Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:35, 18 Қаңтар 2018

Келіссөз қашан бітеді?

Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин қазір елде жүр. Шымкентте досының тойында қонақ болды.
Туған жерінде облыс әкімінің қолынан «Қарағанды облысының құрметті азаматы» төсбелгісін алды.Бірақ әлі мәселенің басы ашық: Сауль Альвареспен қарымта кездесу өте ме, жоқ па?Екі жақтың ресми өкілдері келіссөздердің 90 пайыз аяқталғанын, анықтауға тиіс мәселелер бар екенін айтады. Генаның промоутері Том Леффлер қаңтардың соңына дейін барлық сұрақтар шешімін табатынын мәлімдеп те үлгерді. Тіпті екі мықтының жаңа келісімшартында қарымта кездесу туралы тармақ та жоқ. Яғни осы жолы қай жеңгені нағыз жеңімпаз болып танылмақ.Батыс баспасөзі Головкиннің соңғы екі кездесуінен кейін бұрынғы шабысынан біраз айныды: қазір «Трипл Джиді» бас-көзсіз мақтауға сараңдау. Неге? Бұрын Головкин кездескеннің бәрін қидай сыпырып, қоғадай жапырып кете беретін чемпион еді. Джейкобсты жеңсе де, 12 раундты толық өткізгені, Альварестен басым жұдырықтасса да, нәтиженің тең болуы жұртты біраз ойландырып тастағандай. Яғни, олардың ойынша, Головкин бәрін жеңетін «жеңіс машинасы» емес. Оның үстіне жасының да өсе түскені бар.Бірақ бұл сөздің бәрі шаршы алаңда ешкімді ақтай алмайды. Сондықтан Головкин командасының Альвареспен келіссөзге мейлінше ашық барып отырғаны, барлық мәселені ашып көрсететіні бокс әлеміне ұнайды. Ешқандай «бармақ басты, көз қысты» нәрсе жоқ.Ал отандасымыздың бапкері Абель Санчес алдағы кездесуде өз шәкіртінің шеберлігін толық көрсете алатынына сенімді. «Бірінші кездесуде Альварес байыз тапқан жоқ, тек қашумен жүрді. Төртінші және бесінші раундтарда, сосын ең соңғы раундта ғана шегінбей айқасты. Қарсыласы қашқақтаған соң, Гена да естен тандырар соққыларын жұмсай алған жоқ. Альвареспен екінші рет жолықса, Гена денеге де мықты соққы жасай алатынын көрсетеді. Бірақ Альварестің апперкотынан сақ болу керек. Бірінші жекпе-жекте «Канело» екі-үш рет осындай қауіпті соққы жасады», – дейді Санчес.Қалай дегенде де Головкин-Альварес кездесуі биыл қалайда өтеді. Гена басқа қарсылас іздеп жүрген жоқ. Тіпті Альварес командасының қалауына жығылып, 5 мамырға келісіп отырғаны да рас. Ал 5 мамыр – Мексиканың «Синко де Майо» күні, жеңіс мерекесі, тәуелсіздік күні. Бұл күні өз отандастарына жеңіс сыйлауға Альварес те құштар. Өз жеңісіне сенімді адам ғана ұлттық мерекеге жекпе-жегін орайластырады. Демек, «Канелода» жүрек бар.Ығына жығылып дегеннен шығады, өткен күзде Головкин Альвареспен кездесу үшін біраз кері қадам жасағанын баспасөз жарыса жазды. Неге чемпион Головкин жұрт алдына бірінші шығады да, үміткер Альварес соңынан шаршы алаңға көтеріледі? Неге жекпе-жек «Канелоның» өз үйі болып саналатын Лас-Вегаста өтті? Міне, осындай ұсақ детальдардың өзі Альварес қалауының бірінші орындалғанын айғақтайды. Енді қалай болады? Мәселенің шешімін жақында нақты білеміз.Есей Жеңісұлы 
Тегтер: