Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:23, 05 Наурыз 2024

Кентау Дархан Сатыбалды барғанда ғана жылиды

Дархан Сатыбалды
Фото: Жас алаш коллаж

Өткен желтоқсанның ортасында қатты дауыл тұрып, 75 мың тұрғыны бар Кентау қаласы жылусыз қалды. Қаладағы №5 жылу-электр орталығында электр қуаты 6 мәрте апатты жағдайда өшіріліп, қолданыстағы 4 қазандықтың жұмысы тоқтаған.

 Осының әсерінен жылу желісінің температурасы 60 градустан 27 градусқа төмендеп, халық қақаған қыста суық үйде отыруға мәжбүр болды. Жергілікті әкімдік 22 желтоқсанда: «Жылу жүйесі ретке келтірілді, бәрі жақсы» деп сүйіншілеген. Ал кентаулықтар мұнымен келіспейді.

«Жас Алаш» Кентау қаласында тұратын бірнеше тұрғынмен хабарласып көрді. Қала халқы өткен жылыту маусымында да жылуға жарымаған. Аталған №5 ЖЭО-ға қарайтын 14 мың абонент жылусыз қалған. Кейіннен «Кентау сервис» ЖЭО директорының міндетін атқарушы Бақытжан Орынбасаров жылыту маусымында 151 күн болса, қазандықтар 71 рет істен шыққанын айтты. Сөзінше, бір қазандық өндіретін жылу 21 гигакалория болса, олар 15-16 гигакалория ғана өндіріпті. Өйткені бітпейтін техникалық ақаулар толық жүктемеде жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген. Бұл 2022-2023 жылғы жылыту маусымындағы жағдай. Ал биыл әупірімдеп, әрең тұрған ЖЭО-ның жағдайын желдің күшеюі одан сайын күрделендіре түсті. Арыз-шағымдарын айтқанмен өткізе алмаған, шаршаған қала тұрғындары жергілікті әкімдікке барып шу шығарған. Қала әкімі Жандос Тасов бұл жағдайды табиғи апатқа балап, жылу жүйесі қалпына келтіріліп жатқанын айтты. Сөйтіп, әкімдік желтоқсанның соңында №5 ЖЭО қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, жылу температурасы +57, кері қайтару температурасы +41 градус екенін мәлімдеді. Мектептер мен балабақшалардағы резервтік қазандықтар іске қосылғанын хабарлады. Содан бері екі ай өтті. Бірақ кентаулықтар: «Әлі суық үйде, электрлі жылу пештерімен жан бағып отырмыз» дейді.

Кентаудың тұрғыны, көпбалалы ана Айгүл Олжабайқызы:

«Әкімдік жылу стандарттарға сай беріліп жатыр дейді. Ал қазір үйіміздегі жылу нашар емес, мүлде жоқ. Электрлі пешпен, жылытқыштармен амалдап отырмыз. Осы қыс бойы қиналдық. Әкімдікке барудан аяғымыз, айтудан аузымыз талды. Бірде көмірден, бірде басқадан көреді, ақыры соңында «өздерің стояк ауыстырмағансыңдар» дегенге көшті.

Менің 5 балам бар, кішкентайларым да, 13, 11 жастағы үлкендерім де қайта-қайта ауырып шықты. Осы қыста емханада өмірімде көрмеген кезекті көрдім. Әсіресе балалар мен қарттар ауырды. Енді мен бала-шағаның дәрісін аламын ба? Әлде үй суық болса да жылуға төлеймін бе? Болмаса электрлі пеш көтеріп жіберген жарықтың құнына бас ауыртамын ба? Жарық қымбатқа шығып кетіп жатыр. Ол да болса мейлі ғой. Жел тұрса бітті сөніп қалады. Мұндай кезде үйдің даладан тіпті айырмасы болмай қалады. Бұрындары қысымыз тәуір еді, қатты ысымаса да жылу бар деуге келетін. Ал биыл мүлде жылу болмады деп айта аламын. Әкімдікке осының бәрін жеткізіп, тым құрыса жылу мен жарықтың тарифін уақытша болса да төмендетулерін сұрадық. Халық болып айтқан басқа сөздеріміз секілді бұл айтқанымыз да ескерілмеді», – дейді.

