Кек шеңберіне қамалған Таяу Шығыс.
Тегеранға көрсетілген сес
Соңғы бір жылда әлемнің назары – Таяу Шығыста, соңғы күндері сол назар – нақты Иран мен Израиьлде. Жұмадан сенбіге қараған түні Израильдің қарулы күштері Иран астанасы Тегеран маңында орналасқан әскери базаларға ракеталық шабуылдар жасады. Авиарейд аталған түнгі шабуыл жасалған аймақ Тегеранның батыс және оңтүстік батысына қарай, Иран астанасына жақын жердегі әскери орындар болатын.
Израильдің қарулы күштер басшылығының мәліметінше, Иранның ракета шығаратын өндіріс орындары және «жер-ауа» аталатын дайын снарядттар қоймасы, өзге де оқ-дәрілердің үлкен көлемі жойылды.
Израиль билігі бұл 1-қазандағы Иранның әуе шабуылына жауап деп ақпар таратты. Естеріңізде болса, «Хезболланың» лидерлеріне жасалған шабуылдан соң, Иран Израильге толассыз шабуыл операциясын ұйымдастырған.
Тегеранды жақтайтын бұқаралық ақпарат құралдары «қылмыстық сионистік режимнің шабуылын тойтару кезінде» екі Иран сарбазы қайтыс болғанын жазды. Кейін қайтыс болғандардың саны төрт адамға жетті. Еврейлердің әуе күші айтарлықтай зиян келтірмегені де алға тартылды.
Би-би-си бұл ақпаратты тексеру мүмкін емес деп есептейді, өйткені Иран сияқты жабық елдер жағдайды өздерінің қалауынша сипаттай береді. Олар көбіне өздеріне келген зиянды кішкентай етіп көрсетіп, өлген адамдар санын да азайтып айтады.
Иранның «Тасним» ақпараттық агенттігі бұл соққыға соған сай жауап берілетінін жазған. Бұл түнгі шабуылға араб мемлекеттерінің көбі бірден реакция білдірді. Бірақ бірде-біреуі кек қайтару туралы сөз қозғаған жоқ.
Біріккен Араб Әмірліктері «шығынның алдын алып, қақтығыстың масштабы кеңейіп кетпеу үшін екі жаққа да барынша ұстамды болуы керек» деген. Сауд Арабиясы мен Катар «Эскалацияны барынша төмендету керек, ұстамдылық керек» деп, екі жақты сабырға шақырды. Египеттің де сыртқы істер министрлігі осы мазмұнда үн қатқан.
Барлық сарапшылар мемлекеттердің сөздеріне қарап, Тегеран кек қайтармайтын шығар деп отыр, бұл шегі жоқ кек қайтару шеңбері созыла беретін болса, қақтығыстың бүгін-ертең бітетін түрі көрінбейді. Батыс мемлекеттері де осы пікірді қолдап отыр.
Британияның премьер-министрінің канцеляриясы «эскалация жалғаса берсе, ешкімге де оңайға соқпайды» деп хабар таратты. Ал Кир Стармердің өзі: «Иран қарымта соққы жасамауы керек» деп мәлімдеді.
Иранның кекке кекпен жауап беруі мүмкін бе деген сұрақ қазір бәрін алаңдатып отыр. Егер жауап бере қалатын болса, Таяу Шығыстағы ахуал ушығып, жағдай қалай өзгереді деген алаң да бар.
Парсы шығанағындағы алаң
ХАМАС пен «Хезболланың» жоғын жоқтап, жел айдап отырған Иранның қай қылығы да Парсы шығанағындағы мемлекеттердің алаңдауына себеп болып отыр. 1-қазанда «Хезболла» үшін соқтығудан тартынбаған Иранға Израильдің қарымта жасайтыны көпке белгілі, күткен күн еді. Бірақ АҚШ-тағы президент сайлауы аяқталғанша қандай да бір соққы болатынын кей мемлекет басшылары күткен жоқ.
Би-би-сидің қауіпсіздік жөніндегі тілшісі Фрэнк Гарднер: «Тегеранның қалай реакция көрсетерін білмеген Вашингтонның Парсы шығанағындағы одақтастары біраз әбігерге түсіп қалды. Шығанақтың араб жағалауында америкалықтардың әскери базасы бар, ал АҚШ-тың Әскери теңіз күштерінің Бесінші флоты Бахрейннің портында орналасқан.
АҚШ Иранға жасалған түнгі шабуылға ешқандай қатысымыз жоқ деп отыр. Бірақ Израильдің әуе шабуылынан қорғанатын Thaad жүйесінің жұмысын 100 америкалық сарбаз қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан Вашингтон Иран тарапынан Израильге төнетін қандай да бір қауіптен тыс қала алмайтыны екі бастан белгілі. Парсы шығанағында орналасқан араб мемлекеттері Иранға өз шекараларында шабуыл жасауға мүмкіндік бермейтіндерін де айтты» деп жазды.
Сауд Арабиясы өздерінің мұнай өндіріс орындарын 2019 жылы ирактық жасақтардың күшімен Иранның атқылағанын ұмытқан жоқ. Егер бұл жолы америкалықтармен ымдасқан бір қимылы байқалса, тағы бармағын тістеп қалатындарын сезіп отыр.
