Кемшілігі көп «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесі

Батысқазақстандық қоғам белсендісі, заңгер Бауыржан Ахметжан квазисектордың серкесі саналатын «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының сатып алу сайтына шолу жасап, бірқатар кемшілік анықтағанын жазды.
Оның сөзінше қазір қоғамдық мониторинг тек мемлекеттік сатып алуларда бар. Ол еліміздің ашықтық, есептілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі стратегиялық саясатына сай келеді. Алайда осы қағиданың алпауыт компанияға келгенде орындалмай отырғаны түсініксіз. Қоғам белсендісі компанияның сатып алу жүйесіне талдау жасау барысында негізгі деген мынадай бірқатар кемшілік анықтаған.
Біріншіден, іздеу интерфейсі ыңғайсыз. Іздеу сүзгісі экранның шамамен жартысын алып тұрады. Бұл тіпті үлкен мониторларда да сатып алу, келісімшарттар мен лоттар тізімін шолуға кедергі келтіреді.
Екіншіден, тапсырыс беруші мен жеткізушінің бизнес сәйкестендіру нөмірі бойынша іздеу дұрыс нәтиже бермейді. Тіпті осы екі ұйым арасында жасалған келісімшарттар болса да жүйе «Сіздің сұранысыңыз бойынша ештеңе табылмады» деген хабарлама көрсетеді.
Үшіншіден, деректерді Excel-ге жүктеу функциясы жоқ. Мысалы, мемлекеттік сатып алу порталында мұндай мүмкіндік қарастырылған. Бұл пайдаланушыларға үлкен көлемдегі ақпаратпен ыңғайлы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал «Самұрық-Қазына» порталында мұндай функция жоқ, бұл талдау мен есептілікті жүргізуді қиындатады. Сонымен қатар қажетті мәліметтерді алу үшін пайдаланушылар қорға сұраныс жасауға мәжбүр болады. Бірақ СҚ бұл ақпаратты қарапайым тұлғаларға бермеуі мүмкін.
Төртіншіден, қаржылық жыл мен құны бойынша сүзгісі жоқ. Мысалы, егер пайдаланушы 3 жыл бұрынғы келісімшарттарды қарағысы келсе, оны стандартты іздеу жолынан таба алмайды. Сондықтан іздеу сүзгісіне қаржылық жылды таңдау мүмкіндігін қосып, құны бойынша іздеу мүмкіндігін жасау керектігін айтады.
Сайып келгенде, қоғам белсендісі аталған кемшіліктер азаматтардың, әсіресе кәсіпкерлердің сатып алу процесін қадағалауына және талдауына кедергі келтіріп отырғанын айтады. Сондықтан интерфейсті оңтайландыру, іздеу функциясын жетілдіру, Excel-ге деректерді жүктеу және қаржылық жыл мен құны бойынша сүзгілерді қосу пайдаланушылар үшін порталдың ыңғайлылығын айтарлықтай арттыратынына сенімді. Екінші жағынан, қоғамдық мониторингті жеңілдетеді, сатып алулардың ашықтығын арттырып, бюрократияны азайтады.
Бауыржан Ахметжанның сөзінше, «Құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес азаматтар заң жобаларын ұсынуға немесе мемлекеттік органдарға осындай бастамалық жобаларды беруге құқылы. Сол себепті «Самұрық-Қазына» сатып алу порталын жетілдіру бойынша осы ұсыныстарды ресми түрде қарастыруға тиіс.
Айта кетейік, президент мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алу жүйесін толықтай қайта қарауды сонау 2022 жылы тапсырған еді. Мемлекеттік сатып алуларға тек сенімді, қажетті техникасы, білікті мамандары бар және салықтарды уақытында төлейтін өндірушілер қатысуы тиіс. Алайда президент сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюдың орнына процесс бюрократияланып жатқанын айтқан еді. Сондықтан үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесін реттеуге және осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгертуге тапсырма берген болатын. Ендеше, президент тапсырмасының «Самұрық-Қазынаға» келгенде шектелмейді деп үміттенеміз. Бұл мәселе алдағы уақытта дұрысталуы тиіс.
Бекбол Амангелді