Кеңсайда аруақ күңіренсе де Досаев естімейді

«Жас Алаш» редакциясына Әзірбайжан Мәмбетов пен жұбайы Ғазиза Жұбанованың ұрпақтары «әке-шешеміздің қорымын қорлады!» деп хабарласты.
Олардың айтуынша, Кеңсай зиратында КСРО Халық әртістері, режиссер, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов пен композитор Ғазиза Жұбанованың ұлына қойған ескерткішті ұрлап кеткен.

Ерлі-зайыпты халық әртістері Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленген. Олардың қасында 3 жасында мезгілсіз көз жұмған, кіші ұлы Ахан Мәмбетов-Жұбанов жатыр. Оның есімін атасы, композитор Ахмет Жұбановтың құрметіне атаған екен. Үшеуіне де қойылған ескерткіш ұзақ жылдар бойы тұрған. Тек 2016 жылы Әзірбайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың қола мүсіндері ұрланған. Бұл жағдай бүкіл отбасын қатты қынжылтқанымен жария болса қайтадан тонайтындар көбейеді деп, ешкімге айтпай, мүсінді қайтадан қоладан емес, мыстан тұрғызыпты.
«Кішкентай құлынымыздың ескерткішіне тиіспегеніне қуандық. Ұры болса да, сәбиге келгенде жүректері дауаламай, Құдайдан қорыққан болар деп ойлаған едік. Сол жылы біз Қазан қаласындағы керемет жас мүсінші Фанил Валлиулинге ескерткіштерді қайта жасаттық. Оларды өз есебімізден ешкімге жария салмай қалпына келтірдік. Жұртшылықты хабардар етсек, тағы да ұрлықтың орнын алуына жол ашқандай боламыз деп шештік», - дейді Әзірбайжан Мәмбетовтың немересі Карина Измаилова.

7 жыл өткесін ұрлық қайталанып отыр. Ұрпақтары болашақта ата-анамыздың да ескерткіштері ұрлана ма деп қауіптенеді. Режиссердің қызы Дина Әзірбайжанова-Мәмбетова ата-анама әлдебіреулер қастық ойлады ма екен, қабірлері неге қайта-қайта тонала береді деп қайғырып отыр.
«2016 жылғы жағдай тағы да қайталанды. Анам 1990 жылдары, әкем 2009 жылы көз жұмды. Әке-шешем атақты адамдар ғой. Тірісінде жаулары, жақсылық ойламайтындар көп болды. Қонаевпен жақсы қарым-қатынаста еді. Ондай адамдардың аяғынан шалатындар да болатыны түсінікті. Бірақ арадан қаншама жыл өтіп кеткеннен кейін де қаскөйлердің бар екеніне сенгім келмейді. Қабір қайтадан тоналғасын қаскөйлер шынымен бар ма деп те ойлаймын. Бірақ ұзынқұлақтан Кеңсайда молалар көп тоналады деп естідім. Анығын білмей отырмын» - дейді режиссердің қызы.

Кеңсайдың жолы қиын жол...
Бұрылысы көп қиын жолмен өрлеп біз де Кеңсай зиратына келдік. Бұл жолы жалғыз емес, «енді үнсіз отыра алмаймыз» деген халық әртістерінің ұрпағы алып келді. Төбе басындағы тарыдай шашылған молалар үнсіз жатыр. Әзірбайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың қабірі зиратқа кіреберісте оң жақта екен. 3 жасында шетінеп кеткен баласын қасына жерлепті. Мазар басындағы қола мүсіннің орны ғана қарайып жатыр. Анықтап қараған адамға мүсінді кесіп алып кеткені көрінеді. Молаладан шығып әкімшілік кеңсесіне келген мәселемізді айттық. Әкімші абдырап қалды. Өзін Сәбит Сушиковпін деп таныстырып, «біз жауап бермейміз» деп басын ала қашты.

