Келісім комиссиясы кеншілермен келісе ме?

Қарағандыда Абай атындағы кен орнында болған төтенше жайттан кейін келісім комиссиясы құрылды.
Бұл апатты жағдайдан кейін міндетті түрде құрылатын комиссия. Мұндай комиссияны кеншілер өмірі қиылмай тұрып құруға болмай ма деген өкінішке толы ой оралады екен.
Комиссияға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек төрағалық етеді. Сондай-ақ комиссия құрамына мемлекеттік қызметкерлер, кәсіподақ төрағалары және «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы мен өңірдегі сегіз шахтадан белсенді кеншілер енген. Кеншілер бірінші кезекте «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы көмір департаментінің бастығы Андрей Черномаз жұмыстан кетсін» деп талап қойған. Олардың айтуынша, көмір департаментінің бастығы кеншілердің жағдайына шынымен жанашырлық таныта қоймайды. Кеншілер кен орындарындағы мамандардың санын арттыру қажет деп санайды, өйткені олар жұмыс күші жетпегендіктен, көбірек жұмыс істеуге мәжбүр болуда. –Кеншілер тарапынан қойылып отырған талаптың бірі – жалақыны көбейту және кадр мәселесін шешу. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе – кен орындарындағы құрылғылар жаңартылуы тиіс, олардың көпшілігі ескірген, тіпті әбден тозығы жеткен. Компания шахталарды дамыту үшін қаражат бөле ме? Міне, осындай сұрақтар кеншілерді мазалап отыр, – деді «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев. Келісім комиссиясына кеншілер 12 талап қойып отыр. Оның ішінде кеншілердің зейнетке шығу жасын 50 жасқа дейін қысқарту да бар. Комиссияның қанша күн кеңесетіні жөнінде нақты ақпарат берілген жоқ. Дегенмен кеншілер 2017 жылы жер астынан шықпай, бірнеше күн наразылық жасап отырып алған кезде компания тарапынан берілген уәделер толығымен орындалған жоқ деп қынжылады. Ал төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Абай шахтасында қауіпсіздік ережесі бұзылған жайттар бұған дейін анықталғанын әрі оны жауып тастау қажеттігі жөнінде мәселе көтерілгенін айтады. Алайда сот кен орнын жаптырудың орнына айыппұл салуға шешім шығарған. Компания осылайша айыппұл төлеп құтылған, ал бұл сорақылықтың салдарынан алты адамның өмірі қиылды.
Кеншілер жер астына жұмысқа бара жатқанда сәт сайын «тірі шыға аламын ба» деген ойда болады. Олар «ең бастысы, компания қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етуі керек» деп есептейді.