Кеншілер келісімге келді, қудалаудан аман болса...

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында кеншілер ереуілге шығып, төрт күн дегенде тарады.
Олар наразылығын білдіру үшін шахтадан шықпай қойған. Ұлытаулық кеншілер қолдаусыз да қалған жоқ – Қарағанды, Жамбыл облысындағы бірнеше кеніштегі әріптестері оларды қолдап, жұмысты тоқтатты. Және олардың талаптары да жезқазғандықтармен ұқсас.
Желтоқсан мен қаңтар – қазақ билігі үшін сын сағаты деуге келетін кезең. 16 желтоқсан жақындаған сайын қалаларда тәртіп күшейеді, белсенділердің әр басқан қадамы аңдуға алынады. Биыл да Тәуелсіздік күні қарсаңында әр қалада белсенділердің түрлі сылтаулармен ұсталғанын, қамалғанын білеміз. Мұның бәрі елде қандай да бір наразылық акцияларының алдын алу үшін жасалатыны айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, Тәуелсіздік күнін «тойлап», аман-есен өткеріп алдық па деп отырғанда, кенеттен «Қазақмыс» жұмысшыларының шахтадан шықпай қоюы – билік үшін «сюрприз» болды. Әрине, барынша жылдам жауып тастауға тырысты. Мұндайда істің бәрі астыртын жүреді, содан да ма екен, сенбі күні «Жас Алаш» тілшілері хабарласқан, сөйлесуге тырысқан жергілікті белсенділер де, бірді-екілі шахтерлер мен олардың туыстары да қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Тексерудің қатты жүріп жатқанын айтқан оларды редакция тілшілерінің «сенімді журналист» екеніне сендіру қиын болды.
Шахтерлердің о бастағы талаптары – еңбек шартына қатысты өзгерістер: жалақыны көтеру, 13-ші айлықты толықтай төлеу және басқарма басшысы Н.Нұриевтің шахтаға келуі болатын. Сосын көп өтпей бұған бастамашы топ өкілдерін қудаламау туралы айтыла бастады. Негізгі проблема да осыдан басталған.
«Жас Алаш» тілшісі сөйлескен (аты-жөнін атамауды сұрады) кеншілердің туыстарының бірі:
«23 желтоқсан күні жиналыс болып, оны Нұриев өткізеді деп айтылды. Ол жерге әдеттегідей сөйлемейтін, «аузы жабылған» жұмысшыларды шақырады екен. Сосын жиналысқа дейін жалақыны көтеру керек деген мәселе көтеріледі. Сол кезде шахтерлер арасынан сайланған бес белсендіге оның мүмкін емесі айтылады. Оған бес белсендінің үшеуі келісіп, екеуі келіспей қояды. Сосын бұл екі жұмысшыға физикалық және психологиялық қысым көрсету басталып кетеді. Соған жұмысшылар ызаланып, наразылық танытады. БАҚ дұрыс жазып жатқан жоқ. Екі жұмысшымызға қысым бұдан да күшейіп, оларды жұмыстан қуа ма деген қаупіміз бар. Оларға «үш күн бейбіт ереуіл болып саналады, төртінші күннен бастап бәріңді күшпен таратамыз» деп айтқан. Шахтерлердің әйелдері қорқып, №65 шахтаға барған екен, оларға «сендердің күйеулерің жұмыссыз қалады» деп айтыпты. Шахтаның асты 400 метр. Жұмысшылардың жағдайы нашар, жөтеліп жатыр. Нұриев бір рет барып, кейін қайтып келмеген. Олардың талабын тыңдамаған. Шахтерлерді жаппай жұмыстан шығарып, орнына жаңа жұмысшы алады деген ақпарат тарап жатыр. Қысқаша айтқанда, жан-жақтан қыспаққа алды.
«Ақша-ақша» деп айтып жатыр ғой. Бұл жерде ақша емес, бәрі де жаңа айтқан екі жұмысшы үшін. Оларға ашық түрде қысым жасап отыр. Содан кейін шахтерлер алдымен «30 пайыз» деді де, кейін мына жағдайдан соң қасарысып, 100 пайызға көтерді», – деді.
Мұнда мәселенің бәрі Нұриевтің жиналысынан басталғанын байқауға болады. Жалақы жыры бұрыннан бар, енді жыл соңында басқарма төрағасы өткізбек жиналысқа қатысты алалау жүрген. Соған қарсы болған кеншілер наразылықтарын жұмысты тоқтату арқылы жеткізгісі келген. О баста Нұриевтің өзі жүре сөйлесіп, онша мән бермеген, кеншілердің наразылығын өзге қалалар мен кеніштердегі жұмыскерлер қолдап кеткен соң ғана істің насырға шауып бара жатқанын бағамдаған корпорация басшылығы мен облыс, қала әкімдері қимылдай бастаған. Оның ақыры Жезқазған кеншілерінің президентке үндеу жолдауымен аяқталды.
Үндеуде не айтылды?
