Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:47, 24 Желтоқсан 2024

Кек үшін жасалмаған революция

Ахмет аль Шара
Фото: ВВС

Әл-Жуланиден әл-Шарааға

 Сирияның жаңа басшысы, Асад режимін екі аптада-ақ құлатқан Ахмед әл-Шараа Би-би-си агенттігіне сұхбат берді. Сирияның соғыстардан әбден қажып, тоз-тозы шыққанын, көрші елдерге ешқандай қауіп төндірмейтінін айтқан әл-Шараа енді әл-Каидамен ешқандай байланысы жоғын әлсін-әлсін айтып келеді. Бұрын Әбу Мұхаммед әл-Жулани атымен танылған «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының лидері енді өз есімімен шығатынын мәлімдеген. Шын ныспысы – Ахмед әл-Шараа. Ол басқарып отырған топ бірнеше мемлекетте террористік ұйым ретінде тіркелген. Әл-Шарра Джереми Боуэнға берген сұхбатында әйелдерге ешқандай қысым жасалмайтынын айтқан. Көпшілігі билік басына келген жаңа топтың тәліптер сияқты әйелдерге қатысты көптеген тыйым мен қысым жасай ма деп қорқып, алаңдаушылық білдірген. Әл-Шараа бұлай алаңдауға негіз жоқ, әйелдерді оқытып, ағарту жұмыстарымен айналысамыз деп сендірген. Бірақ Сирияның өзінде бұл сөздерге сенбейтіндер көп.

Жаңа биліктің ұстанымы

Сұхбат Асад салған президент сарайында өткен. Ахмед әл-Шараа Башар Асад билігінің тез құлағанына таңғалмаған түр танытқан. Оның сөзінше, Сирия халқына алдағы қиындықтарды жеңу үшін тыныштық пен сабыр керек. Ең бірінші әл-Шарааға «Сириядағы аз топты, өзге дін өкілдеріне ешқандай қауіп жоқ» деген уәдесінде тұра ма деген сұрақ қойылды. «Сириядағы халықтар мыңдаған жылдар бойы қатар өмір сүріп келе жатыр. Біз бәрімен сөйлесіп, әркімнің өз орны болуын қадағалаймыз. Бұрынғы режим конфенциялар арасындағы қарым-қатынасты ылғи өз саясатына пайдаланып келді. Біз олай істемейміз. Бізді барлық үлкен қалалардағы топтар жатырқаған жоқ. Революция бәрін біріктіреді деп ойлаймын» деді.

Сирия халқы Асад режимі құлағанына риза болғанымен, жаңа билік діни ел боламыз деп, Ауғанстан талаптарын қоймай ма деген қаупі болған. Джереми Боуэн бұған байланысты да сұрақ қойды. «Сирия мен тәліптердің арасында көптеген айырмашылық бар. Ауғанстан рулардан құралған. Сирияда мүлде басқаша. Сирия билігі мен саясаты елдің тарихы мен мәдениетіне сай болуға тырысады» деп жауап берді. «Сирия мәдениетінде әйел құқығы, білім алуы бар еді. Арақ-шарап та кең қолданылған. Бұның бәрі сіздің көңіліңізге жаға ма?» деген сұраққа: «Әйелдердің білім алуына қатысты айтсақ, әрине. Бізде әйелдер оқитын университеттер бар. Ондағы әйелдердің үлесі алпыс пайыздан жоғары. Ал ішімдікке қатысты... Мен айта алмайтын көп тақырыптар бар. Өйткені бұл заңға қатысты сұрақтар. Конституция жазу үшін құқық қорғау мамандарымен комиссия құрылады. Солар шешеді. Сосын кез келген билік пен президент сол заңға бағынуы керек болады», – деді Ахмед әл-Шараа.

Сирияның қирағанына аз уақыт болған жоқ. Экономикасы тұралап жатыр. Қарызы да көп. БҰҰ билікке террористік ұйым басшысы келді деп есептейді. «Бұл саяси классификация. Біз террористік ұйым болатындай ешқандай қылмыс жасаған жоқпыз. «Соңғы 14 жылда азаматтық қоғамға, орындарға ешқандай шабуыл жасаған жоқпыз. Біз өз ұстанымымызды айтқаннан кейін санкциялар алынуы керек деп есептеймін. Ол санкциялар бұрынғы режимге салынған еді. Бізге оларға қарағандай қарауға болмайды», – деді Ахмед әл-Шараа.

Ал оның сөзіне басқалар неге сенуі керек дегенге келетін болсақ, жаңа басшы оған былай деді: «Мен үшін Сирия халқының маған сенгені маңыздырақ. Біз елде басып-жаншыған қылмыстық биліктен оларды құтқарамыз деп уәде бердік. Оны орындадық. Бұл – ең маңыздысы. Ал басқалар біз туралы не ойлайды, оған бас ауыртқымыз келмейді. Мен өзімді ондай емеспін деп ақталып, дәлелдеп жатқым жоқ. Өз мақсаттарымызға жету үшін алға жылжи береміз».

Бұл кек алу үшін жасалған революция емес деген сөзді айтты әл-Шараа. Асад режимі түрмеде адамдарды азаптап, өлтіріп, жаппай қырғынға ұшыратқан. Химиялық қару да қолданған. Сол қылмысты жасағандардың тізімін анықтаған соң, Әділет министрлігіне, прокуратураға жіберетін болды. Сыртқы істер министрлігі шетелде жүргендеріне іздеу жариялап, Сирияға қайтаруды сұрайды. Сот процесі болады. Қысқасы, әл-Шараа бұрынғы биліктің қылмыстарын әшкерелеп, бұйрық бергендер мен орындағандарды анықтап, бәрін жазаға тартпақшы.

Асад ше? Сирияның жаңа басшысы Башар Асадтың да алдағы тағдырына байланысты ойын айтты. «Ол Сириядан қашты. Қомақты ақша алып кетті. Оны қорғайтындай елге қайтарсын. Сирия соты соттау керек», – деді Ахмед әл-Шараа.

«Сіздерде шетел солдаттары бар. Америкалықтар, орыстар, израильдіктер, түріктер бар. Олардан қалай құтыласыз?» деген сұраққа: «Түркия мен бұрынғы биліктің келісімі бар. Соғыс шынында оларға әсер етті. Азаматтық соғыс кезінде қашқандар Түркияға барып, сол арқылы Еуропаға кетті. Түріктердің әскерилері сириялықтарды өлтіру үшін келген жоқ. Ресей мен Иран әскері сияқты болған жоқ. Бұл қоғамдық, ұлттық қауіпсіздігі үшін істелді. Израиль «Хезболла» үшін келдік деді. Қазір олар шықты. Сондықтан израильдіктер енді Сирияға келмей-ақ қойсын», – деді.

Сирия соғыстан шаршады. Біреудің мықты, мықты еместігінде емес мәселе. Сирия дамуы керек. Израильге шабуыл жасамайды. Басқа да елдерге қауіп жоқтығына сендірген әл-Шараа Ресейден қол үзбейтінін білдірді. «Сириямен Ресейді стратегиялық мақсаттар біріктіреді. Ресейді қуып шықпаймыз. Ешкіммен конфликтіге барғымыз келмейді. Диалогқа дайынбыз» деген Сирия басшысы жаңа биліктің алдағы саясаты жан-жақты, стратегиялық байланыс болатынын көрсеткендей.

Әл-Шарааның сөзіне толық сенер-сенбесін білмей отырған елдердің ішінде бірінші АҚШ бастап, сенім арта бастағандай. «Хайят Тахрир аш-Шам» лидерінің басына 10 миллион АҚШ долларын тіккен болатын. Енді бұл шешімін қайта өзгертіп отыр.

АҚШ әл-Шарааның басына ақша тіккен...

АҚШ Сирияның жаңа лидері Ахмед әл-Шарааны ұстауға көмектескендерге 10 миллион доллар береміз деген ұсынысынан бас тартты. Әл-Шараа америкалық дипломаттармен оған дейін кездесіп үлгерген.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының көмекшісі Барбара Лиф делегация басшысы болған. Оның сөзінше, әл-Шараа – жемісті еңбек ете алатын, прагматик адам.

