Кемінде үш қалада полиция митингі өтеді деген аумақта белсенділерді ұстай бастады
1 наурыз түс кезінде Алматыдағы Республика алаңы аумағында полиция жиырмадан астам адамды ұстап әкетті.
Олардың кейбірінің қолында бірнеше күн бұрын астанадағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған белсенді Дулат Ағаділдің суреті болған. Полиция митинг орны ретінде белгіленген орынға жеткізбей белсенділерді ұстады.
Нұр-Сұлтанда Азаттық тілшісі Абай ескертішінің маңында 14 адамның ұсталғанын көрді. Арасында "Республика" қозғалысы белсендісі Бэлла Орынбетова да бар.
Шымкентте полиция Тәуке хан көшесіндегі Әуезов атындағы университеттің алдында 15 шақты адамды ұстады. Бұл маң оппозициялық саяси топтар шақырған "митинг орны" — қалалық әкімдікке жақын.
Полиция Азаттық тілшісіне сұхбат беріп тұрған бір әйелді де ұстап әкетті.
— Бүгін Дулат Ағаділді еске алу күні болып жатыр. Соған келгенмін. Әкімдік жаққа өту мүмкін емес. Білмеймін, не болып жатқанын. Жау келгендей..., — деп айта бастап еді, екі қызметкер қолтығынан ұстап, көлікке отырғызды. Ол "Шал, кет!" деп айқайлады.
(Жаңалық толықтырылады).