Келелі кеңес

Нұрмахан ЕЛТАЙ, сықақшы, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше сатиралық және деректі кітаптардың авторы.
«Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдағы айтқыштар», «Япырмай, бұл қандай қызық?!» «Беті бүлк етті» «Үшінші тайм», «Сыпыра сыйлық», «Көкиненің көз» атты жинақтары жарық көрген. Бүгін «Жас Алашқа» бірқатар әзіл іңгімелерін жариялап отырмыз.
Жаңадан келген аудан әкімі жайсаң жігіт екен. Моншадан шыққан кісі секілді жүзі қызыл шырайланып, күлімдей қарайды. Құйрығы бар қазақы әріптерге тілінің оншалықты сынбайтындығына күмәнданбасаңыз, бөтенсінетін жан емес. Алыс ауыл тұрғындарымен танысу жиынында олардың көкейіндегісін дөп басты: «Ауылдыктарга әуелі не керек? Ауыз су, аяк су, электр куаты.., баскасы сосын бола бермей ме? Бәрін реттейміз, сол үшін кызметке келдік», – деді ол. Келдім деп тұрғаны рас, бір дөкейдің бажасы көрінеді, құмырсқаның илеуіндей құжынаған халқы бар бір қалада бұрын көкөніс қоймасының кілтін ұстаған ба, сатушысы болған ба, әйтеуір пұлды жерде жүрген бала көрінеді. Ысылсын деп, шеткі ауданға уақытша жайғастырған секілді-ау. Естуімізше, өсетіндердің есебіндегі айналайын.
Бұрыннан да бастықтарды сиректеу көретін ауыл адамдары жаңа басшының мынандай ашық-жарқын әңгімесіне қол шапалақтап жіберді.
– Сіздерге былай істеу керек, – деді әкім қияқ мұртын қиғаштай сипап.
–Мәселен, алыска ұзамай-ак, есік алдына көкөніс, бакша егіндер!.. Жақсыбайдың үйіндегі келіннің аузы жылдамдау екен: – Ол не, көкөніс деген? – деп зып ете қалмасы бар ма. Әкім саспады.
–Көкөніс. Ол кияр, ол помидор, ол сәбіз, бәрі – ас,– деп ерінбей түсіндірді әкім. –Міне, осыларды көбейту керек!
–Айтпақшы, –деп көлденең киіп кетті Алыпқаш.– Қап-қара сопақ бар ғой, немене еді, баклажан дей ме, соны да ексе болмай ма?
Өз сөзін қоштаушы табылған соң, ана кісі тіптен қоразданып қалды.
– Болганда кандай! Еге бер!
– Болгар бұрышы ше, қызылы, сарысы, көгі деген сияқты түрлі-түрлісі болады дейді. Осы ауылдың қатындары базардан тасып жүргені ше...
– Светафор десеңші онан да.
– Көк пиязды ұмытпаңдар. Мұны Тұртан қария еске салды. «Жастайынан насыбай атып үйреніп қалған ерні әйтеуір ащыға құмар осы кісінің». Артқы жақтан біреу осылай күңк етті.
– Көк пиязда басың қалғыр, – деп сол үйдегі апамыз жақтырмай тыржың етті.
– Укроп деген шөп бар, палаудың бетіне турап сепсе, әрін де ашады, дәмін де келтіреді. Макан төре ертеректе өзбектермен біраз араласқан көрінеді, мына білгірлігі соның белгісі болар.
Абыр-дабыр басылған кезде, әкім сөзін қайта жалғады.– Көкөніс өте өсімтал келеді. Гектарынан төрт-бес КамАЗ-дан сатып, ақшаға қарқ боласыздар!
– Қарағым, әлгі көкөніс дегеніңді бәріміз еге береміз бе? Бүбіш апа бүгежектей саусағын көтерді.
– Еге беріндер. Рынок заманында осылай әрекет етпесе, біреу бірдене береді дейсіңдер ме? Мен сендерге жолын айтып отырмын. Былтыр Израильде окып келдім, биыл Италияда болганым бар. Сөйтіндер!
– Қарағым-ау, бәріміз қияр мен помидорды, тағы басқа шөп-шаламды қаптатып жіберсек, оның бәрін не істейміз, малға береміз бе? Мына өрескел сауалдың иесіне әкіміміз таңдана қарады: «Ойпырмай, мынандай да сауатсыздық болады екен-ау». Как не істейміз?!
– Оу,–деді ол қолын көкке көтеріп,– жемейсіндер ме, сатпайсындар ма, тіптен артылып бара жатса, банкіге басып, консервілеу қажет.