Ахмед әл-Шараа басқарып отырған «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымы АҚШ-та да террористік ұйымдар тізімінде. Сирияны елу жыл басқарған Асад әулетін тақтан тайдырып, соңғы 13 жылдағы азаматтық соғыстан кейінгі ушыққан жағдайды түзеймін деп сөз берген әл-Шараа әлемге жұмбақ адам. Бірақ келіссөздер мен сұхбаттарға шығып, жақсы әсер қалдыруға тырысып жатқан оның бұл әрекеті әзірге жемісін беріп жатқанға ұқсайды. АҚШ делегациясының құрамында Барбара Лифтен басқа Роджер Карстенс ісі бойынша Джо Байденнің өкілі әрі мемлекеттік департаменттің Таяу Шығыс бойынша бюро кеңесшісі Дэниэл Рубинстайн болған. Бұл америкалық делегацияның соңғы он жылда бірінші рет Дамаск қаласына баруы.

АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілі келіссөзде «саяси транзиттің принциптері» мен «Ислам мемлекеті» ұйымымен жедел күрес шарасы талқыланған. Сонымен қатар делегация азаматтық соғыс кезінде Сирияда ізім-қайым жоғалып кеткен АҚШ-тың екі азаматы туралы ақпарат беруін сұраған. Журналист Остин Тайсты 2012 жылы Дамаскіде ұрлап кеткен. Ал психотерапевт Мадж Камалмаз жайында 2017 жылдан бері бірде-бір ақпарат жоқ.

АҚШ делегациясы сонымен қатар Сириядағы азаматтық қоғам өкілдері мен әртүрлі ұйымдармен жолыққан. Олардың Сирия болашағы туралы ойын сұрап, АҚШ тарапынан қандай көмек бере алатындарын айтқан. Бұл АҚШ «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымымен мәмілеге келе алатынын көрсетсе, екінші жағынан жаңа басшылыққа билікті жалпы діни-этникалық топтарға ортақ спектрге беруге үгіттеп отыр. Америкалық дипломаттар «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымын террористік ұйымдар тізімінен шығарып, ары қарай салынған санкцияларды да жұмсартуға болатынын сездірді. Бірақ бұның бәрі оп-оңай іске аса салатын дүние емес екені белгілі. АҚШ-тың да өз талаптары болмауы мүмкін емес.

АҚШ – Сирияның билігін басып алған көтерілісшілермен байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі. АҚШ-қа дейін Ұлыбритания, Франция, Германия, ЕуроОдақ өкілдері Дамаскіге келіп кеткен. Әл-Шараа әлемдік БАҚ-тарға шыққан сұхбаттарында бұрынғы террористік ұйымдармен байланысын үзгенін, көзқарасының өзгергенін қайта-қайта айтып келеді. Тіпті Әбу Мұхаммед әл-Жулани деп осыған дейін көпке танылған атынан да бас тартқан.

Әл-Шарааға Сирияның ішінде өзгерте алған имиджіне сырт елдерді де сендіру қиын болмақ. Бірақ билікті қолына алған соң онымен өзге мемлекеттер де санасады. Енді айтқан сөздері мен берген уәделерінен тайқымай, Сирия халқын шын мәнінде тыныштыққа бастап, елдің ішінде саяси тұрақтылық орната алар болса, халықтың сенімі де арта түсері сөзсіз. Оған қоса, сырт мемлекеттер де сақсынып болса да, байланыс орната береді.

Шөлдегі лагерьлер

 Сирияның күрдтер басқаратын аймағында «Ислам мемлекеті» ұйымының бұрынғы мүшелерінің әйелдері мен балалары тұратын әл-Хол, Родж лагерьлері бар. Лагерьдегілердің тағдырына байланысты сот болмаған. Бірақ ондағы тұрмыстық жағдай адам шошырлықтай. Би-би-си агенттігі тұтқын әйелдердің бірімен сұхбатын жариялаған. Асад режимі құлаған соң олар да өмірлері өзгеретіндей үмітпен қарап отыр.

Родж лагері – шөлге тігілген құжыралар (палаткалар). «Қазір қыстың кезінде өте суық. Қолымызда бар қалың көрпешелермен палатканың үстін жауып, жылытуға тырысамыз» деген аты өзгертіліп жазылған Фарида Абалаева. Лагерьде телефон ұстауға тыйым салынған. Ондағы адамдар тығылып, байланысқа шығады. Егер күзетшілер телефонмен ұстап алса, екі-үш айға лагерьдегі түрмеге қамап қояды. Фариданың Сирияға келуі, «Ислам мемлекеті» ұйымына мүше болған күйеуімен танысуы – бәрі «классикалық» жол. Интернет арқылы күйеуімен танысып, Түркияға барып, одан Сирияға келген. Күйеуі «халифат» құрамыз деген арманмен жүрген. Қазір Фариданың кішкентай қызы бар.

Бұл лагерь Сирияның солтүстік-шығысында орналасқан. Сирияның демократиялық күштері (күрдтер) АҚШ-тың көмегімен бұл аймақты бақылап отыр. «Ислам мемлекеті» ұйымына жеңуге көп үлес қосқан күрдтер. Қазір олардың қарауындағы лагерьде «Ислам мемлекеті» ұйымының 9 мыңға жуық өкілі қамауда отыр. Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар.

Башар Асадтың режимі құлаған соң күрдтерге Түркия шабуыл жасай бастады. АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Сириядан америкалық солдаттарды алып кету туралы айта бастады. АҚШ-тың жоғары лауазымды әскерилерінің бірі – бұл әрекеттердің қауіпті екенін айтқан. Сириялық күрдтердің шамасы лагерьде күзетіп, ұстап тұруға жетпей қалса, «Ислам мемлекеті» ұйымы бостандыққа шығып кетіп, қайта қауіп төндірмей ме деген күдік бар. Бұл қашан жарылары белгісіз бомба сияқты. Бірақ кез келген өзгерістерден лагерьдегі әйелдер мен балалар жақсылық күтеді. Оларға өз мемлекеттері көмектесуден бас тартқан. Ал осылай жалғаса беретін болса, олар еркіндікке жете алмайды.

Әу баста Родж пен әл-Хол лагерьлерін басқа аймақтан қашып келушілерге арнап ашқан. Бұл уақытша шешім еді. Ешкім бұл лагерьлерде жиһад жасаушылардың мыңдаған отбасылары тұратынын ойлаған жоқ. Ирактағы жиһадшылардың әйелдерін де соттаған. Оған қарағанда, бұл жердегі әйелдерге ешқандай сот үкімі шықпаған.

Родж пен әл-Холға қарағанда кішірек. Ол жерде 2600 адам тұрады. Көпшілігі басқа мемлекеттердің азаматтары. Лагерьдің жанында мұнай бұрғылары орналасқан. «Кейде далаға шықсаң, түтіннен ештеңе көрінбейді. Тіпті көз алдыңдағы жолды да көре алмайсың. Көп ауру пайда болды», – дейді Фарида Абалаева.

2023 жылы Родж лагеріне келген Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы демікпе ауруға шалдыққан балалардың көбін айтқан. Қатерлі ісік, жүрек ауру, гипертония дертіне ұшырағандардың да саны аз емес.

Күрдтердің өкілі әлемдік ұйымдарға лагерьдегі азаматтарын алып кету туралы бірнеше рет ұсыныс айтқан. Кей мемлекеттер алып кетсе, кейі бас тартқан. 2021 жылы БҰҰ-ның өкілі лагерьдегі жағдайдың нашарлығын айтып, тұтқындарды тез арада шығару керек деген. Бірнеше мемлекет анау бір жылдары ұйымдасқан түрде азаматтарын алып шықты.

2019 жылы Қазақстан Сирия мен Ирактан 188 әйел мен 522 баланы елімізге алдырды. Өзбекстан 500-ден аса әйел мен балаларды қайтарған. 2020-2021 жылдары Украина бес әйелді балаларымен бірге Отанына жеткізген. Қырғызстан 339 адамды қайтарды. Германия, Франция, Нидерланды мемлекеттері туыстарының өтініші бойынша сот өткізіп, елдеріне алдырған.

Қазір бұл лагерьлерде Ресейдің де азаматшалары көп.

Қазір бұл лагерьлердің жағдайы өте қиын. Тек қана әйелдер мен балалар орналасқан жерлер емес, «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары отырған лагерьлер бар. Сирияның қазіргі әскері өз бетімен оларды ұстап тұра алмайды. Бұл да көптің алаңдаушылығын тудырып отырған жағдай. Ол таяқтың бір ұшы біздің елдің де басына тиген.

Қасым Арықбай