– Енді кім жауап береді, біреу жауап беруі керек шығар?
– Арнайы күзет компаниясын жалдап отырмыз. Солар жауап береді. Біздің міндет жерлеу, тазалығына қарау. Мен де жақында келдім, – деп телефонына жармасты. Күзет басшысын шақырды. Олар келгенше Сәбитті сөзге тарттым.
– Ұрылар Кеңсайды жиі тонайтын сияқты ғой?
– Қазір темір бизнесі қызып тұр. Темір жинауды тоқтатпай ұрлық тиылмайды. Барлық зиратта ұрлық бар. Тек Кеңсайда ғана емес. Қазір қорымды тонау ауру боп тұр.
– Енді олар алыстан келмейтін шығар. Жақын маңдағы адамдар емес пе?
– Мүмкін. Бейіт тонау қалыпты іске айналды. Таңғалып қарамайтын болдық. Мысалы, тура орталық мазардың жанында темір қабылдайтын орын бар. Анау алқаштарың сол маңды торуылдап жүреді. Бір жартыға мазар тонауға арланбайды. Дені дұрыс адам ұрламайды ғой. Екі күзетшіміз бар. Аумақ үлкен, үлгермейді. Күзетшілер кіріп шыққан көліктерді қарайды. Басқа қолдан келетін шара болмай тұр.

Қоршауы жоқ Кеңсай жаяу жүргіншілердің жолына айналған
Аз-кем әңгімеден соң күткен күзетшілеріміз келді. 2023 жылы «Star Wolf Security» күзет қызметі Кеңсай зиратын қарауылдауды өз міндетіне алыпты. Олардың да өз айтары бар екен. Аталған компанияның қызметкері, Кеңсай қорымының бақылаушы күзетшісі Алмаз Айдарбекұлы бізге қорымды аралатып, кемшіліктерін тізіп көрсетті.
– Журналиспіз дейсіңдер ме? Жүріңдер мен сендерге ұрлықтың не үшін көбейіп кеткенін көрсетейін, – деп алға түсіп жол бастады.
Төменге қарай түсіп келеміз. Мүлгіген тыныштық. Сөйлейтін Алмаз. Мен тыңдап келе жатырмын. Күзетшінің айтуынша, бұл мәселе Кеңсайда бұрыннан бар. Қаншама жылдан бері қорым тонайтындар білгенін істеп келеді. Бірнеше рет ұсталған. Мысалы, биыл екі адам қылмыс үстінде қолға түскен.
– Көріп тұрғандарыңыздай мазардың қоршаулары шойын. Шойынды сындыру да оңай. Ауыр металл болғандықтан көп тоналады. Сосын ұрланатын металдың бірі – қола. Шойын мен қола ескі мазарларда көп. Сондықтан жиі тоналатын да солар.
– Ұрылар арнайы дайындалып келетін шығар.
– Дайындықтың керегі жоқ. Аяғымен бір тепсе шойын қорғандар морт сынады.

Айналама зер сала қарадым, шынында да бейттердің шойын қорғандары тоналыпты. Кейбірінің жартысы жоқ. Кейбірі ескіріп, өзі-ақ сынып қалған. Қорымды бас-аяғы төрт-ақ адам күзетеді. Аумағы 200 гектарға жуық алып зиратты төрт адам күзетеді деген ақылға сыйымсыздай көрінді. Зираттың төмен жағына түстік. Үйлер мен молалар жалғасып кетіпті. Әл-Фараби көшесінен келген адамдар үйіне бару үшін бейіт ішін көше сияқты жол етіп алған.
– Тыйым салуға болмай ма? Моланы айналып өтсе қайтеді?
– Жүрме деп те айта алмайсың. Себебі, зиратта қоршау жоқ. Бейітке кіріп шығатын жолдар көп. Бұл мәселені әкімдік алдында көтердік. Қоршаймыз деген. Күтіп отырмыз. Қоршау болмағаннан соң қиын. Содан соң бірде бір жарық қойылмаған. Түнде айналып қарап жүргенде теріс пиғылмен келген бұзақы, қорым арасына жасырынып қалса да көре алмайсың. Ішінде не боп жатқанын білмейсің.
Әкімдікке күзетшілер бұл мәселені де айтқан. Алдағы уақытта Кеңсай 1-ге 12 камера, Кеңсай 2-ге 12 камера орнатылатын болыпты.
Камера мен жарық болса, жұмысымыз жеңілдейтін еді дейді күзетшілер. Оның үстіне жарық бар жерде ұрлық та азаяды.

Кеңсай зиратын айнала қарап шықтық. Төменгі жағындағы қорымдар ескіріп, бүлініп жатыр. Арасына кіре алмайсың, шөп басып, ағаш өсіп тоғайға айналыпты. Төменде жыбырлаған үйлер. Ары қарай көше созылып жатыр. Зират пен үйлер арасы 20 метр шығар деп топшыладым.