Көпбалалы ана әбден ашыныпты, мұң-мұқтажын жеткізуді қайта-қайта аманаттады. Сөзінен әкімдіктен де, басқасынан да күдер үзгені көрініп тұр. Тағы бір тұрғын Дәулет Сәрсенбі де жылудың оңалмағанын, әкімдік бәрі жақсы дегенімен халық аязда отырғанын айтты.

«Өлместің күнін кешіп отырмыз. Батареялар жарылып кетпесін деп қана білінер-білінбес жылу беріп қойған. Тіпті жылу жай деуге де келмейді, мүлде жоқтың қасы. Желтоқсанда жел енді басталғанда күліп едім, осы отырысымызбен көктемге де жетеміз, жылу енді оңбайды деп. Міне, наурыз келді. Бірнәрсе дей қалсаң әкімнен бастап, орынбасарлары, ЖЭО, бәрі жұмыс істеп жатырмыз деп судырата сөйлеп кетеді. Ал нәтижесін Кентаудың бір тұрғыны болсын көріп пе? «Үйім көгерді, үсік шалды» деп қақылдап, жүгіргенде келіп жылуды тексергендей болған. Ол да сол күйі қалды. Бәлкім, қағаз, қаламдарын сермеп, тырысып та жатқан шығар, айтулары солай. Бірақ біз биыл қыста жылы үйде отырған жоқпыз. Ал енді ең қызығы немесе ең сорақысы, облыстан тексеріс келсе батареялар жыли қалады, бәрі дұрыс бола қалады. Дөкейлер кетті дегенде-ақ бәз баяғы қанжылым қалпына оралады. Оған да бүкіл кентаулықтар куә. Осыны айтсаң жылуды толық беріп отырмыз дейді. Бүрсеңдеген күйі көктемге жеттік, енді келер қыс қалай болмақ...» – дейді тұрғын.

Кентаулық тұрғынның аманатын жеткізбек ниетпен Түркістан облыстық әкімдігіне хабарластық. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова тұрғындардың пікірін жоққа шығарды.

«Тұрғындар қай кезде облыстан тексеріс келіп, кетіп жатқанынан хабардар деп айта алмаймыз. Дауыл болған кезде облыс әкімі күнде сонда болды. Қазір де бір апта сайын барып жүр деуге болады. Бірінші орынбасар бір айдан бері күнде Кентауда. Сондықтан тұрғындардың бұл айтқаны орынсыз деп ойлаймын. Қазір жылу нормаға сәйкес беріліп жатыр. Келіп, көріп, аралауға болады».

Тұрғындар үйіміз суық дейді, әкімдік өкілі де нормаға сәйкес дегеннен танбайды. Бәлкім, біз айтқан тұрғындардың үйі неге жылымай жатқанын бір білсе бір айдан бері Кентауда жүрген бірінші орынбасар білер. Бәлкім, «Жас Алаш» арқылы сәлем айтқан тұрғындардың өздерімен кездесіп, үйлеріне барып, көз жеткізіп қайтар деп сенеміз.

Иә, желтоқсандағы дауыл кезінде жағдайды «жіті бақылауында ұстаған» облыс әкімі Дархан Сатыбалды қаңтардың 17-сі күні Кентауға барып, ЖЭО-ны аралаған. Сөйтіп, жұмыстың қалыпты жүріп жатқанына «көз жеткізіп», жылу температурасы +64 градус, кері қайтуы +44 екеніне риза болған. Ол тіпті көпқабатты үйлерді аралапты. Бірақ облыс әкімі осының бәріне сенді ме екен? Әлде сенгендей болып кете берді ме? Сатыбалды сонау 1934 жылы салынып, қазіргі күні 85 пайызға тозып кеткен ЖЭО стандарттағы 60-тан озып, 64 градуспен жылытып тұрса, халық неге арызданады деп ойламаған да секілді. Содан болар, жауаптыларға орталық жұмысын бақылау жағын күшейтуді ескертіп, тапсырмалар берумен шектеліпті.