Әй, сыпайылығы кем, ауыл адамдары-ай, осы кезде орта шенде отырған біреудің қы-қы-қы деп күліп жібергені. «Қашқан қоян жатқан қоянды ала кетеді» демекші, оған екінші біреуі қосыла кетсін. Осындағы жұрттың көбісін күлкі қысып, елеңдеп отырғандай ма, үшіншісі, оған төртіншісі ілесіп қалғандары да, «ықы-ықы», «ха-ха-ха-лап», жамырай жөнелсін. Сол-ақ екен клубтың ішін қаптаған қалың күлкі кернеп жүре берді. Ішек-сілесі қатқан біреу.
– Консерві жаса дей ме-ей?!
– Банкіге жабасың дейді, ойбай ішім-ай!
–Ащы-тұщыға қарқ болатын болдық қой.
– Сарттың сөзін айтпа, салат десеңші...
Кенеттен орын алған оқыс оқиғаға өрден келген төренің өзі де, еріксіз ыржиды. Енді қайтсін, жұрттың бәрі жырқылдап, тырқылдап жатқанда, жылай ма, жалғыз өзі. Хи-хи, ха-ха, гу-гу, ду-ду! Ескі клубтың төбесі де желкілдеп, бір жасап қалды-ау, осы мезет.
– Қарағым-ай, –деді күлкісін зорға кідірткен Қарғабай қарт суланған көзін қолының сыртымен сүртіп отырып. – Көптен күлмеп едім, ішек-қарным созылып, бір жеңілдеп қалдым ғой. Жүз жаса, жаным!
– «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген осы. Айналайын, айтқаныңның бәрі жөн. Алайда, бұл ауылдың айдалада, құмның ішінде тұрғанына мың жыл болды емес пе. Егін суармақ түгілі, ішетін су жоқ қой, мұнда. Құдық қазсақ, суының ащылығынан естек ақырады. Ішетін суды алпыс шақырым жерден тасымалдаймыз. Өркенің өскір, осында келеріңде бұл жағдайды қаперіңе алмаған екенсің дә...
Әкім қобалжып, орынбасарына қарады:
Бұл кай ауыл?
– Желдер.
– Немен шуғылданған бұрын?
–Мал өсірген ғой...
–Қап! Қозы-козлята жөнінде айтуым керек екен. Между прочим, рыноктык байланыста бұл мәселе де карастырылган...
КҮЛКІМ КЕЛМЕЙДІ
Орынсыз жерде күлгенді суқаным сүймейді. Босқа ыржалақтаған базардың ортасында дәрет сындырғандай ерсі нәрсе ғой, өзі. «Күлкі – арсыз» деп заңдастырып алып, беталды шиқылдағанның несі жақсы дейсіз.
...Қапты сүйретіп ішке ене бергенім сол еді, төрдің төбесінде талтайып тұрған кісі шудасы түскен түйе секілді ырғайдай мойнын одан әрі соза қисиып күлсін. Мән бермедім. Несіне алаңдайын, о шәлтігіңді танымаймын да ғой. Өз жұмысымды бітірсем, өзгеде не шаруам бар? Келесі затымды да бұрышқа қоя беріп, көзім түсіп кетті. Әлгі неме құлағы қалқиып, бет- аузының быж-тыжы шыға әлі ыржиып тұр екен. Тіпә, түрің құрғыр! Несіне жетіседі-ей? «Өзінің боғын көрмей, өзгенің шоғын көретін» қу ма қайдам. «Пошымыңа қара» деп сөзбен бір нұқып жіберейін деп тұрдым да, ақымақтықтың ала-құласы болмайды ғой дедім де, аузымды ауыртпадым. Қолында селебе пышақ, балық аршып тұр. Осы үйдің құл-құтаны секілді ме, немене? Онысына қарамастан нағашысы базардан келгендей ыржалақтаған күлкісі анау. Тұрысына жұмысы үйлесіп тұрса кәні. Әй, мақау-ай!
Қоржын-қошқалақтарымды тасып болысымен, үсті-басымды қаға, қақпаға қарай жылыстап бара жатыр едім, әрі сұлу, әрі толық үй иесі жеңгей:
–Қайда барасың? – деп қатқыл сөзбен қалт тоқтатты. Прожекторға түскен қояндай бүрсеңдеп қалдым-ау деймін. Толық қатын әбжіл қимылдап, үрпиіп тұрған менің қолыма қанжардай пышақты ұстата берді.
–Еттің бәрін бұзып, тұздап, қазысын тағып, сонан соң кетесің. Шалалық болса, бастығыңа айтамын, – деді ол.