«Ішінде бейіт жөндеп, жаңартып жатады. Біз барып шынымен сіздердің қорым ба деп сұрай алмаймыз. Бірақ жүк көліктерін тоқтатып, ішін қараймыз. Бейіт айналасында нашақорлар тұрады. Ұстадық та, бірақ келе береді. Саңырауқұлақ теріп жүрміз дегенді айтады. Құдайдан қорқатын адам мұндай іске бармайды. Қазір ұрлық көбейіп кеткен соң адамдар бейітті тастан тұрғызуға тырысады», – дейді Алмаз.

Жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың бүлінген қорымы
Жақында жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың да мазарын әлдекімдер тонамақшы болып, бүлдірген. Оны бізге жазушының қызы Наргүл Кәкімжанқызы айтты. Бардық, көзімізбен көрдік. Мәрмәр тастан қойылған, еңселі мүсін екен. Мүсін бетінде қоладан аты-жөні жазылған тақта орнатылыпты. Оның екі шеті майысқан, ұрлауға келгендер қайырып, сындыруға әрекет жасағаны көрініп тұр. Бейіт басындағы тасқа жазушының сөздері жазылған екен. Оны да бүлдірген. Бір сөзін жұлып әкетіпті.

«Кеңес уақытында асыл әкемізге арнап бейіт тұрғыздық. Ол кезде де арзан емес еді. Материал табылмайтын. Соңғы ақшамызды жұмсадық. Отанымызға еңбек сіңірген адамнан ештеңені аямадық. Мына жағдайды көріп жүрегім қарс айырылды. 90-нан асқан анамыз бар. Айтуға қорқып отырмыз. Кімге барып шағым айтуды да білмеймін. Қазір бірін-бірі тыңдамайтын заманға тап келдік. Күзетшілер қайда қарап отыр? Тендерден ұтып алған компания міндетін атқаруы керек емес пе? Кейінгі рет барғанда кіріп-шығып жүрген адамдарды, жастарды көп көрдім. «Проходной дворға» айналыпты. Кеңсайда қазақтың маңдайына біткен бүкіл зиялысы жатыр емес пе? Әрқайсысын бұлай тонай беретін болсақ неміз қалады? Жасым 66-ға келді, мамам 91-де, енді қалай оны қайта жөндеуден өткіземіз? Біздің әулет үшін мына жағдай – қасірет. «Жас Алаштан» хабарласып отыр екенсің, айналайын, жаз. Әкеміз де алғашқы еңбек жолын осы газеттен бастаған еді. Ұзақ жылдар еңбек етті» дейді жазушының қызы.

Байбек те уәде берген
Кеңсай зираты Алматы әкімдігіне қарасты болғасын, ресми орыннан аталған іске байланысты жауап беруін сұрадық. «Сұрақтарыңызды түсіндік, 2-3 күнде жауап береміз», – деген әкімдіктен көп күттірмей жауап келді.
«Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының дерегінше, Алматы қаласының «Мамандандырылған салттық қызмет көрсету комбинаты» ЖШС «жерлеу және зираттарды қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына» сәйкес, қала зираттарын күтіп-ұстау бойынша ғана қызмет көрсетеді» дейді әкімдік.

Орысшадан аударылған болу керек шұбатылған текстен ұққанымыз қорымды жеке адамның мүлкі деп санайтын әкімдік, ұрлау-тонауға жауапты емес екен. Дегенмен, қылмыстың алдын алу мақсатында әкім аппараты 2024 жылы зираттарды күзету үшін қосымша күзет бекеттерін қосу және түнгі уақытта зираттар ішінде патрульдеу үшін қаржыландыруды көбейтуді жоспарлап отыр екен. Бірақ біз кеңсай зиратын аралай жүріп мұндай уәделердің талай айтылғанын естідік. Әдеттегідей ешқайсысы орындалмаған. 2016 жылы Мәмбетов ұрпақтары ата-анасының мүсіні ұрланғанда қылмыскерлерді тауып беруді талап етіп, әкімдікке жүгінген. Сол кезде де «камера орнатылады, жарық қойылады, күзетті күшейтеміз» деген бүгінгідей жаттанды жауап айтылған. Ол кездегі қала әкімі қазір шетелде бой тасалап жүрген Бауыржан Байбек болатын.
Бұл жолғы «хулигандарды» кім іздейді? Ерболат Досаев әкімдігі бұл іске бастамашы бола қояр ниет танытпайтын сияқты. Байбек берген уәде әлі орындалмапты. (Бәлкім, Досаев бір жөнін келтірер.) Айтпақшы, осыған дейін Досаев театрға барыпты дегенді естімеппіз. Театрға бармаса да Кеңсай жаққа бір көз салып қояр уақыты болған сияқты.
Тұрсынбек Башар