында есеп беру, жұмыс істеп жатқандарын көрсету мақсатында оның әкім болып тағайындалған күніне орайластырыпты. Сол үшін бізде ерте шақырыпты.

P.S. Ұстаны қай кезде де халық пен патша сыйлаған. Себебі ол бір елдің зауыты секілді еді. Қару-жарақтан бөлек, олар елдің тұрғындарына қажетін өтейтін бұйымдарды соғып отырған. Үш ағайынды қолөнер шеберлері – Құлменовтар әулетін Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем таниды. Олар атадан балаға теміршілік өнерін мұра етіп қалдырып келе жатыр. Шетелдіктер Махмұт ұстаның соққан қаруын 5 мың доллардан сатып алады. Еліміздің таланттары шетелде бағаланып, өз елімізде көзге ілінбеуі қашан тоқтар екен?
Жас темірші Бейбарыс елімізде осы өнердің шебері саналатын әкесінің өз жұртында тиісті құрметке бөленбеуін, шенеуніктердің осындай әрекетке баруын әлі де түсіне алмай жүргенін жеткізді. Ол жаңадан келген әкім Нұрбақыт Теңізбаев жергілікті шенеуніктерге белгілі бір шара қолданады деген үмітте.