Кек шеңберін бұзу қиын
Израильдің кек қуатыны, ештеңені ұмытпайтыны белгілі. Бірақ енді Иран да қарымта қайтара ма – көпті осы сұрақ алаңдатады.
Джо Байден Израильге Иранның ядролық базаларына, мұнай орындарына, газ нысандарына тиіспеңдер деп кеңес берген. Күні кеше болған атқылауда Байденнің сол кеңесіне құлақ асу деп отырғандар бар. Би-би-сидің шолушысы Джереми Боуэн: «Вашингтон Иранды жауап қайтармауға көндіруге үмітті. Тек негізі әскери, стратегиялық нысандарға тиіссе ғана, жауап қайтаруға болады деп есептейді.
Бұл шегі жоқ кек қайтару сенімін тоқтату тым қиын. Өйткені екі жақта кек қайтармауды, үндемей қалуды бірі әлсіздік деп түсінеді деп қорқады. Соғыстың өзі кезең-кезеңімен жүзеге асатын эскалациялар арқылы ушыға береді», – дейді.
Рас, 1-қазандағы Иранның шабуылы Израильдің «Хезболла» басшыларына жасаған шабуылына жауап болатын. «Хезболланы» Иран одақтас санайды. Өзі қолдап, қолпаштап отырған ұйым. Ал Израиль айлар бойы жалғасып келе жатқан толассыз соққыларға ғана емес, одақтастарының қолымен, басқа күштерінің көсеуімен мазамызды алып отырған Иранға сес көрсеттік деп есептейді.
Израиль армиясы сонымен қатар Газа секторының солтүстігінде ірі шабуылдар ұйымдастырып жатыр. БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комиссары Фолькер Тюрк бұны осы соғыстың ең қанқұйлы тұсы деп бағалады. Өйткені израильдік әскерилер барлық елді мекендерді бомбаның астына алып, өлімге апара жатыр.
Израильдің Иранға шабуылын әлемнің назарын Газа секторынан бұру деп түсінуге бола ма? Бәлкім, бұл жорамалды кесіп-пішіп айтуға болмайтын шығар. Бірақ Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың бомбалаудан кейінгі өмірі быт-шыт болып жатыр. Өздері тоз-тоз болып, аштыққа ұрынудың аз-ақ алдында тұр.
Билік соғысқа тоймайды. Бірақ халық шаршайды. Сол соғыстың қарапайым тұрғындарға ешқандай керегі де жоқ. Бірақ соғыстың пайдасын билік көріп, зиянын халық тартатыны қашып құтыла алмайтын заңдылық болса керек.
Екі түрлі Иран
Тегеран елдегі барлық ішкі рейстер өз уақыт кестесімен ұша беретінін мәлімдеді. Әлемнің назары ауып отырған Иран телеарналарының эфирлерінде ішкі жаңалықтар көрсетіліп, асып кетсе, «израильдік ұшқыштардың шабуылын қорғаныс күштері дер кезінде тоқтатты» деген хабарлар таратылып жатыр.
Ал Израильдің әскери радиосы Иранның әуе шабуылға төтеп беретін ешқандай құрылымы қалған жоқ, бәрін тас-талқан еттік деп алаулатып жатты.
Сәуірдегі Израильдің ракетамен атқылауын да осылай жауып-жасырып көрсеткен Иран бұл жолы да халқын алдар. Халықаралық сарапшы Лиз Дюсет: «Халыққа қандай ақпарат берсе де, Иранның билігі шығынның қандай екенін бағамдауға тура келеді. Өйткені Израильге қарымта соққы жасаса, оның да қарымтасы оңайға түспейтінін Тегеран біліп отыр. Сондықтан қандай шешім қабылдаса да, үлкен масштабтағы соғысқа басын сұққысы келмейтін Иран барлық мүмкін саяси жауабын ішкі және сыртқы жағдайын ойлап барып, қабылдайтын шығар», – деді.
Халқының алдында және әлем алдында екі түрлі көрінетін Иран өзін парсы шығанағында негізгі күш санайды. Ядролық қаруына арқа сүйеп, сол аймақтағы ықпалға таласып отыр.
Израиль мен Иранның таласы Газа секторы мен Ливан сияқты кішкентай елдерге қиынға, қымбатқа түсіп отыр.
Енді бірде «Иран сабырға келді» деген жаңалық шықса, кей ақпарат құралдары Иран президенті Масуд Пезашкиан: «Израиль бізге шегінетін жол қалдырған жоқ» деген сөзін таратып, жауап соққы болады деп жазып отыр.
Басынан мұң айырылмаған Таяу Шығыстың әлпеті былтырдан бері әлем-жәлем болып, құбылып тұр. Толассыз бомбалаудан босып қашқан жұрттың да қарасы көп. Өзі биліктен халық көп ештеңе талап етпейтін болса керек. Билік өз халқына пана болса, сол – жетеді. Бірақ ашкөз басшылар өзгеге де пана боламыз деп, өз жұртын елден бездіріп жатыр. Соғыс астарындағы қитұрқы саясаттан дәмеміз жоқ. Тек қарапайым адам, өз күнін өзі көріп жүрген әшейін тұрғын – бейбіт өмірге лайық екенін ойлайсың.
Қасым Арықбай