Кентаудың мәселесіне қатысты тапсырма берген жалғыз Сатыбалды емес. Өткен жылдың басында экс-ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жылу орталығына арнайы барған. Ал сәуірде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2012 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген жылу орталығына 5 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген. Тамызда мұнда мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев болып, жылыту маусымына дейін аяқталуы тиіс жөндеу жұмыстарының барысымен танысыпты. Тіпті сайлау науқанында Ерлан Қошанов жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін шешуге уәде бергенін еске салып, «сайлауалды бағдарламамызға енгізілген, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген. Министр, депутатты қойып, қазанда премьер-министрдің өзі іс-сапармен Кентаудың ЖЭО-сына барды. Экс-премьер Әлихан Смайылов: «Бүгінгі күні төрт қазандық толығымен дайын. Қалада жылу беру маусымы жоспарланғандай 1 қарашада басталуы керек. Сонымен қатар тағы екі қазандық күрделі жөндеуден өтеді, бұл да ЖЭО тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді» деген. Артынан Сатыбалдыға жылу беру маусымын ойдағыдай аяқтауды, ол үшін барлық құрал-жабдықты іске қосуды, осының бәрін жылдам әрі сапалы жүргізуді тапсырған. Алайда облыс әкімі осы тапсырманы орындай алмады. Жылыту маусымын сәтті аяқтамақ түгілі, жылыту маусымының өзі болды ма, болмады ма, тұрғындардың сөзіне қарап, күмән пайда болады...

Шенділер осылайша аралаумен, тапсырма берумен, қолға алумен айналысып жүргенде биылғы қыс та бітті. Ал халық жылу көрген жоқпыз деп отыр. Бұл туралы Кентау қалалық әкімдігіне сауал жолдадық. Айтуларынша, қазір станциядағы 4 қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр, температура – 58 градус (норма 60). Ал егер жылу жақсы беріліп тұрса, халық шағымы неліктен толастамай тұр дегенімізге әкімдік былай жауап берді:

«ЖЭО-ның міндеті – жылуды көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан элеваторға дейін жеткізу. Ал ары қарай ішкі жылу жүйесі мен тік құбырлар (стояк) үй тұрғындарының өз меншігі. Сондықтан олар өз тарапынан шара қолдануы қажет. Кентаудағы үйлердің басым көпшілігі 70-жылдары салынған. Ауыспаған, ескірген тік құбырлар өз кезегінде сапалы жылу алуға кедергі болады».

Ал тұрғындар облыс әкімі келгенде жыли қалатын үйдің мәселесі «стоякта» емес екені айдан анық дейді. Әрі Кентау жылда жылыту маусымына дайын болмады дейді олар. Әкімдік халықтың бұл уәжіне келісіп, 90 жылдан бері тозығы жеткен орталықтың уақытылы жаңартылмауы стандарттарға сай жылу беруге кедергі болып отырғанын жоққа шығармайды.

Одан соң, осы жылы атқарылған шаралар мен келер жылғы жылыту маусымы туралы сұрағымызға:

«ЖЭО-да жалпы 8 қазандық бар. Оның екеуі кеңес кезінде бұзылып қалған. Осы күнге дейін 6 қазандық жұмыс істеп келген. Аталған 6 ескі қазандықты қайта құрудың жобасы әзірленіп, құны 13,7 млрд теңгеге бағаланған. 2024 жылдың қаңтарында облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға №8, №11 қазандықтарын қайта құру жүргізіліп жатыр. Ал қалаға жылу беріп отырған 4 қазандық 2023 жылы демеушілер есебінен ағымдағы жөндеуден өткізілген, жұмыс істеп тұр. 2024-2025 жылғы жылыту маусымында тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету мақсатында 4 қазандықты қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Қосымша 14,5 шақырым магистралды жылу құбырын және 81 шақырым ішкі орам жүйелерін ауыстыру жұмыстары жоспарланып отыр» деген жауап алдық.

Бірақ жылда осы сарындас уәделер берілетінін әрі әбден көнерген орталықтың реконструкциясы сапаға там-тұмдап қана әсер етуі мүмкін екенін ескерсек, биылғы көктеммен жылап көрісердей болып отырған кентаулықтар тағы бір қысты «мұзды өлкеде» өткізуі ғажап емес.

Баян Мұратбекқызы