20 желтоқсан күні Жезқазғандағы №65 шахта жұмысшылары шахтада тұрып президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Үндеуде айтылған мәселелер «Жас Алаш» сөйлескен жезқазғандық азаматтың сөзінен алыс емес.
«Үш күн бойы талаптарымызды айтып жатырмыз, бірақ «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы бізді адам құрлы көрмейді. Талаптарымызды елеусіз қалдырып, кеншілер мен қара жұмысшылармен санаспайды. Жерастында отырғанымызға бүгін үшінші күн. Бұл қалай басталды? Бұған дейін жұмыскерлердің арасынан бастамашы топ ашылған. Содан бері мұң-мұқтажымызды басшылыққа жеткізу үшін ортамыздан жігіттерді сайлағанбыз. Сол жігіттер басшыларға бәрін рет-ретімен жеткізіп отырған. Сол сайланған жігіттерді ҰҚК тарапынан қыспаққа алып, қорқытып, «корпорациядан ақша сұрай бересіңдер, соттатамыз» дегенге дейін барған.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұл жерасты кеншілерінің көтерілісі, митингісі емес, бұл жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы бір мәмілеге келе алмай жатқан жағдай», – дейді.
Үндеу жарияланардан бұрын «Қазақмыс» күн сайын шахтадағы жағдай туралы ресми сайтында жариялап отырды. Сол материалдардың бірінде жалақы көтеруге қатысты уәжін де ұсынған. Олардың айтуынша, жалақыны бірден екі есеге көтеру жұмысшылардың жұмысқа деген ынтасын азайтып, бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Және олардың ең төменгі жалақысының өзі орташа жалақыдан әлдеқайда көп. 2025 жылдан бастап «орташа жалақы 822 000 теңгеге дейін (2024 жылы — 730 431 теңге), ал жерасты жұмысшылары үшін — 1 303 000 теңгеге дейін (2024 жылы — 1 202 000 теңге) өседі» деген.
Осыдан кейін кеншілердің жалақысы онсыз да көп деген сөз айтыла бастаған. Кеншілер үндеулерінде бұл туралы: «Интернет желісінде жалған әңгімелер жүріп жатыр екен. Шахтерлердің ең төменгі айлығы 800 мың дейді. Оның бәрі жалған. Шахтерлердің ең төменгі жалақысы 500 мыңнан басталады», деп, президентті жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Және үш күн бойы өздерінің қандай талап қойғанын тізбелейді:
«Бірінші күні «Қазақмыс» корпорациясының басшысы Копытов мырза мен Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, прокуроры түсіп, бізбен кездесіп, әңгіме жүргізген. Сол кезде айтылған үш талап болды:
Бірінші – бастамашыл топ мүшелерін ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының тарапынан түсіп жатқан қысымды тоқтату. Екінші талап – 13-ші жалақы төлеу, себебі қазіргі уақытқа дейін басшылық 13-ші жалақы ретінде тек негізгі айлықты төлеп, алдап келді. Ал біз толыққанды 13-ші жалақыны талап етеміз. Үшінші талап – жалақыны бірге бір көтеру болатын».
Видеоүндеуде бұдан ары наразылықтың екінші күні кенішке облыс әкімі, қала әкім, корпорация басшылығы және облыстық ақсақалдар алқасы өкілдері түскенін, бірақ соншама уақытқа созылған келіссөзден ештеңе шықпағаны айтылады. Және осы екі күннің ішінде облыс әкімі бастап бірге бір жалақы қосуға қатысты «көп сұрап отырсыңдар» дегенін, кеншілер ақылдаса келіп, окладқа 300 мың теңге, маусым сайын сыйақы (50 АЕК көлемінде), 13-ші айлықты толық төлеу және ҰҚК, ішкі істер органдары тарапынан қудалау болмаса деген талапқа тоқтағандарын айтады.
«Қазақмыс» әзірге 13-ші жалақыға қосымша 30% сыйақы төлеу; Тоқсан сайын берілетін сыйақы енгізу; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақыны 8,5%-ға индексациялау туралы шарттармен «екі жаққа да тиімді келісімге қол жеткізгенін» мәлімдеді. Және басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев наразылыққа қатысқан жұмысшыларға ешқандай шағым болмайтынын айтты. Қудалау болмайды дегені болса керек. Кеншілер қойған талаптың бірі – қудалау болмасын деген сөз. Кеншілермен ортақ келісімге келген «Қазақмыс» та, Сәтбаевта тәртіпті барынша күшейтіп, сырттай бақылап отырған Ақорда да, кеншілер айтқан ҰҚК мен ІІМ де кеншілердің соңғы, негізгі талабын ұмытып кете қоймас деп сенеміз.
Ал президентке жолданған үндеудің ары қарайғы тағдыры белгісіз. Президент те, президент әкімшілігі де бұл жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Айтпақшы, «Қазақмыс» корпорациясының иесі Қазақстандағы ең бай миллиардерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай екенін айта кетейік. «Жас Алаш» бұл екі олигарх туралы бұрынырақта бірнеше зерттеу материал жариялаған.
Олжас Сламжан