«Кемел адам ілімі» және қазіргі педагогика
Қазіргі жаһандану дәуірінде білім беру тек ақпарат жеткізудің құралы ғана болып қалмай, тұлғаның рухани, интеллектуалдық және азаматтық болмысын қалыптастыратын күрделі әлеуметтік институтқа айналды.
Осы тұрғыдан алғанда әл-Фараби ілімі – уақыт сынынан өткен, бүгінгі педагогикалық ой-толғамдармен табиғи түрде үндесе алатын терең философиялық жүйе. Ұлы ойшылдың «қайырымды қала», «кемел адам», ақыл мен тәрбиенің өзара сабақтастығы туралы тұжырымдары қазіргі білім беру кеңістігінде айрықша маңызға ие. Әл-Фараби адамды тек біліммен қаруланған жан ретінде ғана емес, моральдық жауапкершілігі жоғары, қоғам алдындағы борышын сезіне алатын тұлға ретінде қарастырды. Бүгінгі педагогика да дәл осы тұғырды басты бағдар етіп отыр. Яғни, оқушыны функционалдық сауатты ғана емес, рухани тұрғыдан орныққан, елдік мүддені ұғына алатын азамат деңгейіне жеткізу. Сондықтан әл-Фараби мұрасын қазіргі білім беру жүйесіне енгізу – болашаққа салынған зияткерлік көпір.
Осы идеялық сабақтастықты терең талқылау және ғылыми-практикалық деңгейде зерделеу мақсатында 10 желтоқсан күні «Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» атты республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті. Бұл басқосу еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын педагогтарды, ғалымдарды, шығармашылық жетекшілерді және жас зерттеушілерді бір ортаға тоғыстырып, ұлттық педагогикалық ойдың көкжиегін кеңейтуге бағытталды. Конференцияның негізгі өзегі – Әбу Насыр әл-Фарабидің бай ғылыми мұрасын заманауи білім беру үдерісімен ұштастыра отырып, педагогтардың кәсіби дамуындағы жаңа бағдарларды айқындау, олардың ғылыми-зерттеушілік және шығармашылық әлеуетін тереңдету. Шара мақсаты, сонымен қатар, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесін нығайту мәселелерін кешенді түрде қарастыру.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен әл-Фараби атындағы «Оқушылар сарайы» ұйымдастырды. Қосымша білім беру кеңістігі мен оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту орталықтары әл-Фараби іліміндегі үйлесім, қабілетті дамыту, тұлғаны жан-жақты жетілдіру идеяларымен тығыз байланысып, шебер түрде үндеседі. Конференцияға мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтары қатысты. Мұндай кең ауқымды қатысушылар құрамы әл-Фараби ілімінің әмбебаптығын, оның білім беру сатыларының барлығында қолдануға болатын әлеуетін айқын көрсетсе керек. Педагогика саласындағы теория мен практиканың, ғылыми пайым мен нақты тәжірибенің тоғысуы конференция мазмұнын тереңдетіп, оны формалды жиын деңгейінен биікке көтергені анық.
Іс-шара аясында пленарлық сессиямен қатар төрт бірдей секция жұмысы ұйымдастырылды. Ғылым секциясында әл-Фараби ілімдерінің заманауи ғылымға ықпалы талданып, оның логика, философия, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдардағы идеяларының бүгінгі ғылыми дискурстағы орны қарастырылып өтті. Өнер секциясы ұлы ойшылдың эстетикалық көзқарастары мен өнердің тәрбиелік әлеуетіне арналған, мұнда оқушылардың көркем шығармашылық қабілеттерін дамытуда әл-Фараби идеяларын қолдану жолдары тәжірибелік тұрғыда сарапталса, әдебиет секциясында әл-Фараби мен рухани-адамгершілік әдебиет арасындағы сабақтастық, мәтін арқылы тұлға тәрбиелеудің философиялық негіздері кеңінен талқыланды. Ал тәрбие секциясы патриоттық тәрбие беру үдерісінде әл-Фараби мұрасын жүйелі түрде қолданудың әдістемелік қырларына арналған.
Конференция барысында қатысушылар ғылыми баяндамалар ұсынып қана қоймай, өздерінің педагогикалық тәжірибелерімен бөлісіп, оқушылардың шығармашылық және зерттеу жұмыстарының нәтижелерін бірлесе талдады. Бұл өзара пікір алмасу алаңы педагогтар үшін кәсіби рефлексия жасауға, жаңа идеяларды бойға сіңіруге мүмкіндік бергені анық. Сонымен қатар конференция аясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жобалары бойынша арнайы көрме ұйымдастырылып, тәрбие жұмысының мазмұнын жаңғыртуға бағытталған тың бастамалар көпшілік назарына ұсынылды.
Жалпы алғанда, бұл ғылыми-педагогикалық конференция – білім беру саласындағы қауымдастықтың өзара ынтымақтастығын күшейтіп қана қоймай, әл-Фараби ілімін қазіргі педагогикалық оймен терең сабақтастыра отырып, ұлттық білім беру жүйесінің рухани және зияткерлік негіздерін байытуға қызмет ететін күш. Мұндай басқосулар ұлы ойшылдың мұрасын музейлік деңгейде сақтаумен шектелмей, оны қоғам қолданысындағы идеяға айналдырудың нақты қадамына айналдырмақ.
Сәруар БАҚБЕРГЕН
Астана қаласы