«Жазған құлда жан бар ма?» Серіктестіктен автофирмаға айналған біздің шаруашылыққа бөлемнің құрдасының құдасы бастық болып келгелі сенімді кісіге айналып «важный» жерлерде жүретінмін. Бүгін де ерекше тапсырмамен ертелетіп келіп, мына жағдайға тап болып тұрмын. Кеше басекең: «Дедей, өзіңе ғана сенемін. Жаңа келген аудан әкіміне сый- сияпаттың реті келіп тұр. Осы ту биенің етін үйіне апарып берсең», – деген. Бай мен байдың, әкім мен әкімнің арасында жорға мініп, дорба тасу кім- көрінгеннің қолынан келер іс емес. Өзіме-өзім риза болып, марқайып тұрғаным сол еді. Бірақ Алатаудай көңіліме, замдиректор деген дап-дардай қызметіме қарамай, әкімнің жансаясы мені құс салғандай ыммен жетектеп, әлгі шыққан жеріме қайта айдап келді. Сарай ма, асханасы ма, іші сап- салқын жер екен. Өзім қаптаған етті мұнда қайта төгіп, пысылдап жатсам, баяғы мойны ырғайдай бәлекет әлі ыржиып тұр. Менен көзін алмайтынын айтсаңшы. Жыным мұндай келмес. Орынсыз жамау секілді тіптен жараспай тұр.
–Сойған түлкідей неменеге ыржалақтайсың?–дедім ақыры шыдай алмай. Анауың сасатын көрінбейді:
–«Тілегенге сұраған» дегендей сен де мен секілді сәлемдеме сүйреген сорлысың ғой. Өзің құдай болмаған соң көрген күнің осы. Қармаққа жақсы іліндің. Серік болғаныңа қуанып тұрмын. Нешауа,– деп балығын кескілеп, кеңк-кеңк күлді.
–Нешауаға не дауа. Кесапат қатынның «дайын асқа, тік қасық» мына қылығын-ай! Әкеп берген нәрсеге өзі де шамалы еңбек етсе бірдеңесі кете ме,–деп алдымдағы білем-білем етті ызалана осып-осып жібердім.
Қалқан құлақ «балықшы» ырқ-ырқ күліп болар емес. Көмгенде күлгір найсап! Ұялмаған ұялтады дегендей, менің күлкім келер емес.
ГӨЗАЛ КЕЛЕ ЖАТЫР
Ауыл шетіндегі аялдамамыз күймеген кесектен салына салған үш қабырғалы далбай. Айналасында оншақты ағаш бар. Аялдамамыз көзге қораш көрінгенмен, атқаратын шаруасы дап-дардай. Өйткені ауылдан шығар, кірер бірнеше жол осы маңда түйіседі. Сондықтан қарсы алушылар да, шығарып салушылар да осы арадан тарайды. Шылқамай ауылының «қазан» вокзалы десек те болады. Танысын қарсы ауылшыларды да, қимасын шығарып салушыларды да осы маңнан кездестіресің. Қашанда ығы-жығы, топыр болып жатады. Кешкілік бозбалалар бойжеткендерге айналшықтап, «свидание» жасап жүреді. Жаңағы ошақты ағашымыз парк деген үлкен лауазымға ие. Шілденің ыстығына өрістен қайтқан сиырлар, ешкі-лақтар да осында көлеңкелеп, дамылдайды. Әйтеуір күндіз-түні құр емес.
Міне, бүгін де қара-құрым көп-ақ. Шал-шауқан, кемпір-сампыр, қыз- қырқын, гүл ұстаған жастар да кездеседі. «Балақ түрілмей, балық тұтылмас» деп менің де өз есебім бар. Мына жүргендерге айтқым жоқ.
–Иә, жайша жүрсің бе?– деп сұрадым шетен қалпақ киіп шілтиіп шетте тұрған Кәукаманнан.
–Гөзал келмекші еді. Соны қарсы алып, үйге ертіп барамын. Қазанға тамақ салдырып келіп тұрмын,– деп маңғазданды ол.
– Мырзажан-ау, Гөзалжанды мен де күтіп тұрмын ғой. Ол бала өзбектің палауын жақсы көруші еді. Біздің келін сол елдің қызы. Сәбізін мол етіп, мейіздеген палауды дәмдеп жатыр. Алдымен біздің үйге барады, – деді Қиқагүл жеңгеміз. Шілтіреңдеген Кәкаман қайта аузын ашқанша есегінен түсіп жатқан Шонай шал да әңгімеге араласып:
–Гөзалдың әкесі екеуміз түйдей құрдас едік. «Қасқадан болмағанда төбел туады» дегендей, әкесі секілді науша келген, ақкөңіл жігіт болып өсті Гөзалжан. Жолдарыңды маған беріңдер. Құрдасымның баласын қымызға қыздырайын, – деді. Терін сүртіп, тек отырған Томпи аналарға алара қарап:
–Ой, сендер де не болса да соған оттай береді екенсіңдер. Қымызыңды, палауыңды Гөзал не қылсын, салқын сыра тұрғанда. Қаладан бір жәшік сыра алдырып, салқындатып қойдым. Қазір келісімен «сыра бар» десем, шөлдеп келген Гөзал ере жөнелмесе, Томпи атым құрысын,– деп жерге бір түкірді.
Шынымен Гөзал оған еріп бара жатқандай айналадағылар шу ете қалды.
–Қарақ өйтпе!
–Біздің алдымызды кеспе, айналайын! Құрметтеп күтіп отырмыз. Гөзалжанды. Бізден кейін саған да кезек келер.
–Әй, бала, кезегің, өшіретіңе қара!
Менің де ішім қылп ете қалды. «Бүгін Гөзал келеді» дегенді естіп, бір бағлан қозыны сойғызып, шашлық шаншытқызып, гүрілдетіп моншаны жаққызып келіп тұрған бетім еді. «Мен ұрлық қылған күні ай жарық болды» дегендей, бәрінің өріп шыққанын қарашы, ойбай-ай!
Бұлардан бұрын Гөзалді қалай іліп кетемін деп айла ойластыра бастадым. Қасақана ойға бірдеңе түсе қойсаңшы!
Әне-міне дегенше қою шаңның құшағында қаладан келетін автобус көпірден шойқаң етіп асып түсіп, аялдамаға «пыс» етіп тоқтай қалды. Күтушілердің бірі артқы есікке, бірі алдыңғы есікке жүгірісіп, мәре-сәре болдық та қалдық. Жамыраған қозыдай жапырлап ұмтылып жүрген кісі көп. Бірақ «енеміз» біреу-ақ. Ол – Гөзал! Құрметті мейманның қолын қайсымыз бұрын алар екенбіз? Бәрі үміткер.
Құдай-ау, бүгін автобуста адам осыншама көп болар ма? Түсіп жатыр, түсіп жатыр. Қап арқалаған, қол сөмке, жол сөмке көтерген біреулер шұбатылып бітер емес, жүдә!
–Гөзеке!
–Гөзалжан!
–Жиен, – деп жердегілер де тамағын кенеп, жанталасып, қиқулап жатыр. Көп зор дауыстың ішінде менің үнім жетім қозының маңырағанындай бәсең шығады. Сонда да болса:
–Жездеке, Гөзеке, – деп еміне итерісіп, ернімді жалап-жалап қоямын. Ынтығып жүрген көп күтуші. Келін түскенде мұнша жиналмас, нан жауғырлар!
Осы кезде Әңкіштің ақ «Нивасы» жанымыздан зу ете қалды.
–Түу, босқа арамтер болыппыз-ау! Гөзал ана машинаның ішінде кетті, – деп санын бір соқты ішіндегі кісіні байқап қалған біреу.
–Әңкіш қу бәріміздің аузымызды топайдай етіпті. Бойына сеніп жылдан құр қалған түйе біз болдық. Мұнда бәріміз таласып күтіп жүргенімізде, ол барып оны қаладан машинасымен алып қайтыпты.
–Не дейді? Онда үйіне қарай ұмтылайық, – деді шулаған жұрт. «Ниваның» соңынан топырлай жүгірісіп кетті. Есегін тымпыңдатып Шонай шал оқ бойы озық барады. Мен де велосипедіме қарғып мініп, төте жолмен тартып кеттім. Әйелімнің тапсырмасы қатаң. Гөзалдың балаларына тиісті көптен алмаған жәрдемақысын әкелуге қалаға кеткенін кеше естігенбіз. Одан жарты жылдан бері ала алмай жүрген алашағымыз бар. «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген осы. Әлгі шулап жүргеннің бәрі қарызын өндіре алмай, қолынан беріп, аяғынан тозып жүрген сорлылар. «Ешкі баққандікі, ақша тапқандікі» деп барғаның аласың, ілінбегенің қаласың.
«Қарыздан қорықпаған, құдайдан да қорықпайды», «Аларында алмаң- жалмаң, берерінде безген түйнек». Гөзалды таппай қалармын. «Зула! Екі ақты сайтан арбам. Зула!» – деп итініп келемін...